Білім бәйгесінің үздіктері мәреге жетті

931
0
Бөлісу:

Тамыз – тағатсыздана күтетін ай. Себебі, осы отызкүндікте кімнің жоғары оқу орнына түскені анық­талып, талапкер қауым мәре-сәре болысады. Биылғы мемлекеттік білім гранты иегерлерінің тізімі 6 тамыз күні электронды форматта жария етілді.

Жалпы, биыл республика бойынша грантқа 75 430 адам таласқан. Оның 60 327-сі мектепті қазақ тілінде тәмамдағандар болса, 14 810-ы – орыс тілінде аяқтағандар. Сондай-ақ 11 жылдықты 293 оқушы ағылшын тілінде бітіріп шығыпты. Жыл өткен сайын білім грантына деген талас күшейіп келе жатыр. Сол себепті, Білім және ғылым министрлігі биыл мем­лекеттік тапсырыс көлемін тағы 20 мың грантқа дейін арттырған. Оның 11 мыңы техникалық мамандықтарға тиесілі. Мемлекеттің көздеп отырғаны – 11 мың грант­ты техникалық салаларға көптеп бөлу арқылы ақпараттық технология, робототехника және нанотех­нология саласында кәсіби мамандар даярлап шығу. Себебі, заман сұранысы осыған әкеліп тіреп отырған жайы бар. Осылайша, білім гранттарының саны жалпы есепте 53 594-ке дейін көбейді. Оның басым бөлігі, яғни 24 737 грант – техникалық және техно­ло­гия­лық мамандықтарға берілген. 9 499 грант – педа­гогикалық, 2 785 грант – ауыл шаруашылығы және ве­теринарлық, 2 700 грант – медициналық, 1 450 грант – гуманитарлық мамандықтарға арнап бөлінген. Сонымен қатар құқық саласына – 100, өнер саласына – 300, әлеуметтік ғылымдар, экономика мен бизнеске – 1 780, жаратылыстану ғылымына – 3 246, қызмет көр­сету саласына – 2 330, әскери салаға 500 грант беріліп отыр.
Қосымша 20 мың гранттың бөлінетіні туралы жұртшылық наурыз айында құлағдар болған еді. «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» аясында орындалған бұл мақсат түлектердің заманауи сұра­нысқа ие салалар бойынша сапалы маман болып шығуына үлкен септігін тигізбек.
«Қазіргі кезде жоғары оқу орындарында 530 мыңға жуық жас өрен білім алып жатыр. Олардың ішіндегі 30 пайызы мемлекет бөлген грант бойынша оқып жатыр. Жоғары білім беруді қолжетімді әрі сапалы ету үшін келесі шараларды ұсынамыз. 2018-2019 оқу жылында жыл сайын бөлінетін 54 мың грантқа қосымша тағы 20 мың грант бөлгелі отырмыз. Ол гранттардың ішіндегі 11 мыңын, мүмкіндік болса одан да көбін сұраныс бар техникалық мамандықтар бойынша бакалаврға бөлу жоспарлануда. Бұл қадам Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында жаңа эконо­микада сұранысқа ие болатын мыңдаған мамандарды даярлауға мүмкіндік береді. Бұл жерде инженерлер, ақпараттық технологиялар саласы мен робототехника, нанотехнология саласындағы мамандар туралы айтып отырмын. Бұл да мемлекеттің жастарға қолдауы бо­лып табылады» деген еді Мемлекет басшысы өз сөзінде.
Президенттің айтуынша, бұл шаралар орта мектеп оқушыларының үлкен білімге деген даңғыл жолын ашады. Сондықтан 20 мың грантты – адами капиталға, ел болашағына салынған инвестиция деп түсінуге болатындай. Осы арқылы шалғай аймақтардан келетін, қалалық емес жастардың да білім алуына жағдай жасалмақ. Әрине, бұл орайда олардың баспанасы туралы мәселе де алдан шығады. Дәл қазіргі жағдайда студенттердің бәрі бірдей жатақханаға сыйып кете алмайды. Сол себепті, Елбасы 2022 жылға дейін 25 мың орынды жатақхана салуды тапсырды. Қазіргі кезде облыстық, қалалық әкімдіктер және университет, колледж басшылары тікелей жатақхана мәселесімен айналысуды бастап кетті.
Биылғы бөлінген гранттардың 862-сі қазақ диаспораларының өкілдеріне бұйырды. Ережеде көрсетілгендей, квота Қазақстан Республикасының азаматы болып табылмайтын, ұлты қазақ азаматтарға берілген. Этникалық қазақтар арасындағы ең жоғары балл – 133. Бір қызығы небары 25 балл жинаған талапкер де грантпен оқуға түскен. Ол енді «Дене тәрбиесі және спорт» мамандығы бойынша білім ала­ды. Сондай-ақ 226 грант мүмкіндігі шектеулі талап­керлерге бұйырған. Олардың басым көпшілігі білім саласын таңдапты. Атап айтқанда 82 грант. 40-қа жуық оқушы техникалық ғылымдар саласын таңдаса, 27-і – медицина, 23-і – қызмет көрсету саласы, 16-ы – әлеуметтік ғылымдар, 15-і гуманитарлық ғылымдар саласын қолай көрген.
Ал ҰБТ-дан ең жоғары 140 балл алған Шиара Құдайбергенова Алматы облысы Қарасай ауданында орналасқан Сүлеймен Демирел атындағы уни­вер­ситетті таңдаған. Енді ол қаржы мамандығы бойынша білім алмақшы. «СДУ-ды таңдаған себебім – ол жерде болашақ қаржыгерге керекті 14 сертификаттың 9-ын береді» депті Шиара Tengrinews.kz сайтына берген сұхбатында.
Грант үлестіру осымен аяқталды. Енді студенттер өздері түскен қалаларға қарай жөңкіле көшіп, жатақ­хана иелену машақатына күмп бермек.

Абай ҚАЗБЕКҰЛЫ

Бөлісу:

Пікір жазу


*