Білім жүйесінің түйінді тұстары талқыланды

897
4
Бөлісу:

Мектептердің оқушыларды жұмыс дәптерлерін сатып алуға міндеттеуі – заңсыз. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігі мәлімдеді. Премьер Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2016-2019 жылдарға арналған Білім беруді және ғылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасының биылғы І жартыжылдықтағы іске асырылу қорытындылары шығарылды.

Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің хабарлауынша, жаңартылған мазмұн бойынша сабақ беретін мұғалім­дер­дің еңбекақысы 30 пайызға артыпты. Жалпы, мемлекеттік бағдарлама аясында 2018 жылы 8 индикаторды, 52 көрсеткішті, 148 іс-шараны орындау көзделген. Е.Саға­диев барлық индикаторлар мен көрсет­кіш­тер орындалып жатқанына сендірді.
– Қазіргі кезде 3-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі білім берумен (балабақ­шамен) қамту 93 пайызды құрайды. Осы жылдан бастап, 25 қала мен 6 ауданда бала­бақ­шаларға электронды түрде жолдама беру іске қосылды. Жыл соңына дейін барлық облыстар сол жүйеге көшеді. Электронды үкімет пен «Е-әкімдіктің» кірігуі арқасында жолдама беру процесі автоматтандырылды. Орта білім беруде жаңартылған мазмұнға көшу жалғасуда. Өткен жылдан бері 1, 2, 5, 7-сыныптар жаңа оқу бағдарламасы мен оқулықтар негізінде білім алуда. Алдағы қыркүйектен бастап, 3, 6, 8-сыныптар да соған көшеді. Жыл соңына дейін балалардың 75 пайызы жаңартылған білім беру мазмұны бойынша оқиды, – деді БҒМ басшысы.
Айта кету керек, бұдан бұрын министрлік түсіндіргеніндей, жаңартылған мазмұн аясында мектептер үш тілде оқымақ. Соның ішінде жаратылыстану ғылымдары циклы­ның бірқатар пәндері ағылшын тілінде оқытылады. Бұл оқушылардың шет тілін тәжіри­бе жүзінде қолдануы үшін жасалуда екен.
Жаңартылған жүйеге ауысқан сыныптар аптасына бес күн ғана оқитын болады. Бұл жүйеде оқушылардың үй тапсырмаларының көлемі қысқартылады. Мерекелік күндерге және каникулдар кезінде жобалық жұмыстан, математиканы тереңдетіп үйрену­ге арналған жаттығулардан және жалпы даму үшін көркем әдебиетті оқудан басқа ешқандай тапсырма берілмеуі керек.
Жұртшылық және Парламент депутат­тары мектептерде жаңа жүйені жүзеге асыруға кадрлардың жетіспеуі мүмкіндігіне алаңдауда. Бұған жауап ретінде БҒМ басшы­сы «екі жылда шамамен 150 мың мұғалім жаңартылған бағдарламалар бойынша курстардан өткенін» алға тартты.
–Биыл тағы 73 мың педагог оқып жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жаңартылған мазмұн бойынша сабақ беретін 205 мың (бұл жалпы санның 67 пайызы) мұғалімнің жалақысы 30 пайызға көбейді. Педагогтарды аттестаттаудың жаңа жүйесі енгізілді. Аттестациялауға 60 мыңға жуық педагог қатысып, олардың 36 мыңнан астамы немесе 63 пайызы табысты өтті. Жан басына қаржыландыру нормативі бекітілді. Ол Астанада 74 мемлекеттік және 11 жекеменшік мектепте биылғы 1 қыркүйектен енгізіледі. Бұл Шымкент қаласында да қолға алынды, – деді Е.Сағадиев.
Ол республикалық бюджет есебінен жыл сайын 110-нан 170-ке дейін жаңа мектеп салынатынын да мәлімдеді.
Техникалық және кәсіптік білім беру саласында Елбасы тапсырмаларына сай, мемлекеттік білім беру стандарттары толығымен жаңартылыпты және барлық мамандықтар бойынша 245 модульдік бағдарламалар әзірленген. Колледждерге бағдарлама мазмұнын жұмыс берушінің талабы бойынша 50 пайызға дейін және дуалды білім беру кезінде 80 пайызға дейін өзгертуге мүмкіндік берілді.
«Жоғары білім беруге келсек, мемлекеттік ЖОО-лардың ректорларын тағайындау кезінде ашықтық пен басты талаптар сақта­лу­да. Ашық конкурс арқылы 19 ректор тағайын­далды. Әлемнің үздік университе­т­терінің QS WUR рейтингіне 2018 жылы 10 қазақстандық ЖОО енді» деді министр.
Жиында Білім беруді және ғылымды дамыту бағдарламасына қатысты Алматы облысының әкімі А.Баталов, Павлодар облы­сының әкімі Б.Бақауов, Маңғыстау облы­сының әкімі Е.Тоғжанов баяндама жасады.
Мәселені талқылау қорытындысы бойынша Үкімет жетекшісі жастарды кәсіби білім берумен қамту және техникалық кадрларды даярлау бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді. Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, мемлекет білім алуға ниетті барлық азаматқа кеңінен қолдау көрсетуде. Елбасының «Баршаға арналған тегін кәсіп­тік-техникалық білім беру» жобасы аясында былтыр мемлекеттік тапсырыс 75 мыңнан 100 мың орынға дейін ұлғайтылды. Алайда 14-24 жас аралығындағы жастарды қамту төмен деңгейде – 17% көлемінде қалып отыр. Кәсіби бағдарлау және тәрбие жұмыс­тары­ның жеткіліксіздігі жастардың жұмыс­сыз жүруіне, олардың әлеуметтік оқшаула­нуы­ның өсуіне әкеледі.
Осыған байланысты БҒМ-ге әкімдермен, «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, жұмыссыз жүрген жастарды кәсіптік білім берумен, қысқамерзімді оқытумен, бейресми және қосымша білім берумен қамту бойынша жүйелі шараларды қабылдау жүктелді. Екіншіден, ЖОО-ларда және колледждерде игерілетін мамандықтар экономика салаларының, әсіресе цифрлы сектор қажеттіліктеріне үнемі сәйкес келе бермейді. Осыған орай, Білім және ғылым, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министр­ліктеріне әкімдермен бірлесіп, эконо­миканың кадр­ларға деген нақты қажет­ті­ліктерін ескере отырып, білім беру бағдар­ламаларын жетіл­діру бойынша бірлескен жұмысты жалғастыру тапсырылды. Тапсыр­малардың орындалуын бақылау вице-премьер Е.Досаевқа жүктелді.
Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз конференциясында Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов жаңа оқу жылы­ның басталуы қарсаңында БҒМ нұсқау­­­лық хат дайындап жатқанын, онда жұмыс дәптерлері – тек оқытуға арналған қосымша материал екені және оларды қол­дану міндетті еместігі жазылғанын мәлім етті.
«Жұмыс дәптерлерін сатып алу және пайдалану – міндетті емес. Бұл оқуға арналған қосымша материал, оны ұсынуға болады, алайда оны жалпылай қолдану міндеттелмеген. Мектептердің ата-аналарға бастауыш сыныптардың оқушылары үшін жұмыс дәптерлерін сатып алу туралы қойған талаптары заңсыз! Ондай жағдай кездессе, біз тиісті шаралар қабылаймыз. Дегенмен оларды пайдалануға тыйым сала да алмай­мыз. Сондай-ақ түрлі пәндерге арнал­ған хрестоматиялар да бар, олар да оқуға міндет­тел­меген» деп нықтады вице-министр.
Бүгінде ата-аналар оқушылардың мектепке ұстайтын сөмкелері кітаптардың көптігінен өте ауыр болып шығатынына шағымданады. БҒМ жұмыс дәптерлері мен хрестоматияларды бұрынғы «міндеттіден» енді «міндетті емес» негізге көшіруіне де осы себеп болған көрінеді.
«Өйткені кей жағдайларда жұмыс дәптерлерінің өзі кітаптың көлемімен бірдей болып жатады. Сондықтан қазір біздің министрлік Денсаулық сақтау министрлі­гі­мен бірлесіп, барлық оқулықтарды, жұмыс дәптерлерін және өзге де оқу құралдарын санитарлық нормаларға сай келтіру жөнінде нақты стандарттар әзірлеп жатыр», – деді А.Аймағамбетов.
Ол сондай-ақ биыл Қазақстанда педа­го­гика қызметкерлерін аттестаттаудың жаңа жүйесі енгізілгенін айтты, сонда мұғалім­дердің санатына байланысты еңбекақы көлемі өседі және осы еңбекақыға белгілі бір үстеме қосылады.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

4 пікір жазылған

  1. Ахмет 26 Тамыз, 2018 at 14:46 Жауап

    В последние годы система образование в нашей стране стремительно взяла вверх. Радует

  2. Самат 26 Тамыз, 2018 at 14:47 Жауап

    Новая система образования. Знание трех языков. Конечно есть страх за наших детей. Но это ведь требование времени

  3. Сакен 26 Тамыз, 2018 at 14:47 Жауап

    Жақсы болыпты. Және колледждардағы кәсәптәк және техникалық білімдер солай тегін болып қалам екен? Сол керемет мүмкіндік жастар үшін

  4. Тимур 26 Тамыз, 2018 at 14:48 Жауап

    Қазақстанда жастар тегін оқуға мүмкіндік көп. Ол жасырын емс. Жергілікті гранттар, мемлекеттік бағдарламалар.

Пікір жазу


*