Сырттай оқу сырт қала ма?

3580
9
Бөлісу:

2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап елдегі сырттай оқу түрі тоқтатылмақ. Сонымен бірге, жоғары оқу орындары білім бағдарламаларын, білім беру қызметтерінің өзіндік құнын өздері анықтайды. Бұл туралы биыл 4 шілдеде қабылданған жоғары оқу орындарының академиялық және басқарушылық тәуелсіздігін кеңейтуді көздейтін заңда айтылған. Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің айтуынша, өзгерістер азаматтарға жоғары білімге қолжетімділікті кеңейтуге бағытталған. Министр осы жайында «Бұл заңға сай білім бағдарламасын игеру үшін студенттерге нақты бір уақыт берілмейді. Жоғары оқу орындары білім үлгерімінің нәтижесіне қарай студенттердің бакалаврды уақытынан бұрын бітіруге мүмкіндік беретін ыңғайлы бағдарлама жасайды. Заңда университеттердегі оқу ақысын реттейтін норманы алып тастау қарастырылған» деген болатын. Расында, сырттай оқудың сынға ұшырағаны жасырын емес. Мәселен, Ұлыбританияда сырттай оқу түрі бағасы жағынан күндізгі бөлімнен 12 есе арзан болғанымен, берілетін жүктеме мөлшері елімізден әлдеқайда ауыр. Талаптары да қатаң. Қосымша оқытылатын кітаптар өз алдына бір бөлек. Ал бізде қалай? Сарапшылардың бір тобы оқудың бұл түрі кәсіби білім бере алмайтынын тілге тиек етсе, тағы біреулер бұл жемқорлыққа бастайтын жол екенін ашық айтуда.

Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ,
сенатор:

ҚАШЫҚТЫҚТАН ОҚЫТУ ТҮРІН ДАМЫТУ ҚАЖЕТ 

– Заң ішінде жоғары оқу орындарының дербестігін нығайту, қаржылық дербестік пен сырттай оқуға қатысты көптеген көкей­кесті мәселелер бар. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстандағы бар­лық ЖОО-дағы сырттай оқыту тоқта­тылады. Бұл – дұрыс бастама. Сырттай оқыту Кеңестік заман тұсында кадр тапшылығы болып, өндірісте жұмыс күші жетіспеген кезде енгізілген болатын. Ал қазіргі нарық кезеңінде сырттай оқыту ешқандай білім бермейді. Студенттер оқуға құжат тапсырып, 2-5 жылдан кейін келіп, дипломын алып жатады. Сондық­тан біз оны қашықтықтан оқыту бағдар­ла­масымен алмастырдық. Себебі, сырт­тай оқыту тиімділігін жоғалтты. Жоғары оқу орындарына ғана қызмет істейтін, ақша жинаудың құралына айналды. Сол себепті, оны тоқтатуды Парламент депу­таттары мақұлдады. Өндірістен қол үзбей, сырттай білім алғысы келетін азаматтарға қашықтықтан оқыту жүйесі бар.
Қашықтықтан оқытудың бір ерекше­лігі – студент бағдарламаны бөліп, 2-3 жылда игеруі мүмкін. Яғни, оқу бағдарла­масын тез игерсе, дипломын да тезірек алуға мүмкіндік бар. Студент тапсырма­ларын интернет арқылы алып, өткізіп отырады. Бұл – әлемдік үрдіс. АҚШ-та, Еуропа елдерінде оқытудың бұл формасы бұрыннан келе жатыр.
Сонымен қоса, енді ЖОО мемлекеттік білім беру стандартын сақтай отырып, әрбір мамандыққа байланысты оқу бағдарламасын жасауға мүмкіндік алады. Бұрын бағдарламаны Білім және ғылым министрлігі бекітетін. Екіншіден, ЖОО аккредитациялау мәселесі жолға қойы­лып жатыр. Аккредитациядан өткен университет мемлекеттік стандарттағы дипломды бере алады. Ал бұл сынақтан өтпеген ЖОО сол оқу орнының ғана дипломын тапсырады. Осылайша, үздік ЖОО рейтингі жасалады. Аккреди­тациядан өте алмаған оқу орындары бірте-бірте нарықтан ысырылып, жабы­лып қалуы мүмкін.
Келесі бір мәселе Батыс елдерінде жақсы дамыған дуалды білім беру жүйесін айту керек. Оқу бағдарламасының 60 пайызы теориялық білімге негізделсе, 40 пайызы тәжірибе жинақтаумен, яғни өндіріс орындарында өтеді. Кеңес Одағы кезінде бұл жүйе өз жемісін берген. Тәуел­сіздік алғаннан кейін мұны да жоғалтып алғанымыз рас. Дуалды білім беру көбіне колледждерде жақсы дамы­ған. Тікелей өндіріс орындарымен байланыс орнатыл­ған. Алайда бізде студенттерді сол жүйе бойынша маман­дыққа сәйкес оқытуға қабылдап алатын өндіріс орындары көп емес. Бұл өз алдына қиындық туғызады. Қазір Назарбаев университеті, ҚБТУ, ҚМЭБИ сияқты жоғары оқу орындарында бұл жүйе қарқынды жұмыс істеуде. Яғни, өндіріс орындарының шеберлері тікелей студенттермен жұмыс істейді. Бұл жүйеге біз бірте-бірте келетініміз анық. Өндіріс орындарының аздығы, жекеменшік нарыққа байланысты мәселе шешімін таппай келе жатыр.

Рахман АЛШАНОВ,
Жоғары оқу орындары қауымдастығының төрағасы:

МАМАНДЫҚТАРДЫ БӨЛУДЕ СҰРАНЫС ЕСКЕРІЛУ ҚАЖЕТ

– Сырттай оқытуды қандай бағдар­ламамен алмастыра аламыз?
– Қазір сырттай оқытудың орнын алмастыратын қашықтықтан оқытудың ережелері қарастырылып, талқылануда. Негізгі мақсат – жұмыс істеп жүрген азаматтардың білім алуына жағдай жасау. Осы орайда жаңа жолдарды іздеп жатырмыз.
– Оқу орны мен өндіріс арасындағы байланысты орнату мәселесі қалай шешілуде?
– Жұмыс берушілер кәсіби стандарт қабылдайды. Оқу орындары соның негізінде бағдарламаларын дайындайды. Сондай талап қойылып отыр. Бірақ жұмыс берушілердің барлығы бұл стан­дартты негіздеп үлгермей жатыр. Елімізде 900 мамандық болса, бүгінгі таңда соның 40-қа жуығының ғана стандарты бар. Биыл стандарттарды 200-ге жеткізу жоспарлануда. Яғни, енді оқу орындары кәсіпорындармен келісіп, сұраныстағы мамандықты анықтап, оқу бағдарламасын өздері жасайды.
– Жұмыс берушілер тарапынан белгілі мамандықтарға тапсырыс беру мәселесі қалай?
– Бүгінгі таңда мектептерге қанша мұғалім қажет екені белгілі. Мәселен, Солтүстік Қазақстанда шағын мектептер көп. Онда мұғалімдер жеткіліксіз. Соған байланысты биология мен химия, мате­матика мен информатика деген сияқты қосылған екі мамандықты оқытуға рұқсат берілді. Сонда шағын мектептегі мұғалім тапшылығы мәселесін шеше аламыз. Яғни, бір маман жақын екі пәннен сабақ бере алады. Ал басқа салаларда жұмыс берушілер тарапынан тапсырыс қажет. Сондықтан жұмыс берушілер бұл мәселені министрлікке дер кезінде жеткізсе, білім гранттарын бөлгенде де ыңғайлы болатын еді.
Биылдың өзінде заман талабына сай көптеген мамандықтар ашылды.
Мәселе – солардың көпшілігін мектеп түлектері білмеуінде. Соған байланысты мектеп – оқу орны – жұмыс беруші бірлесе жұмыс істеуі қажет. Бір мысал, «химиялық фи­зика» мамандығы жайында оқушылар білмеуі мүмкін. Министрлік жаңа маман­дықтарды оқушыларға ертерек айтып, таныстыруы керек. Биыл «киберқауіп­сіздік» мамандығына грант көп бөлінді. Алайда мектептер бұдан да бейхабар. Мектеп түлектері үйренген маман­дықтарды таңдайды.
«Биотехнология» мамандығына келу­шілер қатары көп болса, «орман шаруа­шылығына» құжат тапсырғандар аз. «Метерология», «геодезия» маман­дық­тары елімізге қажет. Алайда осындай сирек кездесетін мамандықтарға оқу­шылар қызықпайтынын аңғардық.
Қазір студенттер оқу бағдарламасын 30-40 пайызға өздері жасауға құқығы бар. Тағы бір айта кететіні университет студенттерінің шетелдік тәжірибе жинақтауға мүмкіндігі бар. Отандық кәсіпорындар оқу орындарына қай шетелдік кәсіпорынның тәжірибесі қажет екенін айтып, осы үш тараптың арасында келісімшарттар жасалса, студенттердің жұмысқа орналасуы да жеңілдейтіні анық. Сұраныс пен ұсыныс сәйкес болуы керек. Мәселен, биыл көптеген мамандықтардың ағылшын тілі бөлімдеріне 1000 грант бөлінді. Алайда оған тапсырған студенттер аз болды. Сондықтан грант оқу орындарының игеруіне байланысты бөлінгені дұрыс. Сол сияқты, орыс бөліміне тапсырғандар қатары азайғанын байқадық. Кейбір мамандықтарда 1-2 бала ғана тапсырды. Демек, грантты оқытудың қазақ, орыс, ағылшын бөлімдеріне бөлгенше, балдық жүйеге негіздеген дұрыс екенін түсіндік. Қазақ бөліміндегі балалардың білім деңгейі жоғары екенін айта кеткен жөн. Орыс мектебі түлектерінің көпшілігі Ресейге оқуға тапсырып жатыр. Осының барлығын болашақта ескереміз.
Мектеп бітірген түлектердің ішінде 75 мыңы оқуға түсетіндей балл жинады. Былтырғыға қарағанда көрсеткіш жоғары. Былтырлары көп адам сыртқа кетіп еді. Қазіргі кезде елімізде оқимыз дегендердің саны өсті. Соның ішінде қазақ мектебін бітіргендердің көрсеткіші жоғары. Қазір 80 пайыз қазақ мектебінде оқып жатқандар бар. Бұрын 50 де 50 болатын болса, соңғы жылдары, яғни биыл 75 пайызға қазақ мектебін бітірген балалар конкурсқа қатысатын болды.
– «Серпін» бағдарламасының жүзеге асуы туралы не айтасыз?
– Бағдарлама бойынша оқу орнын бітірген студент 3 жыл сол аумақта жұмыс істеуі керек. Осыған орай, бағдарлама бойынша оқуға тапсырғандар азайып кетті. Сондықтан талапкерлерге «Серпін» бағдарламасына қатысатын жоғары оқу орындар мен осындай өзгерістер жайында тереңірек мағлұмат берілуі қажет. Сол сияқты шетелдегі қазақтарға бөлінген грант та ойлағанымыздан игерілмей қалды. Мұның себебін анықтап, олармен жұмыс істеу керек.
– Биыл бөлінген 53 594 мемлекеттік гранттың 24 мыңы техникалық маман­дықтарға берілген екен. Бұл қаншалықты дұрыс?
– Расында, техникалық мамандық­тарға басымдық берілді. 9 мыңнан астамы – педогогикалық, 2 785-сі ауыл­шаруа­шылық және ветеринарлық маман­дықтарға үлестірілген. 2 700-і меди­циналық мамандыққа бөлінген. Ал ең аз грант саны заңгер мамандығына – 100 орын. Қалғаны әлеуметтік-экономи­калық, қызмет көрсету, әскери маман­дықтарға қарастырылған. Болашаққа техникалық мамандықтар қажет екені анық. Дегенмен нарық сұранысы ескерілмеді. Мәселен, «робототехника» мамандығына 1000 грант бөлгенімізбен, «робот жасайтын кәсіпорындар жеткілікті ме?» деген сұрақ алдымыздан шығады.
Қазір көптеген балалар грантқа түсуді ғана мақсат қойып, таңдаған мамандық­тары жайында ешнәрсе білмейді. Кейін оқу кезінде қателескенін түсініп жатады. Сондықтан келесі жылдан бастап жоғары оқу орындарына мектеп аттестатымен қабылдау мәселесі қарастырылуда. Франция, Балтық елдерінде сол жүйе бар. Яғни, курс сайын іріктеп тек білімді сту­денттерді ғана қалдырмақпыз. Тақырып қызу талқылануда.
Тағы бір көкейкесті мәселе, қосымша білім беру курстарын тіркеу. Яғни, жоғары оқу орнына тапсырған азамат осыған дейін мамандығына қатысты қосымша курстардан білім алса, аталған сертифи­каттарды ескеру, тіркеу жағы ойласты­рылуда. Сонда студенттің курста оқыған пәндері ескеріліп, жалпы оқу мерзімі де қысқаратыны да анық. Бұл мәселе де талқылануда.

Сейілбек МҰСАТАЕВ,
саяси ғылымдардың докторы: 

БИНАРЛЫҚ БІЛІМ БЕРУДІ ДАМЫТСАҚ…

– Әлемдік тәжірибеде сырттай оқу бол­мағанымен, қашықтықтан оқыту жүйе­сі жақсы жолға қойылған. Бізде қа­лыптасқан сырттай оқудың кемшілігі – білім сапасының төмен болуында. Себебі, аз уақыт ішінде бір мамандық иесі болу қиын. Көпшілік диплом үшін оқыды. Көп адамдар жұмыс барысында тәжірибе жинақтап, өздерін дамытып маман ата­нып жатты. Себебі, сырттай оқудан кә­сіби білім алу қиын екені сөзсіз. Ал жақсы жақтарына келсек, біраз адамның жоғары білім алуына себепкер болды. Тұрмыстық, отбасылық жағдайларға байланысты білім ала алмаған азаматтар маман дип­ло­мын алды. Кейде жоғары білімді аза­маттар өмірден өз орнын басқа саладан тауып жатқан жағдайлар болады. Сол кез­де сырттай оқу арқылы білімін жетіл­діріп, жұмыстан ажырамай қосымша білім алып, өз мамандығының иесі атанады.
Уақыт өте келе заман ағымына бай­ланысты сырттай оқудың да мәні кетіп бара жатқаны жасырын емес. Сырттай оқу бірден жойылып кетпейтіні анық. Оның орнын қашықтықтан оқыту алмастырып, дами түседі. Қашықтықтан оқудың сырттай оқудан артықшылығы көп. Адамның интернет арқылы күнде­лікті тапсырмаларын алып, ізденіп, өзін-өзін дамытуына жол ашады.
Біз қазір Болон процесі бойынша жұмыс істейміз. Ал еуропалық білім беру жүйесінің басты ерекшелігі – студенттің жан-жақты ізденуіне көбірек көңіл бөлуде. Осы қағидаға сүйене отырып, күндізгі оқу бөлімінде де студенттердің өз бетінше ізденіп, жұмыс істеуін қолға алған абзал.
Қазір көпшіліктен «мына универ­ситеттің білімі жақсы, ал ана универ­си­тетте сапасы төмен» деген сияқты пікір­лерді естіп жатамыз. Расында, барлық университте министрлік бекіткен бір оқу бағдарламасы, бір силлабус. Бүгінгі заманда университеттерді олай салыстыру ойға қонымсыз. Өйткені мәселе – сту­денттің берілген тапсырманы орындап, өз бетінше ізденуінде. Мұндай пікірдің қалыптасуының себебі де сол, кейбір оқу орындарында студентке қойылған талап күштірек болады.
Қашықтықтан оқыту жүйесімен қоса, бинарлық білім беруді дамыту қажет. Яғни, бұл – студенттің оқу мен тәжірибені қатар алып жүруіне үлкен мүмкіндік ашатын жол. Бұл жүйе бізде әлі де кенжелеп келеді. Мысалы, кезінде зауыт-фабрикалар жақсы жұмыс істеп тұрған заманда студент университетте алған теориялық білімін бірден іс жүзінде көрсетіп, тәжірибе жинақтайтын. Өндіріс орны мен оқу орнының арасындағы байланыс студенттің өз мамандығына машықтанып, кәсібилігін арттыратыны сөзсіз. Қазір көптеген студенттер жазғы каникул кезінде даяшы, күзетші болып қосымша нәпақа тауып жүргенін көреміз. Алайда бинарлық білім жүйесі дамыса, студент сол ақшасын өз саласында тауып, бұған қоса тәжірибе де жинақтауына мүмкіндік туатын еді. Бұл жүйе қазір кәсіптік-техникалық колледждерде жақ­сы жолға қойылған. Университет түлек­тері диплом алғасын еңбек нарығында өз орнын таба алмай жатқан жағдайларды да байқап жатамыз. Мұның барлығы студент кезінен өндіріс орнымен байланыс орнатып, мамандықтың қыр-сырымен таныспағандықтан болады.
Бүгінгі таңда Елбасының «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы дамып келе жатыр. Осы орайда қашықтықтан оқыту­дың маңызы зор. Ал индустриалдық-инновациялық бағдарламаны жүзеге асыру үшін бинарлық білімді дамыту қажет. Елбасы бастамасымен қолға алын­ған өмірбойы білім алу салтын қалып­тастыруға атсалысуымыз керек. Егер Кеңес Одағы тұсында адам бір маман­дықты игеріп, өмір бойы сол білімі азық болса, бүгінгі заманда күнделікті білімін жетілдіріп, жаңашылдықтардан қалмай отырғаны маңызды.


БІЗДІҢ БАЙЛАМ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әр Жолдауында білім саласын жеке бөлім ретінде көрсетіп, интеллектуалды ұлт қалыптастыруды басты меже етіп қойғаны белгілі. Ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың басты құралы саналатын білім беру саласының да заман ағымына қарай жаңарып отыруы – заңды құбылыс. Сондықтан ақпараттық технологиялық ғасырда сырттай оқу түрін қашықтықтан оқыту алмастырса құба-құп. Ендігі мәселе – білім сапасын арттыру назардан тыс қалмай, заман талабына сай кәсіби мамандар даярлау. Бұл тұрғыда дуалды білім беруді
дамыту қажет-ақ.


Ақбота ИСЛӘМБЕК 

Бөлісу:

9 пікір жазылған

  1. Айдын 7 Тамыз, 2018 at 13:10 Жауап

    Осы сырттай оқуды бұрыннан жою керек еді. Ешқандай білім де сапа да жоқ. Тек жемқорлық

  2. Әлібек 24 Тамыз, 2018 at 18:01 Жауап

    Жалпы білімді уақытылы және нақты алу керек деп ойлаймын. Сырттай оқу, тиңп-қашып диплом алып шығу деген сөзғо.

  3. Даурен 24 Тамыз, 2018 at 18:01 Жауап

    Жалпы білімді уақытылы және нақты алу керек деп ойлаймын. Сырттай оқу, тиңп-қашып диплом алып шығу деген сөзғо.

  4. абылай 24 Тамыз, 2018 at 18:01 Жауап

    Я думаю с зачоным образование в фере образования участились покупка дипломов, студент и не видит своего ВУза

  5. Жанар 23 Қаңтар, 2019 at 20:26 Жауап

    Сырттаи болган жаксы коледжде 3 жыл тагы универде окима сырттаи калганы жаксы бала ози жумыс жасап сырттаи окуын битиреди
    Ата анага да коп комек болар еди ари бир уиде жалгыз бала окымаиды

Пікір жазу


*