«Бес күндік соғыс»

893
0
Бөлісу:

Грузия мен Оңтүстік Осетия арасында болған 5 күндік соғысқа бүгін он жыл толып отыр. АҚШ пен Батыс елдерінің ықпалымен өз аумағындағы Оңтүстік Осетия мен Абхазияның  тәуелсіздік алуына әрі Ресейге  қосылуына мүмкіндік бермеген сол  кездегі президент Михаил Саакашвилиді  қазір кінәлайтындар көп. Бірақ оған грузиннің экс-президентінің өз жауабы бар.

–«Егер 2008 жыл қайта оралар болса, не істер едіңіз?» деп менен жиі сұрайды. Ең алдымен,  сол кезде Иракқа бітімгершілік күштер есебінде аттандырылған грузиннің ең мықты екі мың сарбазын кері қайтарар едім. Екіншіден, халықаралық қоғамдастықтың барынша назарын аударуға тырысар едім. Өйткені қазіргі Украинадағы жағдайға әлем барынша назар аударып, Ресейді қыспаққа алып жатыр. 2008 жыл қайта оралар болса, осылай жасар едім. Өкінішке қарай, ол кезде менің жанайқайыма ешкім құлақ асқан жоқ. Ресей сияқты агрессорды осылай ғана тоқтатуға болар еді, –деді Михаил Саакашвили батыс теларналарының біріне берген сұхбатында.

Тарихта «бес күндік соғыс» деген атпен қалған шайқаста Оңтүстік Осетияға шабуыл жасалған сәтте орыс әскерлері қолдау ретінде елге әскер кіргізді. Грузиндерді кері қайтарып, шекарадан қуып шықты. Тіпті орыстың танк батальонының Тбилисиге  жақындап барып қайтқанын да тарих ұмыта қойған жоқ. Осетиндердің астанасы Цхинвал жартылай қирап, мыңдаған халық ауа көшті. Жүздеген адамдар грузин артиллериясының оғынан қайтыс болды немесе жарақат алды.

Бірақ бұл соғысты болдырмау мүмкін бе еді? Әрине, халықаралық қоғамдастық дәл бүгінгідей ұйымшыл бола алған жоқ. Қазіргі Украинадағы жағдай сол кезде Оңтүстік Осетияда да қайталанды. Михаил Саакашвили АҚШ пен Батыс елдеріне сеніп қалды. «Экс-президент орыстар қарсы соғыс бастағанда, америкалықтар көмекке келеді» деп ойлады. Өкінішке қарай, олай болған жоқ. Бірақ сарапшылар грузин-осетин соғысына басты кінәлі адам ретінде ең бірінші Михаил Саакашвилиді атайды. Оның қызыл галстугін шайнап, не істерін білмей, қызметтік кабинетінде басы қатып отырған суретін бүкіл әлем ұмыта қойған жоқ.

–Екі ел арасындағы текетірес  Саакашвилидің ұстанған позициясынан орын алды. Ежелден тату өмір сүріп келе жатқан екі елдің арасына сызат түсті. «Бес күндік соғыс» –Грузия тарихындағы қаралы кезең. Оның бастауында  Саакашвили тұр. Сондықтан оның кінәсі үлкен. Ол осы ақылсыз әрекеті үшін болашақ ұрпақтың алдында жауап беруі тиіс. Мүмкін сол кезде Саакашвили менің сөзіме құлақ асқанда, соғыс болмайтын ба еді?! Оңтүстік Осетияға қарсы әскери қимылды бастауға АҚШ ықпал етті. «Буш истребительдерін көтеріп, орыс әскеріне соққы жасайды» деп ойлады. Бірақ өздері араласпай, сырт қалды. Ең өкініштісі, содан бері он жыл уақыт өтсе де, біз екі ел арасындағы шиеленіскен жағдайды реттей алған жоқпыз», – деп мәлімдеді Грузия парламентінің экс-төрайымы Бурджанадзе.

Одан бері қанша жыл өтсе де, жүректегі жара жазылған жоқ. Грузияның экс-президенті Михаил Саакашвили болса, саяси мансабына нүкте қойып, Украинадан шеттетіліп, қазір Еуропа құрлығында жүр. Өз елінен опа таппаған адамды  ресми Киев те керек қылмады, қол-аяғына кісен салып шекара асырды, сөйтіп ол «қашқын президент»  атанды.

Ал Оңтүстік Осетияның президенті Анатолий Бибилов болса, «он жыл бұрынғы әрекеттері үшін Михаил Саакашвили халықаралық әскери трибуналдың алдында сотқа тартылып, жауап беруі тиіс» деп санайды.

…Уақыт бәріне таразы.
Берік БЕЙСЕНҰЛЫ

Бөлісу:

Пікір жазу


*