ЕНДІ ЕШКІМНІҢ ТЕҢІЗГЕ ЖОҚ ТАЛАСЫ

1363
0
Бөлісу:

Каспий маңы мемлекеттерінің бесінші сам­митінен кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Кас­пий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы кон­венцияның маңызын түсіндірді. «Кон­вен­цияны бекіте отырып, біз бағыттардың кең шо­ғыры бойынша теңіз маңы елдерінің ынты­мақ­тас­тығы үшін тиімді құқықтық базаны құрамыз. Құ­жатта Каспийде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ай­рықша назар аударылған. Сонымен бірге, та­раптар өз қызметінде негіз болатын ұстанымдарды орын­дайтыны айқындалған» деді Мемлекет басшысы. 
Ең маңызды келісім – Каспийді бейбітшілік пен тату көршіліктің әрі достықтың аймағына ай­­­налдыру, теңізді бейбіт мақсатта пайдалану.
Бұл – ақылға қонатын, әр елдің мүддесіне ортақ, бес елдің халқына пайдалы байлам.
Кейінгі маңызды мәселе – теңізді аквато­рия­ларды аймақтарға бөлу. Осы проблема бойын­ша тараптар бұрын консенсуске қол жеткізе ал­май келе жатыр еді. Территориялық сулар 20-15 теңіз милі енімен бекітілді. Сондай-ақ олардың сырт­қы шекарасы мемлекеттік мәртебесіне ие бол­ды.
І Петрден бастап Каспий көз құртына айнал­ған-ды. Ағылшындар иелік жасаудың әрекетін жасаған. Ресей теңізге ие болу үшін талай рет жанталасқан. КСРО ыдырағаннан кейін де теңіз айналасындағы бес мемлекет ортақ мәмілеге келе алмай, біраз жыл өткен. Қазақстан Президентінің елдердің аумақтық тұтастығына құрметпен қарау, Каспий тараптарына жатпайтын қарулы күштерді болдырмау төңірегіндегі және осы Каспий проб­ле­масын кешенді түрде шешу бағытындағы сын­дар­лы ұсыныстары Ақтау саммитінің конвен­сия­сын бекітуге жеткізді.
Каспий – байлыққа бөккен теңіз. Астында – мұнай, үстінде – балық. Мұнайға да, балыққа да та­лас күшті. Енді территориялық суларға 10 миль­дік балық аулау аймақтары шектеседі. Әр мем­лекет балық аулауға қатысты айрықша құ­қық­қа ие болды. Балық аулау аймақтарынан тыс аумақта ортақ су кеңістігі сақталады. Мемлекеттік теңіз шекараларынан тыс жерде елдердің кемелері үшін еркін жүзу тәртібі іске асырылады.
Елбасы: «Әрбір мемлекет өзінің теңіз түбіндегі сек­торының шекарасында жер қойнауын пайда­лану­да тәуелсіз құқығын жүзеге асырады. Соны­мен бірге, теңіз түбімен магистарльды құбырлар­ды, кабельді тарту мүмкіндігі ескерілген. Алайда эко­логиялық талаптар сақталуы тиіс», – деді.
Каспий теңізінің ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияның тағы бір түйінді тұсы – қоршаған ортаға трансшекаралық тұр­ғыдан жасалатын әсерді бағалау жөніндегі хат­тамаға қол қою. Бұл – Каспий маңы мемлекет­те­рінің осы ба­ғыттағы күш-жігерінің аса маңызды қоры­тын­дысы. Бес елдің басшысы Каспий маңы мем­ле­кет­терінің әртүрлі форматтардағы ынты­мақ­­тас­тығын жандандыруға бірауыздан қолдау білдірді.
Қарт Каспий айнала қонған бес елге – көз мон­шақ тәрізді. Әр ел енді одан өз моншағын тап­қандай!

Нұртөре ЖҮСІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*