«Астанамыз» жарап тұр

614
0
Бөлісу:

Футболдан Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңінде «Астана» сырт алаңда даниялық «Мидтьюлланд» командасымен тең түсіп, екі ойын қорытындысы бойынша 2-1 есебімен келесі кезеңге жолдама алды. Данияда өткен қарымта кездесу 0:0 есебімен аяқталды.

Қазақстанда өткен алғашқы кездесуде бір доп айырмашы­лығымен жеңілген «Мидтьюлланд» өз алаңында есе қайтаруды ойла­ды. Дегенмен Григорчук шәкірт­тері қорғаныста аса сақ ойнап, өздеріне қажетті есепті ұстап қалуға тырысты және олар өз дегендеріне жетті.
Ойынның бірінші бөлігінде алаң иелері допқа көбірек иелік етті. «Астана» футболшылары да қарап қалмады. Қарымта шабуыл ұйымдастырып, Хансен Йеспер қорғаған қақпаны көздеумен болды. Кездесдуің 19-минутында дат қақпашысымен бетпе-бет келген Джуниор Кабанангада есеп ашатын тамаша мүмкіндік болған. Оның тепкен добы қақпа сызы­ғының бойында теңселіп барып, кейін серпілді. Бір қарағанда, доп қақпаға енгендей көрінген. Бірақ испаниялық бас төреші Хуан Мунуэра гол болмады деген шешім шығарды. Ары қарай қос команда да алма-кезек шабуылдар ұйым­дастырғанмен, бірінші таймда гол көре алмадық.
Ойынның екінші бөлігінде жергілікті жанкүйерлер даниялық футболшыларға үміт артты. Өз командасының ойыншыларына қызу қолдау білдіріп, стадионда қиқу салып отырды. Алаң иелері де шабуылды бірінен соң бірін ұйымдастырып, гол соғуға әре­кет­тенді. «Астананың» айып алаңында бір-біріне әуелете пас асырған бой­шаң дат футболшылары Эрич қорғаған қақпаға бірнеше қауіпті соққы бағыттағанымен, доп қақ­паға дарымады. Алғашқы ойында жеңіске жетіп, сырт алаңда да жеңілмеген «Астана» даниялық команданы жарыс жолынан шығарды.
Енді Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңінде «Астана» хорватиялық «Динамо» (Загреб) командасымен кездеседі. Айта кетейік, бұл ойындар 7 және 14 тамыз күндері өтеді.

Абылайхан ЖҰМАШ

Бөлісу:

Пікір жазу


*