Тарбағатайдан табылған «Алтын адам»

1583
5
Бөлісу:

Тарбағатайдағы «Елеке сазы» жайлауынан тағы бір «Алтын адам» табылды. Саф алтынмен апталған сақ сардарының сүйегін жоба жетекшісі Зейнолла Самашев Өскемендегі облыстық өлкетану музейіне жеткізіп, облыс әкімі Даниал Ахметовпен бірге баспасөз мәслихатын өткізді.

Бұл «Алтын адамның» бұрынғы табылған алтын киімділерден бірнеше артықшылығы бар. Біріншіден, бұл – біздің дәуірімізге дейінгі VIII ғасырда өмір сүрген көне Сақ дәуірінің адамы. Яғни, бұған дейінгі табылған жәді­герлерден төрт ғасыр бұрын жерленген. Екіншіден, еліміздегі табылған Алтын адамдардың ішіндегі тоналмай бізге жеткен екінші «Алтын адам». Ал­ғашқысы осыдан жарты ғасыр бұрын Есіктен табылғаны белгілі. Алайда ғалымдар оның қазірге дейін бас сүйегі табылмай келе жатқанын айтуда.
Зейнолла Самашев «Елеке сазы» жайлауынан екі қабірді қазғанын айтты. «Оның біріншісі су шайып, апаттық жағдайда тұрған еді. Ішінен алтын бұйымдар мен айна сияқты жәдігерлер табылды. Екінші қорымнан тоналмаған Алтын адам шықты. Негізі осы Алтын адамның жанында тағы бір үлкен қорым болыпты. Өкінішке қарай, ол тоналып кеткен. Қасында жатқан бұл адамды тонаушылар байқамаса керек, тас үйіндінің астында қалыпты» деді ол.
Бұған дейінгі Шығыс жерінен табылған Алтын адамдардың көбі тоналып кеткені белгілі. Бұл Алтын адамның алтыннан таққан дүниелері қаз-қалпында сақталған. Бас киімнің қос құлақшынына тағылған алтын әшекейлерден басталатын жауһар жәдігерлер көздің жауын алады. Әртүрлі аңдар бейнеленген зергерлік бұйым­дардың жасалуының өзі ерекше. Әсіресе, мойнына таққан бір келілік саф алтыннан жасалған алқасы мәйіттің қарапайым адамдар қатарынан емес екенін аңғартады. Киімінің өңірінде барыс бейнелі сом алтыннан соғылған әшекей бұйымдар болса, белбеудегі зергерлік өнер тіптен айрықша. Сол жағында қорамсақ асыныпты. Қо­рамсақ ішінде бірнеше тал жебе бар. Оң жағына қанжар ілінген. Қанжардың қыны да алтынмен көмкерілген. Қы­лыштың өзі басқа металдан жасалған. Қазба барысында анықталғандай, ең көп ұсақ алтын аяқ киімнен табылған. Аяқ киімнің неден жасалғаны белгісіз, бірақ алтын мен әспеттеген әшекей бұйымдардың кейбірін ұлғайтқыш әйнек көмегімен ғана көруге болады. Қорамсақтың түбіне қарай салынған сүзіскелі тұрған екі бұғының суреті сол дәуірдің мәдениеті мен өнері жайлы мағлұмат беріп тұр.
Облыс әкімі Даниал Ахметов бұл еліміздің тарихы үшін аса құнды жәдігер екенін атап өтіп, осыдан-ақ б.з.д. VIII ғасырда да металл өңдеудің ерекше технологиялары болғанын айтты. «Мұндай жәдігерлер сол замандағы өркениеттің жоғары деңгейде болғанын көрсетіп, ата-бабаларымыздың мә­дениеті туралы түсінікті толықтыра түседі. Көшпенді өмір сүру салтын ұстана отырып, қолөнердің жоғары деңгейде болуы сол заман адамының табиғатпен үндестікте тіршілік етіп, ортаның әлеуметтік-экономикалық жағдайларына тез бейімделе алатынын аңғартса керек. Қазір жаңа ШҚО тарихи-археологиялық музейінің тың жобасын дайындаудамыз. Мұнда облыс бойынша археология саласындағы ғылыми-зерттеу бағдарламасы аясында табылған жәдігерлер топтастырылмақ.
Алтынмен апталған азамат 17-18 жас шамасында дейді антропологтар. Оның бойы шамамен 165-170 см шама­сында. Табылған жәдігерлер жақсы сақталғандықтан, сырт киімі мен бет-бейнесі қайта қалпына келтірілмек.
Зейнолла Самашев айтқандай, жәдігерді зерттеуге қатысты үлкен жұмыс жүргізілмек. «Бас сүйегі арқылы табылған азаматтың тарихи бейнесін анықтаймыз. Сүйектерінен ДНҚ-сын білеміз. Бұдан сол замандағы адамдар­дың қандай жағдайда тұрғанын, сол заманның тұрмыс-тіршілігі мен мәде­ниетінен көп мағлұмат алатынымыз анық» деді ол.
Зер салып қараған адам мәйіттің жіліктері бірнеше жерден тесілгенін аңғарады. Сондай-ақ бастың жақ сүйегінің тұсында түтікше тәріздес бөгде зат бар. Сөйтсек, мәйітті мумия­лау үшін әуелі жілік майын алып тастайды екен. Жаңағы жілік сүйектегі тесіктер сол бальзамдау барысында пайда болыпты. Мәскеуден арнайы келген антрополог Егор Китов «Бұл сүйек те көшпенділердің әдісімен мумияланған. Сүйектері тесілген. Бірақ жас жігіттің денесінде басқалай жа­рақаттар болмағандықтан, неден өлгенін айту қазірше қиын» деді. Оның айтуынша, қорғанның көлемі мен табылған дүниелерден азаматтың беделді болғанын аңғаруға болады.
Сол заман тұрғысынан қарағанда жас жігіт өте ірі денелі болғанын айтқан Зейнолла Самашев «Бұл бұған дейін табылған алтын адамдардың атасы деуге болады» деді. Әрине, жас мөлшері кіші болғанымен өмір сүрген кезең­деріне қарап берілген баға ғой бұл. Сүйекті жатқан топырағымен бірге табытқа салып облыс орталығына әкелген археологтар енді сауыт-саймандарды қайта қалпына келтіру жұмыстарын істеп, жәдігердің көшірмесін жасауды қолға алмақ. Археолог көшірмесін үштен асырмай­мыз деп отыр. Өйткені көшірмесі көбейген жәдігердің құндылығы әлсірейтін көрінеді.
«Елеке сазы» жайлауын аталған археологиялық жұмыс тобы соңғы жеті-сегіз жылдан бері назарға алып келе жатқанымен былтырдан бері жүйелі жұмыс жүргізген. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша бес өңірдегі – Қырық үңгір, Шілікті, Берел, Абылай­кит және осы Тарбағатай жайлауында қазба жұмыстары жүргізіле бастаған болатын. Самашевтың айтуынша, «Елеке сазындағы» патшалар жазы­ғынан табылған бұл алғашқы адам болғанымен, соңғысы болмауы тиіс. Тонаушылардың сүзгісіне ілінбей қалған талай жәдігерлер бар болуы мүмкін.
Зерттеу археология саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамы­тудың үшжылдық кешенді бағдар­ламасы аясында жүзеге асуда. Жұмыс жүргізілген үш жыл ішінде 430 млн теңге қаржы бөлінген. Зерттеу жұмыс­тары аяғына да жетті. Оның нәтижелері 7 қыркүйекте Өскемен қаласында өтетін «Алтай – түркі мәдениетінің алтын бесігі» ғылыми-тәжірибелік конференциясында таныстырылмақ. Сонымен бірге, археологтар Зейнолла Самашев пен Әбдеш Төлеубаевтың монографиялары жарыққа шығады.

Ақбота ИСЛӘМБЕК

Бөлісу:

5 пікір жазылған

Пікір жазу


*