Атаман КАЛЕБОЗАН: «Ай мен Айша» желісімен фильм түсірілуі тиіс

1248
0
Бөлісу:

Анкара қаласынан шығатын «Кардеш калемлер» журналының жаңа санында Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» романы талданып, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың «Ақ көбелектер» әңгімесі жарияланды. Сондай-ақ халықаралық басылымды ай сайын шығарып отырған Еуразия Жазушылар қауымдастығының төрағасы, жазушы Якуп Омароғлының Елордамыздың 20 жылдық мерейтойына орай жазылған «Астана туралы толғаныс» атты мақаласы жарық көрді.

Түрік жазушысы Атаман Калебозан өз сараптамасында «Түркі әлемі әдебиетіне сіңірген ерен еңбегі үшін» сыйлығының иегері Шерхан Мұртазаның суреткерлік тәсілі мен жазу мәнеріне, кәсіби шеберлігі мен тілінің шұрайлығына тоқтала келе, бала Барысханның күрескер анасының ұлттық бейнесіне, ақыл-парасатына тәнті болғанын айтады.

Сонымен қатар,  Айша арқылы қазақ әйелдерінің болмысын жақын тани түскенін, тарихи шығарманы оқи отырып, автордың балалық шағына бірге барып қайтқандай үлкен әсер алғанын әңгімелепті. Әрбір оқиғада өмірлік сабақ, тәрбиелік мән жатқанын жеткізіп, «Шерхан Мұртаза – әлемдік деңгейдегі классик жазушы. Сондықтан оның шығармалары дүниежүзі тілдеріне аударылып, роман желісі бойынша фильм түсірілуі тиіс» деген ұсыныс тастапты.


Естеріңізге сала кетсек, «Ай мен Айша» романын жазушы-аудармашы Мәлік Отарбаев – 2017 жылы, Рахымжан Отарбаевтың «Ақ көбелектер» әңгімесін 2016 жылы түрік тіліне аударып, Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің қолдауымен түркі әлемі оқырмандарына тарту еткен болатын.

Жазушы Якуп Омароғлы Астана қаласын 20 жылдық мерейтойымен құттықтай отырып, жаңадан шаһар тұрғызып, тың жер игеру кез келген мемлекеттің қолынан келе бермейтін тәуекелді қадам екенін айта келе, мегаполис салып, оны бас шаһар етіп бекіту ілу де бір кездесетін тосын оқиға екеніне басымдық беріпті.

«Әр адам өзі өмір сүрген қалаға ұқсайды. Астаналықтар да бас қала сияқты қазақтың мәдени құндылықтарын санасына сіңірумен қатар, ғаламдық жаңалықтарға құлақ түріп, өзге мәдениеттермен бірге өз болмысын сақтай білген тәуелсіз елдің еркін ойлы азаматтары болып қалыптасып келеді. Бас қала тұрғындарының еңселі рухы жер-жаһанның түкпір-түкпіріне шуақ болып тарайды. Болашаққа бағдары бізді де қуантады, алдағы күнге үміт сыйлайды.


Астананы бас қалаға айналдырған Түркі әлемінің дана көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевты жемісті атқарған ерен еңбегі үшін айрықша құттықтау керек. 20 жылдық белесті бағындырған жас қала – Астана мен Қазақстанның мәңгі ғұмыр кешетініне сенімдіміз» деп ағынан жарылған.
Журналдан жерлес жазушы, аудармашы Әбділдабек Салықбайдың және басқа да түркітілдес елдер ақын-жазушыларының әңгімелері мен өлеңдерін және түркі әлеміне ортақ ақпараттық жаңалықтарды оқуға болады.

Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*