РОЗА РЫМБАЕВА: ДӘСТҮР ЖОҒАЛСА, ҰЛТТЫҚ БОЯУЫМЫЗ ЖОҒАЛАДЫ

1439
0
Бөлісу:

«Қазақ халқының алтын дауысты әншісі». Бұл – беларусь халқының қазақтың әнші қызына берген бағасы. «Славян базары» байқауында Роза Рымбаева ең үлкен марапатқа ие болды. Әлемдік деңгейге жеткен әншілердің әрдайым жұлдызы жарық болады. Бүгінде Белоруссиядағы «Жұлдыздар аллеясында» қазақтың талантты қызының да жұлдызы бар. Роза Қуанышқызына қойған әуелгі сауалымыз да осы болды.

– Сізді биылғы «Витебскідегі Славян ба­зары» байқауында Белоруссия президенті Александр Лукашенко арнайы марапаттады. Қазір Беларусь жерінде Розаның жұлдызы жар­қырап тұр. Бір елдің мемлекет басшысының қо­лынан жүлде алу күтпеген сый болған шы­ғар. «Қазақ халқының алтын дауысты» ән­ші­сіне бұл сыйлық қалай әсер етті?
– «Славян базары» – Белоруссия жерінде өте­тін үлкен байқау. Бұл байқаудың сапасын, деңгейін президенттің өзі қадағалап оты­рады. Түрлі шоу бар. «Еуровидениені» өз­де­ріңіз де көріп жүрген шығарсыздар. Сақалы бар еркектер әйел киімін киіп, шоу көрсетіп, жеңімпаз атанып жатыр. Оған кәсіби ше­бер­лігі төмен, шығармашылыққа қатысы жоқ адам­дар да қатысып жүр. Ол – шоу. Оған қара­ғанда, «Славян базарының» деңгейі мүл­дем бөлек. Онда әр өнерпаздың шы­ғар­машылық деңгейі сарапқа салынады. Әрі Бе­лоруссия Еуропа қақпасында тұр: бір жағы По­льша, бір жағы Литва, бір жағы Германия. Сол себепті, мемлекет басшысы «Славян ба­зарының» биік деңгейде өтуіне айрықша мән береді. Бұл «базардың» артықшылығы көп: біріншіден, мемлекетті насихаттау, екін­шіден, елге инвестиция тарту. Инвес­тор­лардың кәсіби байқау арқылы ынта-ықыласы оянады. Витебскіге келушілер саны артады. Ал президент қолынан арнайы сыйлық алу үлкен мәртебе болғаны рас. Жыл сайын бұл жүл­де танымал бір әншіге табыс етіледі. Яғ­ни, әлемге белгілі әншінің жұлдызын ашады. Сон­дықтан, бұл өнер адамына жасалған ерек­ше құрмет. Жұлдыздар аллеясына көз сал­саңыз, Алла Пугачева, София Ротару, Та­мара Гвердцителидің жұлдызын бай­қайсыз. Мұның бәрі тек Белоруссияға та­нылған әншілер емес. Әлем мойындаған жұл­дыздар. Биыл солардың қатарында ме­нің де жұлдызым жарқырағанына қуан­дым. Мәскеудегі «Жұлдыздар аллеясында» да жұлдызым ашылғанда, мен үшін күт­пеген тосынсый болған еді. Беларустар да қа­зақтың әнші қызын ерекше бағалап, жұл­дыз ашып жатса, неге қуанбасқа?!
– «Славян базарына» жыл сайын қа­зы­лық етесіз бе?
– Бұл байқауға үш рет қазылық жаса­дым. Қалған уақытында құрметті қонақ ретінде шақырады. Авторлық кештерге қатысамын, жұлдыздардың концерт­терінде ән саламын. Осы жолы барға­нымда композитор Александр Моро­зовтың кешіне қатыстым. Бұл сапардың тағы бір ерекшелігі – Қазақстанның мәдениет күндері өтті. Мәдениет күндері аясында концертке қатысқан әншілердің дені – «Славян базарында» жүлде алғандар. Олардың арасында біздің жарық жұл­ды­зы­мыз, атышулы Димаш Құдайберген де бар.
– ТМД елдерінің, оның ішінде Еуропаға жақын мемлекеттердің өнерді бағалауы, эстраданы құрметтеуі бөлек секілді. Қалай ойлайсыз?
– Мемлекеттің атынан, оның ішінде өнердің атынан шыққан кез келген әнші шетелге барғанда ұлттық бояуы қанық ұлт­тық мәдениетті көрсетуге тырысады. Ха­лық­аралық конкурста ұлттық өнеріңмен бір­ге әлем әншілерімен деңгейің де бірдей болуы тиіс. Мен үшін бірінші мақсат – осы. Осындай биік дәрежеге жеткен өнерпаз­дар­ды еуропалық деңгейдегі әнші деп қа­былдайды.
– Еуропалық деңгейдегі әншілеріміз көп пе?
– Қазір дүниежүзіне танымал әншіміз – Димаш Құдайберген.
– Оның өзін бізге Қытайдың «Мен ән­шімін» жобасы танытып берген жоқ па?
– Димаш оған дейін де танымал бол­мады деп айтуға келмейді. Ол – Қазақстанда да өзін танытқан әнші. Ал Қытайдың мақ­саты Димашты насихаттау емес. Димаш ар­қылы «Мен әншімін» жобасын насихат­тады. Мүмкін, оның ар жағында коммер­ция­лық мүдде де жатқан шығар. Біздің елде кез келген әншіні табыс көзіне айналдыру мүмкін емес. Мүмкіндік те жоқ. Өйткені біз­дің елдің өз ауқымы бар. Ең ауқымды кон­церт өткізілетін екі қала бар: Астана мен Алматы. Халықтың жағдайы, тұрмыс деңгейі күнделікті концертке баратындай емес. Қытайда мүлдем бөлек. Миллиард­та­ған халқы бар мемлекетте қала саны да үл­кен. Ал Димаш баламыздың ең негізгі қасиеті – дауысы. Мұндай дауыс жүз жылда бір рет қана беріледі. Алла Тағала ол баланы осылай ерекше етіп дарытты.
– Қазіргі қазақ әншілерінің деңгейін той­мен өлшейтін болып алдық. Солай емес пе?
– Бұл – әр әншінің деңгейі, мүмкіндігі. Екін­ші жағынан, той – табыс көзі. Бір нәрсені ескеруіміз керек: тойдың әнімен конкурсқа қатысуға болмайды.
– Бірақ той әншілерінің «жұлдызы» жар­қырап тұрған жоқ па?
– Жұлдызы емес, табысы көбейіп тұр. Қазақта не көп, той көп. Бәрі асыр салып билегісі келеді. Табыстың кілтін білген адамдар сондай «сұранысқа» сай әндерді орындайды да, тойдан тойға қатысып жүре береді. Әрі қалтасы қалыңдайды.
– Сіздің буын өнерге кәсіби біліммен кел­ді. Әрі көркемдік кеңестің де талабы күш­ті болды. Бүгін не өзгерді?
– Бізді дипломсыз жұмысқа алмайтын. Оқу бітіргеннен кейін әрқайсымызды өз білім деңгейімізге қарай бағыттап жіберді. Бірі – опера театрына кетті, екіншісі – облыстық филармонияға кетті. Одан бөлек, халықаралық конкурстарға қатысып, жо­ғары баға алу міндет еді. Одан кейін әншіге тәжірибе де қажет. Ол кезде фонограмма атымен жоқ. Бәрі жанды дауыста оркестр­мен ән айтады. Біздің заманымызда жұл­дыз­дар солай ғана жарқырай алатын. Қазір мүл­дем бөлек. Фонограмманы жаз да, шыр­­қай бер. «Шудың бойында» деп айтады да, айналдырған екі-үш айдың ішінде «жұл­дыз» болып шыға келеді.
– Мұндай фонограммалық әншілерді елеп, екшеу үшін не қажет?
– Оларға сахнаға шығуға рұқсат беретін кім? Ол – мәдениет саласы. Ол – көр­кем­дік кеңес. Қазір кез келген адам Рес­пуб­лика сарайын жалға алады да, ән шыр­қай береді. Фонограммасы бар адамның тез «жұл­дыз» болуға мүмкіндігі бар. Ешкім елеп-екшеп жатқан жоқ.
– «Фонограмманы жою керек» деп жиі мәселе қозғайсыз. Бірақ өзгеріп жатқан ештеңе жоқ. Неге?
– Бұл мәселені көтергеніме қай заман?! Құ­лақ асатын ешкім жоқ. Өйткені фоног­рам­ма – әншілерге, сарайларға тиімді.
– «Республика сарайының акустикасы фо­нограммасыз айтуға сай келмейді» деген пікірлерді де көзіміз шалды. Бұған не дейсіз?
– Бұл – өтірік. Неге мен сол сарайда фо­нограммасыз айтамын. Әлібек Дінішев неге сол сарайда ән айтады? Сарайдың сарай болғанына қанша уақыт болды? Сахнаға шыққаныма – 42 жыл. 42 жыл жан­ды дауыста ән шырқап келемін. Демек, фонограммамен ән айту – тиімді. Телеар­наны ашып қараңызшы, той-думан, тойға шашу, тойға тілек және тағы басқа. Ала таң­нан қара кешке дейін осындай насихат бол­ғаннан кейін халық та осы дұрыс екен деп ойлайды. Біз халықты арзанқой ән­дермен тәрбиелеп жатырмыз. Тойдан та­ғы бас тарта алмайтынымыз анық. Той – ұлт­тың қазынасы. Әрі қазақтың салт-дәстүрі де бөлек. Қыз ұзату, сыңсу, жар-жар. Біз бұдан қаша алмаймыз.
– 26 жасыңызда Халық әртісі атағына ие болдыңыз. Ол жылдары мұндай атақты алу екінің бірінің бағына бұйыра бермейтін. Шын дарындар ғана қол жеткізе алатын шың болатын. Қазір ше? Байқасаңыз, сах­наға жаңа шыққан әнші де атаққа құмар. Әрі соған қол жеткізіп жүр. Айналамызда атақ алмаған әнші қалмады. Біз атақтың құнын төмендетіп алған жоқпыз ба?
– Атақты кім береді? Бұл сұрақ­қа сол адам­дар жауап бергені дұрыс шы­ғар. Дегенмен атақтың құнын тө­мендетіп алғанымыз рас.
– Атақ әншіге не береді?
– Жалпы атақты алу үшін қаншама үлкен шығармашы­лық қажет. Шығармашылық­тың жоғары деңгейіне жеткен кезде, қазақтың мәдениетіне, өнеріне өлшеусіз үлес қосқан кезде саған атақ берілуі тиіс. Сол атаққа сай болу үшін күн­делікті еңбегіңмен сах­на­­да дәлелдеуің керек. Өзім солай өмір сүріп келемін.
– Атақ қуып көрдіңіз бе?
– Ешқашан қыз­мет­тің, атақтың соңынан қу­ған емес­пін. Алғашқы ал­ған атақ-дәре­же­ле­рім­­нің бә­рін халық­аралық кон­курс­тар­дан жеңіп алдым. Жеті конкурс­тың жеңім­­­па­зымын. Осын­дай құр­мет­ті атақ­тарымнан кейін маған Ленин ком­­сомолы сыйлы­ғы­ның лау­реаты берілді. Мемлекеттік сый­лық­ты алдым. Пара­сат орденіне ие бол­дым. Мұның бә­рі өз-өзінен келіп жатты. Ешқашан да атақ аламын деп ой­лаған емеспін. Менің бір бақытым – сахнаға шыққан күннен бас­тап, көрерменнің ықыласына ие бол­ғаным. Елдің сүйіс­пеншілігіне бөлендім. Халық өзінің атағын, бағасын беріп қой­ды. Одан кейін бәрі еңбекпен келді. Еш уа­қытта үйде отырып қалған емеспін. Үне­мі ізде­ністе жүрдім. Жиі гастрольге шы­ғамын.
– Роза Рымбаеваның ең үлкен бақыты неде?
– Алла маған ана болу бақытын бұйыр­ды. Қиындық та, қуанған да кезде­рім көп. Қиындықтан сақтап қалған – екі ұлым. Олар менің қателесуіме жол берме­ді. Күйзеліске ұшыратпады. Екі ұлым үшін күрестім. Солар үшін талпындым, ең­бектендім. Сосын ең қымбат дүнием – рояль. Екеуі де туғаннан музыка мекте­бінде оқыды. Үшеуміз отыра қалғанда айтатын әңгімеміз – бір. Принциптеріміз ұқсайды. Өнерге бірге баға береміз. Бізді тәрбиелеп келе жатқан нәрсе – өзімізге сын көзімен қарай аламыз. Талғамымыз бар. Сондықтан бақытты ана шығармын. Екі ұлым да менің әлемімде өмір сүріп ке­леді десем, қателеспеймін.
– Ұлдарыңыздың өнеріне жиі сынмен қарайсыз ба?
– Олар әлі өсу жолында. Ізденіс үстін­де. Сонымен қатар жас жағынан да өсуі керек. 18-20 жастағы түсінік бір басқа, 30 жастағы түсінік бір басқа. Өнер дегеніміз – өмірді өмірбақи танып-білу. Олардың өмір­дегі қадамы енді басталды. Ал өнерді та­нып-білу үшін ұзақ уақыт керек.
– Қиналған сәттерде кімге арқа сүйедіңіз?
– Туған-туыстарым, бауырларымның өз­дері маған қарап отыратын. Тасқын жа­ғынан да бас көтерері – мен. Сондықтан қиын­дықтардың бәрін еңсеруге тырыстым. Роза Рымбаева деген аттың өзі үлкен күш берді. Бұл атқа кір шалдырмауға тырыстым. Ол үшін тек еңбек ету қажет болды. Әрқашан да өнерді тереңдете беру – басты мақсатыма айналды. Бір жағынан, қиын кезеңдерде күш-қуат берген өнерім шығар. Сенің өне­ріңді күтіп отырған мың сан көрермен бар. Олар «Роза Рымбаева жесір қалыпты» деп аяған­дықтан қарсы алмайды. Олар әуелі се­нің шығармашылығыңа баға береді.
– Ұстазыңыз көп пе?
– Ең бірінші ұстазым – марқұм күйеуім Тас­қын. Сонау Семейден шақырып алып, «Гүл­­дер» ансамбліне жұмысқа алды. Алма­ты­ға келген күннен бастап, сахнаға тәр­бие­леп, халықаралық конкурстарға шығарып, ма­ған дирижер болған да – сол кісі. Одан кейін Рахиля Машурова, Мәрияш Жақ­сым­бетова, Ахметжан Кадиров сияқты үлкен про­фессорлардан дәріс алдым. Бүгін қандай да бір биікке қол жеткізсем, кәсіби білім бер­ген сол ұстаздарымның арқасы.
– Сізді ұстаз тұтатындар көп пе?
– Қазақ эстрадасында жүрген әншілердің көп­шілігі ұстаз тұтатынын білемін. Менің ре­пертуарымды айтып жүрген жастар да же­терлік. «Ұстазым» деп атап айтпаса да, іштей сеземін.
– «Көріскенше қош бол, Медеу!» фи­ль­мінен бөлек, сіздің дауысыңыз сақталған кинолар бар ма?
– Жоқ. Бұл фильмнен бөлек, маған еш­кім ұсыныс жасаған емес. Мәселен, Элдар Ря­занов фильмдерінде өзі мәтін жазатын да, ком­позиторға тапсырыс беріп, өзіне қажет ән­шіге орындататын еді. Біздің киноре­жис­серлер бұлай жұмыс істеген жоқ. Сондықтан әртіс ретінде де, әнші ретінде қатысқан бір ғана фильмім – осы.
– Әлем жұлдыздары туралы түсірілген де­ректі фильмдер де көп. Сіз туралы фильм не­ге жоқ?
– «Көркем фильм түсірейік» деген ұсы­ныс болды. Оған арнайы сценарий де жа­зылды. Бірақ оған қаржы керек. Қазір сол фи­льмге қаржы іздесек деп отырмыз.
– «Өнер дегеніңіз – өмірбақи іздену» дей­сіз. Өнерде жүрген 42 жылда не көрдіңіз, не түйдіңіз?
– Ең үлкен өкінішім – Тасқынның өмір­ден ерте кеткені. Ұлдары көбірек іздейді. Ұлдарының жігіт болғанын көрмегені – жанымды ауыртады. Қанша қиындық көрдім, қажымай-талмай еңбек еттім. Сол қиындықтың бәрінен өту керек болды. Алла да сүйген құлына сынақ береді екен. Бұл да маған берілген сынақ шығар. Ал концерттік сахна – ең киелі дүние. Той-томалаққа құр­меттеп шақырса ғана барамын. Тоймен күн көріп жүрген әнші емеспін. Менің өнерімді жоғары бағалаған той иесі сол өнерім үшін ғана шақырады. Қиындық көрдім деп жа­сы­маймын. Асып-кеттім деп те тасымай­мын. Екі ұл тұрғанда әлі талай еңбек етуім керек. Со­лар үшін тырысамын, талпынамын. Бол­дым-толдым деген әртіс сонымен тоқтады деген сөз.


Әңгіме ішіндегі әңгіме

– Дінге қалай қарайсыз?
– Дінге құрметім бөлек. Адамды билейтін бір Жаратылыстың бар екенін сеземін.
– Досыңыз көп пе, дұшпаныңыз ба?
– Досым көп шығар. Дұшпаным бар болса да, оларды жақсы білмеймін.
– Қиналған сәтіңізде кімге бірінші қоңырау шаласыз?
– Қиналған сәтімде көп нәрсені өзім шешемін.
– Адамдарға көп сенесіз бе?
– Сенетін адамдарым көп.
– Алданған сәтіңіз болды ма?
– Ондай сәттерім де көп.
– Өзіңізді баймын деп есептейсіз бе?
– Орта деңгейдегі адаммын. Құдайға шүкір, үйім бар, фортепианам, көлігім бар.
– Тауға жиі шығасыз ба?
– Таза ауаға, табиғатқа шыққанды ұнатамын. Сосын туған жерге жиі барамын. Алакөлдің суын жақсы көремін. Туған жердің ауасы, жусаны бөлек болады.
– 42 жыл бұрынғы Роза мен қазіргі Розаны салыстыратын сәтіңіз бола ма?
– 42 жыл бұрын баламын ғой. Өнерге аузын ашып келіп, соған мәзболып жүрген сәтім. Қырық екі жыл өмірім өтіп кетті. Бақыт, қайғы, реніш, қуаныш – бәрі-бәрі басымыздан өтті. Қалай салыстырасың?!
– Кедергілерден қалай өтесіз?
– Қатты кедергі болды деп айта алмаймын. Бірақ талай рет концертке шақырып тұрып, алып тастаған сәттер кездесті. «Әлиямды» да басқа әншіге орындатқан кездерді де бастан өткердім.
– Осындай сәттерде сізді не құтқарады?
–Егер әнші өте жоғары деңгейде орындап тұрса, оған қатты қуанамын. Ал егер әнші төмен деңгейде орындаса, онда әннің бағасын түсіреді. Бір нәрсе анық: маған ән айтқызбады деп сынып кете алмаймын. Түрлі кедергілерге де, сатқындыққа да үйрендім. Кейде менен «Сахнада неге көрінбей кеттіңіз?» деп сұрайтындар бар. Ондай сұрақты маған қоюдың қажеті жоқ. Мені тізімнен сызып тастайтындардан сұрау керек шығар. Менің тыңдарманым бір адамның сатқындығына қарап қалған жоқ. Роза Рымбаева деген ат мені сақтап келеді. Сақтай да береді.


– Өнер адамдарының арасында бәсеке­лес­тік, бақталастық бола ма?
– Таза шығармашылық бәсеке болуы тиіс. Аяқтан шалу, бақай есеппен дос болу де­генді түсінбеймін. Ондай өз өмірімде бол­ған емес. Өзім де ешкімнің жолын кескен жоқ­пын.
– Әндерін сүйіп тыңдайтын әншілеріңіз бар ма?
– Бауыржан Исаев, Айгүл Қосанова, Айгүл Елшібаева, Елмұра Жаңабергенова, Рамазан Стамғазиевті жақсы көрем. Әрине, ең жоғарысында Әлібек Дінішев тұрады.
Ол – біздің брендіміз. Барлығы эстрада болып кеткен уақытта дәстүрлі алып келе жатқан әншілерді құрметтеймін. Себебі, ұлттық бояуы қанық ұлттық музыка азайып барады. Дәстүр жоғалса, біздің ұлттық бояуымыз жо­ғалады. Сондықтан ол әнші­лерді жоғары бағалаймын, қадірлеймін.
– Талай шет елдерді көрдіңіз. Қазір шетке қоныс аударушылардың қатары артып келеді. Мұндай ой болмады ма?
– Кезінде Санкт-Петерборға қызмет ету­ге шақырған. Барған жоқпын. Қазақ ән­шісімін. Қазақстанымды жақсы көремін. Не­ге шетелге кетуім керек? Өзімнің елім, же­рім, тілім, ұлтым бар емес пе?
– Әлеуметтік желіні жиі бақылап отырасыз ба?
– Ешқандай әлеуметтік желіге тіркелме­ген­мін. Инстаграмда да отырмаймын. Ди­ректорым шетелдегі концерттерімнен үзінді беріп тұрғаны болмаса, оған әуестенген емес­пін. Уақытым да жоқ.
– Әлеуметтік желіде ұлдарыңыз туралы айтылатын сын көп. Оған қалай қарайсыз?
– Ұлдарым туралы сын көп айтылады. Жақ­сы көріп айтылатын сын болады, жек­көрінішпен, қызғанышпен айтылатын сын болады. Сондықтан оның бәріне көңіл бөле берсең, онда екі ұлым сахнаға шыға алмай қа­лар еді. Арнайы музыкалық білімі жоқ ән­шілер де сахнада жүр. Сол себепті, сын ұл­дарымды ширатады. Өздеріне керегін ала­ды, ойланады. Кем-кетігін түзейді. Бәрі із­деніспен, біліммен, тәжірибемен келеді.
– Жыл сайын көктемде көрерменіңізбен қауышуға тырысасыз. Репертуарды жиі жаңа­лайсыз ба?
– Елу пайызы жаңа болса, елу пайы­зы – бұ­рынғы әндер. Көпшілік «Әлияны» мін­детті түрде сұрайды. «Атамекенсіз» концерт өтпейді. Сондықтан көпшіліктің ықыласына бөленген әндерді жиі орындап тұрамын.
– «Әлияны» орындаған әнші көп. Баға бересіз бе?
– Баға бере алмаймын. Әркім өз шама-шар­қынша орындайды.

Әңгімелескен
Гүлзина БЕКТАС

Бөлісу:

Пікір жазу


*