Азия чемпионатында шетелдік төрешілер де қазылық  етеді

542
0
Бөлісу:

2018 жылдың 26 тамыз күні Астана қаласында қазақ күресінен  өтетін Азия чемпионатында 16 спорт төрешісі қазылық ететін болады.  Олардың арасында қазақстандық қана емес, шетелден келетін төрешілер де  бар.

Азия чемпионатында Қазақстан,  Грузия,  Өзбекстан,  Литва, Украина төрешілері болады. Соның ішінде үш әділқазы Астана, Алматы және Семей қалаларынан  шақырылып отыр.

Халықаралық дәрежедегі төреші Мақсат Ахметбековтың айтуынша, Қазақстанның  атынан Азия чемпионатына сегіз төреші қатысады. Ал қалғаны өзге мемлекеттерден келеді.

–Барынша әділ төрелік етеміз деген ойдамыз. Өзім былтыр әлем чемпионатында бас төреші болдым. Қазақстандық төрешілердің біліктілігі жоғары деңгейде. Біз оларды «Қазақстан барысында», Қазақстан чемпионатында, ірі халықаралық турнирлерде төрелік жасап жүргендердің арасынан іріктеп алдық. Ал шетелдік төрешілерге шеберлік сабағы өткізілетін болады. Оларды да сыртта өткен жарыстардан іріктеп алдық, – деді Мақсат Ахметбеков.

Қазақ күресінен өтетін Азия чемпионатына 20 мемлекеттен 80 спортшы қатысады. Жарыс 8 салмақтық дәреже және абсолюттік бойынша өтеді.

Қазіргі таңда Азия чемпионатына қатысуға Жапония, Өзбекстан, Тәжікстан, Моңғолия, Иран, Пәкістан мен Үндістан мемлекеттері өздерінің мықты спортшыларын дайындап отыр. Қазақ күресінен ұлттық құраманың бас бапкері Ерлан Естек қазақстандық балуандардың дайындығы туралы айтып берді.

–Азия чемпионатына 9 салмақ дәрежесінде балуандар қатысады. Тамыздың 12-нен 24-іне дейін Бурабай ауданындағы «Жақсы» спорт кешенінде оқу-жаттығу жиынында шеберлер тыңғылықты дайындалады. 25 тамыз күні Астанада салмақ өлшеу рәсімі өтеді. 26 тамызда олар боз кілемде белдеседі. Балуандардың дайындығы өте жақсы. Дайындықтың бірінші кезеңін Шымкент қаласында, екінші кезеңін Грузия мемлекетінде өткіздік. Үшінші кезең енді басталады, – деп сөзін түйіндеді Ерлан Естек.

Азия чемпионаты Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі, Астана қаласының әкімдігі, Самұрұқ -Қазына әл- ауқат қоры, ERG Еуразиялық тобының қолдауымен жүзеге асуда. Ұйымдастырушылары –«Халықаралық қазақ күресі федерациясы» ЗТБ.

Айта кетсек, Қазақ күресі (Qazaq kuresi) ұлттық спорт түрі ғана емес, ол ЮНЕСКО-ның  материалдық емес мұралар тізіміне кіреді. Былтыр Халықаралық  Qazaq kuresi федерациясы құрылып,  Энергетика министрі Қанат Бозымбаев федерация президенті болып сайланды. Жыл сайын осы спорт түрінен бірнеше халықаралық және республикалық жарыстар өтеді. Соның бірі 2017 жылы өткен Әәлем чемпионатына 40 елден 160 балуан қатысты.

«Айқынның» анықтамасы:  «Қазақ күресі халықаралық федерациясы» 2017 жылдың 24 наурызында Астана қаласының Әділет департаментінде тіркелген.  2017 жылдың ақпан айында 35 мемлекет өкілдерінің қатысуымен Астана қаласында өткен Қазақ күресі халықаралық федерациясының конгресінде федерация жұмысы нықталып, президент ретінде Қанат Бозумбаев тағайындалды. Сонымен қатар, федерацияның вице-президенттері қатарында олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров пен танымал балуан Дәулет Тұрлыханов, ҚХР мен Польша федерацияларының жетекшілері бар.

Еркін ҚАЛДАН

Бөлісу:

Пікір жазу


*