Бес бастамаға оң баға берілді

1113
3
Бөлісу:

«Президенттің бес әлеуметтік бастамаларының» жүзеге асырылуын бақылау жөніндегі Республикалық қоғамдық кеңесінің төрағасы, сенат депутаты Бақытжан Жұмағұлов пен «Нұр Отан» партиясының хатшысы Фархад Қуанғанов Павлодар облысында жұмыс сапарымен болды. Сапар барысында Президент бастамаларын бақылау жөніндегі Республикалық кеңес мүшелері білім беру мекемелері, кәсіпкерлік және тұрғын үй құрылысы нысандарын аралады.

Бірінші кезекте кеңес мүшелері Павлодар түрлі-түсті металлургия коллед­жіне ат басын бұрды. Мұнда үшінші бас­тама: «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» аясында 580 млн теңгеге 200 орындық Студенттер үйі салынды.
– Барлық бөлме жеке санитарлық тораппен жабдықталған. Бөлмелер екі адамға шақталған. Студенттерге өз үйлеріндей жағдай жасалған. Студенттер үйінде тренажерлық, хореографиялық залдар бар, – дейді колледж директоры Александр Болдашевский.
Колледж металлургия саласы бойын­ша нарықта ерекше сұранысқа ие мамандық­тар – токарь, темір ұстасы, электрогазбен дә­некерлеуші, электромонтер, техник-ме­тал­лург сияқты кәсіби мамандар даярлайды. «Қазақстан алюминиі» АҚ, «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ, «Қазақмыс корпорациясы» АҚ сияқты ірі кәсіпорындармен дуалды оқыту жүйесі енгізіліп, жоғары сапалы мамандар даярлау жөніндегі меморандумға қол қойылған. Колледжде биылдан бастап «Серпін» бағдарламасымен оңтүстік өңірлерден келген студенттер оқи бастайды. Кеңес мүшелері колледж қызметіне жақсы пікір білдірді.
«Бұл мамандықтар – болашағы бар кәсіптер. Олар зор сұранысқа ие. Кәсіп­орындардың жастарға жағдай жасағаны қуантады. Барлық бөлмелер қажетті тұр­мыстық құрал-жабдықтармен қам­тылған. Жастардың қалыптасуындағы осындай маңызды кезеңде оларға жәрдем көрсетіліп жатқандығы өте жақсы» деді кеңес төрағасы Бақытжан Жұмағұлов.
Ары қарай кеңес мүшелері «7 – 20 – 25» бағдарламасы аясында тұрғызылып жатқан «Сарыарқа» тұрғын үй кешеніндегі №3 тоғыз қабатты тұрғын үйдің құрылысымен танысты. «Сарыарқа» шағын ауданы өткен ғасырдың ортасында пайдалануға берілген ескі «Алюминстрой» ауданының орнында салынуда. Ескі аудандағы екі қабатты үйлер алюминий зауыты қызметкерлерін орналастырылған уақытша баспана ретінде тұрғызылған еді. Пайдалану кезінде қамыстан салынған ғимараттар барынша тозып, апаттық жағдайға жетті. 159 үйдің орнына 13 көпқабатты баспана салу жөнінде шешім қабылданды.
«Қазіргі кезде «Сарыарқа» мөлтек ауда­нында тұрғын үй салу қолға алынды. Тұрғын үй құрылысына республикалық және облыстық бюджеттен шамамен 15,5 млрд теңге бөлінді. Биылғы жылы тағы 9 үйді пайдалануға тапсыру жоспарлануда» дейді Павлодар облысы құрылыс басқар­масының басшысы Рүстем Райысов.
Сонымен қатар кеңес мүшелері төр­тінші бастама «Шағын несие беруді көбей­ту» аясында жұмыс істеп жатқан «Пархоменко» ЖК кәсіпорнында болды. Несие сомасы 10 млн теңгені құрады. Кәсіпорын ғимараттарды жылытуға қажет армирленген пенополистирол панельдері мен мүсіндік пішіндер жасаумен айналы­сады. Қазіргі кезде бұйымдарды көп кө­лемде шығару жолға қойылған. Өнім сұра­нысқа ие. Тауар өткізу нарығы да кеңеюде. 2017 жылы Пархоменко ЖК «Тұрғындарға қажет үздік тауарлар» аймақтық конкурсында 3 орынға ие болды.
Бес әлеуметтік бастаманың Павлодар облысындағы жүзеге асырылу барысы Республикалық қоғамдық кеңес төрағасы, сенат депутаты Бақытжан Жұмағұлов, «Нұр Отан» партиясы хатшысы Фархад Қуанғанов, партияның Павлодар об­лыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Болат Бақауов және Елбасы баста­маларын жүзеге асыруға жауапты орталық мемлекеттік органдар басшылары қатысқан кеңесте жан-жақты талқыланды. Отырысты қорытындылаған кеңес төраға­сы Президент бастамаларының Павлодар облысында ойдағыдай жүзеге асырылып жатқанын айтты. Өңір басшысы Б.Бақауов кеңес мүшелерін Елбасы бастамаларын жүзеге асыруға облыс барлық күш-жігер мен мүмкіндіктерді пайдаланатынына уәдесін берді.
Астанадан келген делегация жаңғыру­дан өткен С. Торайғыров атындағы облыс­тық кітапхана мен Павлодар мемлекеттік университетінде болды. Қонақтар жоғары оқу орнында жүзеге асырылып жатқан стартаптармен танысты. Ары қарай кеңес мүшелері Екібастұзға аттанып, төртінші бастама «Шағын несие беруді көбейту» аясында жұмысын жандандырған «Биодент-ЭК» ЖШС мен «Бальзам» кафесінің жұмысымен танысты.
«Бүгін Мемлекет басшысының бес бастамасының жүзеге асырылуымен таныстық. Мұндағы мақсат мониторинг, насихат және бастамаларды халық арасында түсіндіру. Бастысы – жер-жер­лерде пайда болатын сұрақтарды жинап, оларға қатысты шешім қабылдау үшін Үкіметке жеткізу. Павлодар облысының Президент бастамаларын ойдағыдай жүзеге асыруына барлық мүмкіндігі бар. Қорыта келе, облыста бес әлеуметтік бас­таманың орындауға бағытталған ұйым­дастыру жұмысын оң бағалауға болады» деп атап өтті жиын соңында Бақытжан Жұмағұлов.
Ары қарай кеңес мүшелері Екібастұзға аттанып, төртінші бастама «Шағын несие беруді көбейту» аясында жұмысын жандандырған «Биодент-ЭК» ЖШС мен «Бальзам» кафесінің жұмысымен танысты.
Естеріңізге сала кетейік, үстіміздегі жылдың 5 наурызында Парламент Палата­ларының бірлескен отырысында «Нұр Отан» партиясына «Президенттің бес әлеуметтік бастамаларын» орындауды бақылау мен ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізу тапсырылды. «Аталған бастамаларының абсолютті мағынасын еске ала отыра жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Бұл жұмысқа барлық тұрғындар қатысуы керек. «Нұр Отан» партиясы ел ішінде жер-жерлерде, барлық облыс, қалалар мен елдімекендерде бұл халыққа маңызды іс-шаралардың жүзеге асырылуын бақылауды қолға алады» деп атап көрсетті Елбасы.

Айбек ЖҰМАТ

Бөлісу:

3 пікір жазылған

  1. Сакен 26 Тамыз, 2018 at 13:26 Жауап

    Асыға күтудеміз. Тұрғын үй бойынша екінші жартыжылдықта болады деген. Көрейік.

  2. Айдар 26 Тамыз, 2018 at 13:26 Жауап

    Жастарға бес әлеуметтік бастама қажет.Білім алуына, баспаналы болуына, кәсібін ашуына.

  3. Малик 26 Тамыз, 2018 at 13:36 Жауап

    Қоғамдық кеңес жұмысы қайнауда деп ойлаймын. Өзім жас болсамда, осы бастамалардың жүзеге асуын күтудемін.

Пікір жазу


*