ЕЛБАСЫ КАСПИЙ САММИТІНЕ ДАЙЫНДЫҚТЫ ПЫСЫҚТАДЫ

802
0
Бөлісу:

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Каспий саммитіне дайындық мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Жиынға Президент Әкімшілігінің басшысы Ә.Жақсыбеков, Сыртқы істер министрі Қ.Әбдірахманов, Президенттің көмекшісі Н.Онжанов, Қорғаныс министрі С.Жасұзақов және орталық мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Басқосуда Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға және өзге де келісімдерге қол қоюға әзірлік барысы талқыланды, сондай-ақ Мемлекет басшысының қатысуымен өтетін алдағы халықаралық іс-шаралар кестесі қарастырылды.
– Біз Каспий саммитіне көп жылдар бойы дайындалдық. Сарапшыларымыз шетелдік әріптестерімен бірлесіп, ауқымды жұмыс атқарды. Сонымен қатар Түркіменстанда халықаралық Аралды құтқару қорын құрушы мемлекеттер басшыларының кездесуі өтеді. Біз соған қатысуымыз керек, – деді Қазақстан Президенті.
Кеңесте Сыртқы істер министрі Қ.Әбдірах­мановтың Бесінші Каспий саммитіне дайындық барысы жөніндегі есебі тыңдалды.
– Бесінші Каспий саммитінің аясында Каспий теңізінің құқықтық режимін анықтау үшін көп жылғы келіссөздерді аяқтау жоспарлануда. Каспий жағасындағы елдердің теңізді пайдалану жөніндегі құқықтары мен міндеттеріне байланысты бүкіл мәселелерді реттеуге мүмкіндік беретін Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенция саммиттің негізгі құжаты болып саналады, – деді Қ.Әбдірахманов.
Нұрсұлтан Назарбаев каспий маңы елдері арасындағы өзара тиімді экономикалық қарым-қатынастарды нығайтуға бағытталған конвенцияға қол қоюдың маңыздылығын ерекше атап өтті.
Жиын соңында Мемлекет басшысы Бесінші Каспий саммитін өткізуге дайындық жөніндегі жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.

Бөлісу:

Пікір жазу


*