Баланы мектепке дайындау қанша тұрады?

1010
0
Бөлісу:

Бір айдан соң жаңа оқу жылы басталады. Ата-аналар баласын мектепке дайындау қамына кіріседі. Бағасы мен сапасы үйлесетін киім-кешек пен құрал-жабдықтарды түгендеу оңай шаруа емес. Бір баланы мектепке киіндіру мен қажетті құрал-жабдықтарын алу қанша тұрады? Біз де базар бағасын бағамдап көрдік.

Жалпы, қазіргі нарық әркімнің қалтасына қарай түрлі бағаны ұсынады. Бір анығы – биылғы баға былтырғымен бірдей емес. Өткен оқу жылы базардан ер балаларға ар­нал­ған ең өтімді «турецкий» мектеп форма­сын жакетімен 14-15 мыңға алуға болса, биыл олардың құны 18 мыңнан түспей тұр. Қытай астанасындағы зауыттан шығатын мектеп формасы – 14-15 мың теңгенің айналасында. Бірақ жібі шығып, тігісі қисайып тұрған форманың біраз уақыттан кейін түсі оңып, түте-түтесі шығып кетері анық.
Жоғары сынып оқушысы формасының құны бастауыш сыныптыкіне қарағанда қашан да қымбаттау болады. Қыз балалардың мектеп формасында белдемше, шалбар, жакет пен пенжак жүретіндіктен, олардың да бағасы бірдей емес. Мақта-маталы жейде мен блузкалардың бағасы 3500 мың теңгеден басталады. Одан арзандау синтетикалық жейделер де тұр, бірақ та «арзанның жілігі татымайтыны» анық.
Қазақстандық компаниялар да мектеп формасының түрлі жиынтығын ұсынады.
Ұл баланың 28-34 өлшем аралығын­дағы пиджак-шалбары 15 мың болса, 36-40 өлшемдегі – 16 мың, 42-58 өлшем аралы­ғын­дағы пиджак-шалбар – 20 мыңның үстінде. Жакеті мен жейдесін әрқайсысын 4-5 мың теңгеге бөлек сатып аласыз. Галстугы 100-1500 теңге. Арнайы дүкендерде пиджагы мен шалбарын бөлек алуға да болады. Былтыр киген формасының үсті әлі де киюге жарап тұрса немесе ауыстырып киетін шалбар керек кезде, осындай ұсыныстар қажет.
Қыз балалардың мектеп формасы бас­тауыш сынып оқушылары үшін 20-24 мыңнан басталады. Жоғары сынып оқушыларының формасы 27-31 мың теңге аралығында. Жей­делер мен блузкалар 3500-7000 теңге тұрады. Нәтижесінде, мектеп формасының өзіне 20-30 мың теңге кетеді.
Тағы бір айта кетерлігі, арнайы дүкендерде тауардың сапа сертификаты болады. Алатын формаңыз сәл де болса киіс береді. Оған қоса еліміздің бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин мектеп формасы гигиеналық талаптарға да сай болу қажеттігін еске салған еді. «Форманың сыртқы қабатының құра­мын­дағы табиғи талшықтар – жүн, мақта, жібектің үлесі 30 пайыздан кем болмауы тиіс. Киімнің астары 100 пайыз табиғи матадан тұруы керек. Жейде мен блузкалар құрамы­ның 65 пайызы табиғи өнімнен тұруы талап етіледі. Бұндай талап не үшін қойылады? Өйт­кені синтетикалық талшықтар ауа өткізбейді». Мектеп формасында балалар күні­не кемі 5-6 сағат жүреді. Осы уақытта үс­тін­дегі киімі қыспай, ауа өткізіп тұруы шарт.
Жаңа оқу жылына тек мектеп формасы емес, аяқкиім, спорттық форма, спорттық аяқкиімді де алу керек. Олардың да бағасы сан алуан. Базардан бастауыштың оқушысына аяқ қиімді 3-4 мыңнан жоғары алуға болады. Бірақ сапасы сын көтермейді. Бір-екі киістен соң мыжырайып, түсі кетіп шыға келуі мүмкін. Ортопед мамандар аяққиімге ақша үнемдемеуге кеңес береді. Киген кезде өкше жағынан баланың бір саусағы сыятындай кеңістік қалуы керек. Сәл де болса, сапалы аяқкиімдер 15 мыңнан жоғары тұрады. Спорттық аяқкиімде сол шамада. Ал мектеп­ке қажетті қарындаш-қалам, кітап-дәптер мен сөмкені жәрмеңкелерден алған тиімдірек. Баланың оқитын сыныбына қарай, кеңсе тауарларына 5 мың теңгеден артық қаржы жұмсалады. Мектеп сөмкесін таңдаған кезде де оның салмағына назар аударған абзал. Мамандардың айтуынша, бос сөмкенің салмағы 1 келіден аспауы керек. Сондай-ақ тартпасы баланың иығын қимай, салмақты бүкіл арқасына бірдей салатындай, негізгі қаңқасы қаттылау болғаны дұрыс. Бүгінде бір баланы мектепке жинау үшін үнемдеп жүріп, арзандауын таңдаған күннің өзінде кемі 50-60 мың теңге қажет.

 


КЕРЕК КЕҢЕС:

1. Базарға барғанда міндетті түрде саудаласыңыз. Саудагерлер ешқашан өз пайдасынан желінбейді.
2. Сыныптағы басқа оқушылардың ата-анасымен сөйлесіңіз. Бүкіл сынып болып, бір жерден алса, көтерме бағасы арзан түседі.
3. Қалам-қарындашты мектеп жәрмеңкесінен алған дұрыс.
4. Дүкендердің арнайы бонустық бағдарламасын пайдаланыңыз. Әрине, қызу сауда кезінде ешкім үлкен жеңілдік жасамайды, дегенмен аз да болса, пайда.
5. Мектеп формасын ертерек алуға үлгермей, қалсаңыз дүрлікпе басылғанын күте тұрыңыз. Қыркүйек айының ортасына қарай базардағы адам аяғы сиреп, сатушылар жеңілдіктер де ұсына бастайды.


Самал МӘКЕН

Бөлісу:

Пікір жазу


*