Ай нұрын ұстап мінсе де, қызыққа тоймас адамзат!

972
0
Бөлісу:

Бұқар жырау Қалқаманұлының туғанына – 350 жыл. Қазақтың ұлы ойшылы, философы, дала кемеңгері Жоңғар басқыншылығы тұсында, елдің болашағы қыл үстінде тұрған алмағайып кезеңде өмір сүрді. Осындай ауыр сәттерде Абылай ханға кеңес беріп, ел-жұртын басқыншы жауға қарсы күресте біріктіруге, бір тудың астына топтастыруға күш салған адам. Оның күрескер жырлары үш ғасыр өтсе де, өзектілігін жойған жоқ.

***
Жал, құйрығы қаба деп,
Жабыдан айғыр салмаңыз.
Қалың малы арзан деп,
Жаман қатын алмаңыз.
Жабыдан айғыр салсаңыз,
Жауға мінер ат тумас.
Жаман қатын алсаңыз,
Топқа кірер ұл тумас.

***
Жиырма деген жасыңыз,
Ағып жатқан бұлақтай.
Отыз деген жасыңыз,
Жарға ойнаған лақтай.
Қырық деген жасыңыз,
Ерттеп қойған құр аттай.
Елу деген жасыңыз,
О да бір көшкен ел екен,
Алпыс деген жасыңыз,
Қайғылы-мұңлы күн екен.
Сексен деген жасыңыз,
Қараңғы тұман түн екен.
Тоқсан деген жасында,
Ажалдан басқа жоқ екен.

***
Ай не болар күннен соң?
Күн не болар айдан соң?
Құлпырып тұрған бәйшешек,
Қурай болар солған соң.
Хандар киген қамқа тон,
Шүберек болар тозған соң.
Еңсесі биік кең сарай,
Мортық болар бөлген соң.
Төрде отырған қарт бабаң,
Төресін жаңылар малдан соң.
Төркіндеген бикешің,
Тіркеусіз о да қайтар малдан соң,
Доңғалақ арба жүре алмас,
Қос арысы сынған соң,
Жігіт жақсы бола алмас,
Алғаны жаман болған соң,
Қос-қос орда, қос ордағ
Қосыла қонбас малдан соң.
Қоспақ өркеш сары атан,
Қом жасамас майдан соң.
***
Ауыл маңын мал жесе,
Ауыл сәнін кетірер.
Елдің ішін дау десе,
Елдің сәнін кетірер,
Көрші аралас өтпесе,
Көңілдің көркін кетірер.
Абысын тату өтпесе,
Ағайын сәнін кетірер.
Ағайын тату өтпесе,
Ұлыстың сәнін кетірер.
Бірін бірі кешпесе,
Ең соңында өштесіп,
Бірін бірі өлтірер.
Қарайып қаны кектесіп,
Бірін бірі өлтірер.

***
Мінген атың арыса,
Көз көрім жер мұң болар.
Қара көзден нұр тайса,
Бір көруің зар болар.
Жаман сайға су түссе,
Өткел бермес өтуге.
Қайырымсызға мал бітсе,
Сусын бермес ешкімге.
Жаман болса алғаның,
Күнің қараң кешерде.
Қымбатты есіл бір басың
Еңкейіп кетер кеселге.

***
Әлемді түгел көрсе де,
Алтын үйге кірсе де,
Аспанда жұлдыз аралап,
Ай нұрын ұстап мінсе де,
Қызыққа тоймас адамзат!

***
Айналасын жер тұтқан,
Айды батпас демеңіз.
Айнала ішсе таусылмас,
Көл суалмас демеңіз.
Құландар ойнар қу тақыр,
Қурай бітпес демеңіз.
Қурай бітпес құба жон,
Құлан жортпас демеңіз.

Бөлісу:

Пікір жазу


*