«Туған жер» шығармашылықты шыңдайды

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Туған жер» жазғы лагері жұмысын бастады. Іс-шара Алматы қаласының белсенді, дарынды жастарының демалыс уақытын тиімді, көңілді өткізу үшін ұйымдастырылуда. «Туған жер» жобасын Алматы қаласы жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында Social Development Center қоғамдық қоры ұйымдастырған. Жастармен жұмыс жасауда Алматы қаласының әкімдігі ұйытқы болып отыр.
13-18 тамыз аралығында «Лесная сказка» таулы курорттық қонақүйі Алматы жастарының 150 өкілін қабылдайды. Жоба аясында қатысушылар үшін бес тәулік бойы белсенді демалыс, пайдалы оқу бағдарламалары және көркем табиғат баурайында түрлі спорттық, мәдени іс-шаралар ұйымдастырылады. Дәстүрлі «Туған жер» жазғы жастар лагері – Алматы жастарының шығармашылық әлеуетін дамытуға мүмкіндік беретін бірден-бір жоба. Басты мақсаты – жастардың жеке тұлғалық қасиеттерін шыңдау, мәдени, физикалық және кәсіби дамуы үшін барлық жағдай жасау. Сол себепті, «Туған жерге» қатысушыларға шеберлік сабақтар, танымдық тренингтер, сонымен қатар футбол және волейболдан турнирлер, Көңілді тапқырлар клубының ойындары, интеллектуалды брэйн-рингтер және тағы басқа да спорттық, шығармашылық жарыстар ұйымдастырылуда. Аталған іс-шара – жастар үшін қызықты тәжірибе алмасудың бірегей мүмкіндігі. Жаңа достар тауып, елге танымал тұлғалармен жүздеседі.
Social Development Center қоғамдық қорының қызметкері Біржан Қазтұрғановтың айтуынша, жазғы лагерьге қатысушылар арнайы іріктеуден өтеді. «Дәстүрлі түрде өткізілетін «Туған жер» жазғы лагерінің жастарға берері көп. Алматы халқының тең жартысы – жастар. Біздің мақсатымыз – жазғы ұзақ демалыс кезінде жастардың уақытын тиімді өткізу, үнемі жастар мәселесін естен шығармау. Жазғы лагерьге қатысатын 150 үміткердің 80-ін оқу орындары ұсынады. Жастарға арналған іс-шараларды дәстүрлі түрде өткізудің маңызы зор. Себебі, үгіт-насихатпен жалықтырмай, практикалық іс-шаралармен демалыс уақытын тиімді өткізу жастардың есінде қалады. Өзара жаңалықтарымен бөліседі, ақпарат алмасады. Танымдық семинарлар жаңаша бағыт-бағдар береді деп санаймын» деді ол.
Сондай-ақ жазғы лагерьдің оқу және мәдени бағдарламасы аясында танымал саяси қайраткер Айдос Сарым, ChocoFamily холдингінің негізін қалаушы Рамиль Мухоряпов, әнші Ғалымжан Молданазар, артист, вайнерлер Серік Шәріп, Нұрлан Батыров, тележүргізуші Әділ Лияндар қатысуда.
Майра ЖАНЫСБАЙ