ДОСТЫҚҚА ТЫҢ СЕРПІН БЕРДІ

539
0
Бөлісу:

Нұрсұлтан Назарбаев Иран президенті Хасан Руханимен кездесті.

Мемлекет басшысы Қазақстанға кел­ген Иран президентіне ілтипат білдіріп, екі ел арасындағы қарым-қатынастардың әр­дайым тұрақты сипатқа және достық пен бауырластыққа негізделгенін атап өтті.
– Сіздің саясатыңыз бен жоғары дең­гей­дегі екіжақты тиімді кездесулеріміздің арқасында елдеріміз арасындағы сауда-сат­тық пен жүк тасымалы көлемі артып ке­леді. Әсіресе, ауыл шаруашылығы өнім­де­рін жеткізу ісі жанданды, – деді Қа­зақ­стан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Иран Каспий теңізі аймағындағы жақын көр­ші екенін, сондай-ақ 2016 жылғы өзара са­парлар екіжақты байланыстарға тың сер­пін бергенін айтты.
– Біздің сенім мен өзара түсіністікке не­гізделген бүгінгі тарихи кездесуіміз Кас­пийге қатысты барлық мәселені шешіп, Кас­пий маңы елдері арасындағы ынтымақ­тас­тықты нығайтады, – деді Қазақстан Пре­зиденті.
Хасан Рухани Нұрсұлтан Назарбаевқа Қа­зақстанға келуге мүмкіндік туғызғаны және Иран делегациясына қонақжайлық көрсеткені үшін ризашылық білдірді.
– Сізбен кездескенімізге қуаныш­ты­мыз. Бүгінгі саммитте оң нәтижелерге қол жет­кізіледі деп үміттенемін. Елдеріміз геог­рафиялық жағынан ғана емес, сондай-ақ басқа да аспектілер бойынша жақын. Сон­дықтан біздің мүдделеріміз де ортақ, – деді Хасан Рухани.
Х.Рухани халықаралық жиындарда Қа­зақстанның үнемі Иранды қолдайтынын және ядролық қару тақырыбы жөніндегі ха­лықаралық уағдаластықты тұрақты түрде сақ­тайтынын атап өтті.

Бөлісу:

Пікір жазу


*