Теңге неге құнсызданды?

1131
1
Бөлісу:

Осы аптада теңге құнсызданды. Доллардың тасы өрге домалады. Ұлттық банк өкілдері теңгенің әлсіреу себептерін түсіндірді. Ұлттық банк өкілдерінің мәліметінше, еркін өзгермелі айырбастау бағамының саясаты экономикада теңгерімсіздіктердің жинақталуын болдырмауға мүмкіндік береді.

Теңге бағамының ұзақ мерзімді үрдісіне іргелі факторлар әсер етеді. Негізінен, мұнай бағасы, негізгі сауда әріптес елдері валюталарының бағамдары, сондай-ақ, төлем балансының жай-күйі, инфляция деңгейі, Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі, әлемдік пайыздық мөлшерлемелер жатады.

 

«Соңғы уақытта Федералдық резервтік жүйесі (ФРЖ) монетарлық саясатының қатаңдауы аясында портфельдік инвестициялардың әкетілуіне байланысты көптеген дамушы нарықтардың ұлттық валюталарының әлсіреуі байқалады. Бұл тұрғыдан Қазақстан ерекшеленген жоқ. Сонымен бірге, бағалардың нарықтық конъюнктурасы және экономика өсуінің оң қарқындары теңгеге қолдау көрсетті және қалған факторлардың әлсіреуші әсерін жұмсартты, бұл теңге бағамының АҚШ долларына қатысты салыстырмалы түрде алғанда шамалы әлсіреуінде көрінді» деді Ұлттық банк өкілдері. Сонымен қатар еркін өзгермелі айырбастау бағамының қолданыстағы саясаты экономикада теңгерімсіздіктердің жинақталуын болдырмауға мүмкіндік беретіні айтылады. «Шетелдік инвесторлардың портфельдік инвестициялары Қазақстанның валюта нарығына әсер ету факторы ретінде жеке ескеруді талап етеді.

 

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы  бағалы қағаздар нарығында Ұлттық банктің ноттарын ұстаушы бейрезиденттер көлемінің және айырбастау бағамының кері тәуелділігі байқалады» деді Ұлттық банк. Наурызда байқалған ұстаушы бейрезиденттердің ең көп көлемі – 453,9 миллиард теңге (баламасы 1,43 миллиард теңге  АҚШ доллары) 2018 жылы ұлттық валютаның нығаю шыңына (наурыздың соңындағы жағдай бойынша 1 АҚШ доллары үшін 318,31 теңге) сәйкес келеді. Мамырдан бастап ұстаушы бейрезиденттердің үлесі дамушы нарықтардан портфельдік инвестициялар ағынының жалпы үрдісі және ФРЖ монетарлық саясатын қатаңдату бойынша кейінгі күтулер аясында төмендей бастады. 2018 жылғы 30 шілдедегі жағдай бойынша, ұстаушы бейрезиденттердің көлемі 158,5 миллиард теңге (баламасы 0,45 миллиард АҚШ доллары) болды, соңғы 4 айда бейрезиденттер 900 миллион, АҚШ долларына жуық сомаға бағалы қағаздар нарығынан шықты (шығу сәтіндегі теңге бағамының мәндерін ескере отырып), бұл валюта нарығына әсер етпей қойған жоқ. Резиденттердің экспорттық кірістерінің өсуімен байланысты сауда балансындағы едәуір оң жағдайға қарамастан, Қазақстанның төлем балансының ағымдағы шоты шетелдік инвесторлардың кірістерді шығаруынан теріс болып қалуда. 2017 жылы бейрезиденттерге кірістер төлемдері 19 миллиард АҚШ долларына жуық болды.

 

«АҚШ монетарлық саясатына келетін болсақ, ФРЖ сәрсенбідегі отырысында негізгі пайыздық мөлшерлемелерді өзгеріссіз қалдырды. Ашық нарықтар жөніндегі комитет ілеспе түсініктемелерінде экономикалық белсенділіктің үдемелі өсу қарқындары, жұмыссыздықтың төмен деңгейде сақталуы және үй шаруашылықтары мен бизнестің негізгі капиталға үдемелі шығыстары (инвестициялар) туралы белгі берді. ФРЖ экономика мен инфляцияның қалыпты өсу қарқындарын сақтау үшін өзінің индикативтік мөлшерлемесін одан әрі біртіндеп арттыруды қайталап көрсетті, сол арқылы осы жылғы үшінші рет қыркүйектегі қатаңдатуға негіз дайындады. Нарық күтулеріне сәйкес, қыркүйекте мөлшерлеменің өсу ықтималдылығы 92 пайыз, ал желтоқсанда қайтадан өсу ықтималдылығы 73 пайыз болды. ФРЖ мөлшерлемелерінің өсуі аясында көптеген инвесторлар барынша тәуекелді активтерден, атап айтқанда дамушы нарықтардан басымдықтарын АҚШ қазынашылық облигацияларына өзгертуде. Қазақстанның әлемдік қаржы нарығымен ықпалдастығы жергілікті нарықтағы жағдайға ауқымды үрдістер әсер етпек» деп мәлімдеді деді Ұлттық банк өкілдері.

«Айқын» ақпарат

Бөлісу:

1 пікір жазылған

Пікір жазу


*