Мектеп маңайындағы мешіттер бұзыла ма?

1682
1
Бөлісу:

Қазақстанда биыл сәуір айында діни ғимараттардың құрылысын регламенттейтін жаңа нормалар қабылданған болатын. Енді мектептен 300 метр аумақта орналасқан барлық мешіт бұзыла ма?

 Sputniknews.kz порталының мәлімдеуінше, бұл мәселені Шымкент қаласы мен Түркістан облысында 800-ден асып кеткен ғибадатханалардың жай-күйін дін қызметкерлері, дін істері және құрылыс басқармаларының мамандары қатысқан кеңесте талқыланған. Олардың қаншасы заңды, қаншасы заңсыз салынғанын шенеуніктер әзірге анықтай алған жоқ.

«Облыста соңғы үш жылда сегіз мешіт салуға рұқсат берілген. Қалғаны заңсыз салынған» дейді сәулет және қала құрылысы басқармасының қызметкерлері.

«Егер адам заңсыз ғибадатхана салса, ол оны өзі сүруі тиіс. Кейін ол жерге, құрылыс салуға қажетті рұқсаттарды алып, тиісті органға хабарлауға міндетті. Содан кейін құрылысты бастауға рұқсат етіледі» дейді Түркістан облысы сәулет және құрылыс басқармасының басшысы Бақытбай Дүйсебеков. «Мешіт салу бастамасын көтеретін адамдардың біразы рұқсат алмайтындықтан, өңірде заңсыз тұрғызылған мешіттердің саны жыл санап көбеюде. Соның салдарынан ауылдар мен округтердегі кейбір діни ғимараттар көбінесе бос қалады» дейді жергілікті шенеуніктер.

«Облыста және Шымкентте 800-ден астам мешіт бар, көбісі бос қалып жатады. Оған адам санының жетпеуі немесе құрлыс нормасының сақталмауы себеп болады. Ол мешіттерге ешкім бармағандықтан, біз оны ғибадат бөлмесіне айналдырамыз» дейді Түркістан облысы дін істер басқармасының басшысы Самат Сапарбаев. Шенеуніктер меценаттардан қандай да бір діни нысанды салар кезде заң нормаларын сақтауды өтінді.

Осы мәселеге қатысты Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының маманы «Айқынға» арнайы жауап берді.

 Бауыржан ЕСМАХАН, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб-мүфтиі:

ДІНИ ҒИБАДАТХАНАЛАРДЫҢ ҚҰЖАТЫ ЗАҢ ТАЛАБЫНА САЙ БОЛУЫ ТИІС

 

 Соңғы күндері БАҚ беттерінде «Қазақстанда биылғы жылдың сәуірінде діни ғимараттардың құрылысын регламенттейтін жаңа нормалар қабылданды. Енді мектептен 300 метр аумақта орналасқан барлық мешіт сүріледі» деген ақпараттар тарады. Мәселенің мән- жайына тереңірек үңіліп қарайық.

Бүгінде тіркелген, ресми жұмыс істеп тұрған мешіттердің сүрілуі мүмкін емес. Себебі, ол мешіттер салынған уақыттарында ресми рұқсатын алған. Құжаттары толық болып табылады. Мәселе мешіт немесе діни ғибадат үйін алдағы уақытта  салуға қатысты болуы мүмкін. Кейбір азаматтарымыз ақпаратты бірден қабылдап, мемлекетті қаралап жатқан жазбаларды да көруге болады. Мемлекеттік зайырлы жүйе – дінді мойындамайтын, дінге қарсы жұмыс істейтін жүйе емес.  Осыны түсініп алайық. Қайта, керісінше діни-сенім бостандығын және қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Біріншіден, барлық діни ұйымдар 2011 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңы аясында жұмыс істейді. Еліміз бойынша 2012 жылы республика бойынша барлық діни бірлестіктер қайта тіркеуден өтті. Бүгінде Қазақстанда жалпы саны 18 конфессияны құрайтын 3693 діни ұйым заң аясында өз қызметін жүргізіп отыр. Оның 2500-ден астамы мешіт. Бұл мешіттердің барлығы «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы» Республикалық ислами діни бірлестігінің (бұдан әрі – ҚМДБ) филиалы ретінде тіркелген. Осы заң аясында діни бірлестік филиалдарының жер құжаттары, ғимарат құжаттары талаптарға сай, заңды болуы көзделді. Осы негізде көптеген мешіттер мемлекеттік жер актісі мен ғимаратының құжаттарын толыққанды рәсімдеуді  ҚМДБ 2014 жылдан бастап қолға алған. Себебі, 2014 жылдың 30-маусымында қабылданған №231-V-3 Заңға сәйкес, Қазақстан Республикасында 2014 жылдың 1-қыркүйегінен 2015 жылдың 31-желтоқсанына дейін мүлікті жария ету науқаны жарияланған болатын. Осы науқан барысын тиімді пайдаланып, мешіт құжаттарын реттеуге облыс, аудан, ауыл имамдары жаппай жұмылдырылды. Оларға осы науқанның тиімділігі мен маңыздылығы түсіндірілді. Туындаған мәселелер шешіліп отырды. Нәтижесінде, көптеген діни ұйымдар өздерінің ғимараттарын заңдастырып алды. Яғни, ғибадат орындары жылжымайтын нысан ретінде Әділет департаментіне тіркелген мешіттердің бәрі де ҚМДБ-ның филиалы ретінде танылады.

Екіншіден, мемлекеттің зайырлы қағидаттарын сақтау мақсатында Дін істері және азаматтық қоғам министрілігі 2017 жылы діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды тарату үшін арнайы стационарлық үй-жайлардың, сондай-ақ ғибадат үйлерінен тыс жерлерде діни іс-шараларды өткізуге арналған үй-жайлардың орналастырылуын айқындау жөніндегі жаңа нұсқаулық қабылдаған болатын. Жаңа нұсқаулыққа енгізілген жаңашылдықтардың негізгісі – темір жол және автовокзалдар, әуежайлар мен порттарда діни іс-шараларды өткізуге арналған құлшылық бөлмелерін ашуға қатысты шектеудің алынып тасталуы. Аталған өзгеріс алыс жолға шығып, саяхаттайтын діндарлардың діни қажеттіліктерін қанағаттандыру мен оларға барынша жағдай жасау мақсатында енгізілгенін білеміз. Елімізге қонақ ретінде келетін немесе ел аумағында саяхаттап жүретін діндарлар ұшақтарын немесе қатынайтын көлік түрлерін күтіп, әуежайлар мен авто және теміржол вокзалдарының күту бөлмелерінде ұзақ уақыт бойы отыруға мәжбүр болып жатады. Сондықтан олардың құлшылық жасауына аталған ғимараттарда арнайы орындар болуы қажет.

Бұрындары мемлекеттік органдардан 300 метр қашықтықта орналаспаса үй-жайларда құлшылық бөлмелерін (намазхана) ашуға шектеу қойылатын. Енді 300 метрге дейінгі шектеу діни білім ұйымдарын қоспағанда, тек барлық білім мекемесінің аумағына қатысты қолданылатын болады.

Сонымен бірге, құлшылық ету бөлмелерін ашқан уақытта құлшылық жасауға қажетті жағдай жасау үшін тиісті талаптар сақталуы керек. Діни іс-шараларды өткізуге арналған үй-жайлардың жалпы ауданы 20 шаршы метрден бастап 100 шаршы метрге дейін болуы қажет. Сондай-ақ, үй-жайлар күзетті басқару пультіне тікелей шығатын бейнекамералармен жабдықталуы тиіс. Бұдан бөлек, аталған үй-жайлар дәрет алу үшін қажетті санитарлық тараппен қамтамасыз етіліп, заңнамаға сәйкес санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай болуы керек.

Қоғамдық орындарда құлшылық бөлмелерін ашу немесе ашпау шешімін ғимарат иелерінің өздері қабылдайды.

Бүгінгі уақытқа дейін мешіттердің 90 пайызға жуығы  құжаттары дұрыс деп есептейміз. Тек соңғы жылдары ашылған мешіттердің құжаттары енді рәсімделіп жатуы мүмкін. Тек мешіт салушы кісілер әуелі негізгі рұқсаттарды алғаннан кейін барып мешіт салса деген ниет. Ол үшін алдымен мешіт орналасқан жердің құжаты (мемлекеттік жер актісі), екінші мешіт ғимаратының пайдалануға жарамдылығын растайтын құжаты (техпаспорт) және соңғысы филиал ретінде тіркелгенін куәландыратын құжатын рәсімдеуі тиіс. Бұлай болмаған жағдайда діни ғибадат орындары заңсыз болып табылады.

Майра БАҚЫТ

 

Бөлісу:

1 пікір жазылған

Пікір жазу


*