Электрлі көліктерге сұраныс жоғары, ал отандық электробайк жөнінде не білеміз?

793
0
Бөлісу:

Әлемнің барлық қалалалары атмосфераны ластаушы автокөліктерге толы. Электрлі көліктер – олардың зиянды әсерінен қорғанудың ең сенімді жолы. Өйткені электрлі скутерлер мен мотоциклдардың, велосипедтердің автокөліктерге қарағанда артықшылықтары көбірек. Біріншіден, олардың қимыл-қозғалысы жеңіл әрі кез келген жерге сыйып кете алады. Екіншіден, жанармайсыз жүреді және ауаны ластамайды. Үшіншіден, электрлі скутерлер мен мотоциклдер, велосипедтер өздерінің шағын пішінінің арқасында автокөліктерге қарағанда жол бойында кептеліс  туғызбайды.

Соңғы уақытта Алматы көшелерінен осындай электрлі көліктердің бір түрі электросамокаттарды жиі кездестіріп жүрміз. Бұл электрлі көліктерге деген сұраныстың артып келе жатқанын аңғартады. Жеңіл көліктердің сатылымы былтырғымен салыстырғанда 70 пайызға көбейген. Қала билігі бұл құбылысты қаладағы веложолдардың жақсаруымен байланыстырып отыр. Осы ретте биыл елімізде велодәліз 30 шақырымға дейін ұлғайғанын да айта кету керек.
Бір артықшылығы элеткросамокатпен жүру үшін сізге жүргізуші куәлігі қажет емес. Ең бастысы, жол ережесін сақтаса­ңыз болғаны. Сонымен қатар бұл «жеңіл көліктердің» бағасы да қолжетімді болып шықты. Автокөліктермен салыстырғанда әлдеқайда арзан (70 мыңнан 250 мың теңгеге дейін).
Алдағы уақытта еліміздің барлық айма­ғында электроскутерлерден бөлек электробайктарды мінетін күн де жақын. Олай дейтін себебіміз, осыдан төрт-бес ай бұрын Алматы қаласының тұрғыны Ерлан Әлімхановтың ерекше электро­байк-трансформер жасап шығар­ға­нын еліміздегі барлық БАҚ өкілдері жарыса жазған болатын. Ал жоба авторы жаңа туындының қаладағы көлік кептелі­сі­нен шаршаған адамдар үшін таптырмас құрылғы екенін атап өткен еді.
Құрастырушы бұл қоғамдық көліктің жаңа түрін бар болғаны 2 ай ішінде жасап шығарған. Жаңа электробайк 15 бөлшек­тен тұрады. Оның бөлшектері заманауи материалдардан жасалған. Дегенмен мотор-дөңгелек, алдыңғы дөңгелек, рөл­дік механизм және аккумулятор секілді бөлшектері әзірге шет елдерден алынуда. Бүгінде инженер-өнертапқыш зейнет­кер­лерге арналған 2-3 дөңгелекті элек­тро­байк жасаудың жолын қарастыруда.
Ерлан жаңа туындысы жөнінде «Элек­тро­байк – жеңіл, жиналмалы әрі тез қуат­талатын ерекше көлік. Біз оның көмегімен қала тұрғындарын экология­лық әрі тиімді транспорт түріне көшіре аламыз. Бұл көлік түрінің жиналу меха­низ­мі балалар арбасының жиналуы­на ұқсайды және мөлшері бірнеше өлшемге кішірейеді. Электробайк-трансформерге әлеуметтік тұрақтың да қажеті жоқ. Оны үйде электр қуатымен қуаттауға болады» дейді.
Құрастырушы маман алдағы уақытта электробайктың 3 түрін, яғни балаларға, жасөспірімдерге және ересектерге арнап жасау­ды жоспарлап отырғанын жеткізді. Ересектерге арналған байктың салмағы – 110 келі, жүру ұзақтығы – 50 шақы­рым, жоға­ры жылдамдығы батареяның түрі­не қарай 45 шақырым/сағатты құрайды.
Велосипедтің салмағын жеңілдету үшін дөңгелектің диаметрін барынша кішірейте беруге болады екен. Жиналма­лы көлік авто­бустың ішінде де тасымал­дауға ың­ғай­­лы. Ұстап жүруге жеңіл әрі қоғам­дық көлікте ешкімге кедергі келтірмейді.
Отандық электробайктың бағасы шетел­де шығарылатын түрлеріне қара­ған­да анағұрлым арзан болмақ. Бұзылған жағдайда жөнделуі де оңай. Жаңа велосипедтегі 4 батарея 35 шақырымдық жолды бағындыруға мүмкіндік береді. Ал оны қуаттауға бар болғаны 4 сағат жеткі­лік­ті. Жол-жөнекей электробайктың қуаты таусыл­са, оны бірден жинап, қолға ұстап жүру­ге де болады. Көлік құралы әп-сәтте кіші­гірім жиналмалы дөңгелегі бар чемоданға айналады.
Автор өтімділігі жоғары болады деп күтілген жұмысын нарыққа сату үшін инвесторлар іздеуде. Осы мәселе төңіре­гінде ол «Бірнеше фирма менің ойлап тапқан дүниемді жүзеге асыруға ниетті. Жақында стартаптар жарысына қатысып, сонда инновациялық жобалармен айна­лы­сатын компания бірігіп жұмыс істеуге ұсыныс тастады. Маған сонда да инвес­тор­лар қажет. Сол кезде отандық электро­байкты жасап шығаруға үлкен мүмкіндік туады» деп айтқан болатын.
Иә, XXI ғасыр – озық технологиялар ғасыры. Ал электромопед, электроскутер, электробайк – жаңа заманның жаңа техно­­логиялары. Қаласаңыз да, қалама­са­ң­ыз да бұл құрылғылар біздің өмірімізге дендеп ене бастады. «Бүгінде ұялы телефондардың қажеттілігі адамдар үшін қандай болса, кейін электрокөліктердің де маңызы сондай болады» дейді мамандар.
Қазірдің өзінде алматылық өнертап­қыштың бұл өзгеше туындысына қызығушылардың саны өте көп. Жақын күндері отандық электробайктың жаңа үлгісін қала көшелерінен кездестіруіміз әбден мүмкін. «Сабақты ине сәтімен болсын» дейміз.

 Абылайхан ЖҰМАШ

Бөлісу:

Пікір жазу


*