Спорт терминдері бір ізге түсті ме?

2269
0
Бөлісу:

Спорт тілі біртіндеп қазақыланып келеді. Бірақ көбіне орысша және халықаралық терминдер бұл салада берік орнығып қалған. Оны ысырып шығарып, өзіміздің аудармаларды қоя салу оңай шаруа емес. Қоя салған күнде де әлгі атаулар түпкі мағынаны сол күйінде бере алмай жатады. Осы орайда спорт терминдері жайында бірауыз сөз қозғап, мамандармен пікірлестік.


1. Елімізде спорт журналистикасы бір қалыпқа түсіп келе жатыр. Осы тұрғыдан алғанда, спорттық терминдердің жай-күйі қалай?
2. Спорт терминдері міндетті түрде қазақшаға аударылуы керек пе? Әлде түпнұсқада қалдыра берген жөн бе?
3. Өзіңіз материал дайындау (мақала жазу, сюжет түсіру) барысында спорттық терминдермен қалай жұмыс істейсіз?
4. Бұл мәселемен (спорт терминдері) комментаторлар жиі бетпе-бет келеді. Бұл тұрғыда олардың беталысы калай?
5. Нақты қандай аудармаларға көңіліңіз толмайды? Ал сәтті аударылған деп қай терминдерді айтар едіңіз?


 

Нұрғазы САСАЕВ,
спорт шолушысы:

1. «Көш жүре түзеледі» дегендей, қазір бұрынғыдай емес, алға жылжу байқалады. Мәселен, жеңіл атлетикадағы «тройной прыжок» жаттығуын «үштік секіру» деп тәржімалайтын «калька» (сөзбе-сөз) аудармалар азайды.

2. Спорт терминдерін түгелдей аудару міндет емес. Өйткені қазақшаға аударылмайтын да сөздер бар. Мысалы – гол, гимнастика, пас, рапира, т.б. Алайда кейбір спорт термин­дерінің қазақша баламасы болғаны да артық етпейді. Мәселен, офсайд – ойыннан тыс қалу, ринг – шаршы алаң…

3. Негізі мен инженер-маркшейдермін. Тау-кен өндірісі және мұнай өндіру саласында аударма жұмыстарымен айналысқан кезім болды. Сонда ондағы атқарылатын жұмыс түрлерін жақсы білмей, технологияларын жете түсінбей, аудару қиын екендігіне көзім жеткен. Спорта да солай, қисын деген болады. Әр спорт түріне, оның мән-мәнісіне ерекше көңіл аудару керек. Мәселен, бізде бәрін жарыс дей салу қалыптасып кеткен. Сөз жоқ, жүйріктер, жүзгіштер, конькишілер, шаңғышылар және т.б. жарысады. Ал тордың екі жағындағы волейболшылар жарыса ма? Жоқ, олар додаға түседі. Балуандар белдеседі (күреседі), гимнасшылар сайысқа (сынға) түседі. Ал бізде боксшылар, балуандар және волейболшылар арасындағы біріншіліктің (турнирдің немесе доп додасының) қақ төрінде «Жарысқа қатысушыларға жалынды сәлем!» деген ұран да тұрады…

4. Спорт терминдерін тек комментаторлар ғана көп қолданбайды. Олимпиада ойындары және футболдан әлем чемпионаты сияқты дүбірлі додалар кезінде оларды көп тыңдаймыз да, бар кінәратты соларға аударып, жапа-тармағай мін артамыз. Негізі, газет-журнал тілшілері де осы мәселемен күнделікті бетпе-бет кездесіп отырады. Үлгі тұтар ағаларымыз бар. Сейдахмет Бердіқұлов, Несіп Жүнісбай сынды ағаларымыздың кітаптарын көп оқу керек. Сонда терминдер тауқыметінен толықтай болмаса да, там-тұмдап құтылуға болады. Комментаторлар арасында бәсекелестік орнап келеді. Әрі көрермендердің талғамы өсіп, олар (комментаторлар) байыпты бола түсуге, көп ізденуге тырысып жүр. Уақыт пен талғам бәрін де түзейді.

5. Ұнамайтын «калька» аудармалар көп қой. Қайсыбірін тізіп жатамыз. Әйтсе де, «Астана» Қайратқа ұтылды» деген сияқты орысшадан сөзбе-сөз аударылған ең қарапайым сөз тіркесі менің де қытығыма тиеді. Шайбалы хоккейде «сан басымдығы» деген дүмбілез сөз бар. Орысша кері аударсақ, мүлде басқа мағынаны білдіреді. Сәтті аударылған терминдер де аз емес. «Бас бапкер», «қосалқы құрам», «теңбіл доп», «қаптал», «шеп» деген терминдерді ілтипатпен қолданатын болып кеттік.

 

Мадияр АРЫСТАНБАЕВ,
спорт журналисі:

1. Спорт терминдері дәл қазір­гі қазақ спортындағы үлкен мәселенің бірі болып тұр. Оның себебі де жоқ емес. Қазақ тіліне икемделе қоймайтын тер­мин­дер бар, мысалы ат спортын­дағы «свечка» (жылқының орнын­да тік қарғып тұруы. «Майшам» деуге келіңкіремейді), футболда «навес», «прострел» сынды сөздердің аударыла қоюы қиын. «Прострелды» комментаторлар «әуелете тастады», «әуелете асырды» деп айтады, алайда «прострелнизом» дегенді қалай айтамыз? «Жерлете, жербауырлата тепті» дейміз бе? Сол сияқты «навесіңіз» допты төбеден асыра тебу немесе тастау, оны қысқаша қалай жеткізуге болады?

2. Міндетті түрде аударудың қажеті жоқ, меніңше. Тым асыра сілтеу де кейде өзінің зиянын тигізіп жатады. Оны басқа салалардан көріп жатырмыз. Бір сәтсіз аудармалар болады өзі. Кезінде мектеп директорын «мүдір», процентті «пайыз» деп аударғанда, неге сүйенді ғалымдар, оның да өзінің бір ғылыми негізі болу керек. Әйтпесе, хоккейдің шайбасын да қазақшалауға болады. Бірақ ол қажет пе? Осы жағын да ойлау керек. Ауыр атлетика спортында «помост» деген бар, оны «тақтай­тұғыр» деп аударыпты. Оны тақтай деу үшін де негіз керек. Бұрын тақтай болған шығар, қазір ол басқа мате­риал­дан жасалады. Ал соны түсінікті тілмен аударуға бола ма? Меніңше, болады. Көсемсігенім емес, бірақ мем­лекеттік терминология комитеті еліміздегі сақа спорт журналистерімен бірлесе отырып, осы дүниені қолға алуы тиіс. Несіп Жүнісбай, Қыдырбек Рысбек, Сәкен Сыбанбай сынды майталмандармен бірге Амангелді Сейітхан, Есей Жеңісұлы, Ермұхамед Мәулендердің де бұл мәселеге өз қосары бар екеніне сенімдімін. Ал орыс тілінен, өзге тілдерден енген терминдер сол қалпында қалғаны дұрыс. Өйткені оны дүниежүзі қолданады. Қазір жаңадан шығып жатқан терминдер де көп, «инсайдер», «вингер» сөздері құлаққа сіңісті әлдеқашан. Оларды аударудың еш қажеті жоқ деп топшылаймын. Снаряд, разряд, рикошет сөздерін бір сөзбен жеткізу мүмкін емес. Қазақша баламасын табу керек. Ал раунд, фаворит, форвард сөздері аударуды қажет етпейді.

3. Материал дайындағанда, барынша қазақша сөздерді пайдалануға тырысамын. Орыс тіліндегі сөздерді мақалаға қосуға әсте болмайды. Көзге қораш көрінеді. Оларды орағытып алып келіп, қазақшалауға тура келеді. Тым өзімбілемдікке салынып кетуге де бол­майды. Футболдағы «бутсты» «бутсы» деп жазатындар да кездеседі. Ол дұрыс емес. «Алтын бутсы иегері» дейміз, сонда «ы» жалғауы қайдан келді? S-тің өзі ағылшын тілі­нің жалғауы. Boot – бәтіңке, boots – бәтіңкелер. Сондықтан «бутс» деп жаза берудің еш сөкеттігі жоқ. Бұл бір ғана мысал. Айта берсең өте көп.

4. Спорт комментаторлары – ең көп «таяқ жейтін» ма­мандар. Мұның өзіндік себебі бар. Елде спорт ком­мен­таторларын даярлайтын бірде бір оқу орны жоқ. Бұл – бір. Екіншіден, комментаторлық мектептің толық қалыптаспағандығы тағы бар. Соған қарамастан, өсіп келе жатқан, сауатты жастар көп. Сұлтанғали Қаратаев салған сүрлеу алдағы 10 жылда даңғыл болады деп сенемін.

5. Белгілі бір бекітілген нұсқасы болмаған соң, спорт терминдерін әркім білгенінше аударып жүр. Мысалы, «акцентированный ударды» «ерекше соққы», «айрықша көзделген соққы» дейтіндер бар, ол тіпті Базарбек Төтенайдың 1994 жылы жарық көрген «Спорт атау­ларының орысша-қазақша сөздігі» атты еңбегінде солай аударылған. Ерекше – особенный, айрықша – уни­кальный деп аударылады. Ендеше, «акцентированный ударыңыз» – діттеген соққы болса, дәлме-дәл мағынасын береді. «Шпагат» – шатпен отыру деп аударылып жүр, шатқа отырыс дейді. Меніңше, екеуі де дұрыс. «Полу­шпагат» – жартылай шатпен отыру. «Кубок» сөзін ішінара балама түрде «саптыаяқ» сөзімен алмастырсақ, қандай тамаша болар еді. «Саптыаяқ» басқа ешқайда қолданылып жүрген жоқ. «Тренерді» «бапкер» немесе «жаттықтырушы» деп атау төңірегінде біраз сөздер айтылып жүр. Бапкер деп қазақ ат баптаушыны айтады деп уәж айтушылар бар. Меніңше, басқа жаттықты­рушыларға қатысты да айта беруге әбден болады.

 

Ермұхамед МӘУЛЕН,
спорт комментаторы:

1. Спорт терминінің жай-күйі өте нашар деп ойлаймын. Бір ізге түсе қойған жоқ. Әлі аударылмаған көптеген сөздер бар. Жеңіл атлетикадағы «конь», футбол­дағы «навес», «прострел» сөздері өз аудар­ма­сын күтіп тұр. Әркім әртүрлі айтқан­дықтан, шашыраңқы болып кетіп жатыр.

2. Спорт терминдерінің аударылатыны да, аударылмайтыны да бар. Соның қазақшаға керектері әлі тәржімаланбаған. Халықаралық терминге айналып кеткен «гол», «пас», «офсайд», «корнер» дегендерді аудару қажет емес. Өйткені ол сөздерді бәрі түсінеді. Ал түсініксіздерінің баламасын тауып, тым құрығанда синоним ретінде пайдалану керек. Бір-екі сөзді өзім аударып айналымға қосқанмын. Оның бірі сәтті болса, бірі сәтсіз болды. Жалпы, осы мәселемен айналысатын кәсіби мамандар керек-ақ.

3. Спорт журналисі ретінде терминдерді еш аудармасыз, сол күйінде қолданғанды дұрыс көремін. Себебі, аударып қазақшаласаң, оны көп адам түсінбей, сынап жатады.

4. Комментаторлар спорт терминдерімен жиі «қақтығысады». Барынша оқып, дайындаламыз. Кейде «әуелете көтеріп», кейде «жер бауырлата пас беріп» жатырмыз. Соның арқасында біраз дүние ретке келіп қалды. Футболда аса қатты проблема жоқ. Ал басқа спортты жүргізген кезде түйткілді мәселелер басталады.

5. Мысалға, футболдағы «опорник» деген сөзді «артқы жартылай қорғаушы» деп аударып, қазір айналымға еніп кетті. Бірақ аса сәтті аударма деуге келмейді. Себебі, футболда «артқы жартылай қорғаушы» деген ұғым жоқ. «Опорник» дегеннің өзі «тірек» деген мағынаға саяды. Яғни, ол позициядағы ойыншы – бүкіл ойынды жусатып-өргізетін қақ ортасы. Бәрі соның айналасында жүру керек. «Опорник» футболды ұйымдастырады, бағыт береді.


ТҮЙІН 

Түптеп келгенде, спорттағы дұрыс сөз қолданысының қалыптасуы бәрімізге байланысты. Біз көбіне спорт комментаторларын сынға алып жатамыз. Ал баспасөздегі спорт тіліне аса көп мән бере бермейміз. Мүмкін, бұл бағытта оқулық шығарып, ортақ бір жүйе қалыптастыру керек шығар?! Әшейінде, қазақ тілінің бай екенін айтып жағымыз талады. Ал спортқа келгенде күмілжіп қаламыз. Осы кедергіні жоя алсақ, бұл спорт журналистері үшін де, оқырман мен көрермен үшін де сауапты іс болар еді.


Абай АЙМАҒАМБЕТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*