Елорда іргесінен Сақ дәуіріне тиесілі жәдігерлер табылды

748
0
Бөлісу:

Астанадан Қарағандыға шығар жолдағы Күйгенжар шатқалында орналасқан қорғандағы қазба жұмысы барысында елорда аумағында Сақ дәуірінде тіршілік болғанын дәлелдейтін жәдігерлер табылды. Бұл туралы Қорым­ды зерттеу жұмыстарын үйлестіруші Астана қаласының Мәдениет және спорт басқармасы хабарлады.

Біз Іле қазба жұмыстарына жетек­шілік жасап жүрген Л.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық университеті археология және этнология кафедра­сының меңгерушісі, Кемел Ақышев атындағы археологиялық ғылыми-зерттеу институтының директоры Марал Хабдулинаға қоңырау шалдық. Айта кетерлігі, қазба жұмыстарын Еуразия ұлттық университетінің Есіл археологиялық экспедиция­сы жүргізіп жатыр.
Марал Ғалымжанқызының ай­туынша, қазба жұмысы халқымыздың бай тарихи-мәдени мұрасын сақтауға бағытталған «Рухани жаңғыру» мем­лекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында жүргізіліп жатыр екен.
«Қорымды зерттеу жұмыстарын Астана қала­сының Мәдениет және спорт басқармасы үйлес­тіріп отыр. Археологтарымыз екі аптадан бері ты­нымсыз еңбек етуде. Олардың арасында универ­си­тетіміздің тарих факультетінің мұғалімдері, докто­ранттары мен магис­транттары, студенттері – ұзы­н­саны 17 адам бар. Бүгінге дейін зерттеу жұ­мыс­тары бары­сында қорғанның жоғарғы қабатындағы бастапқы 7 қабір ашылды. Қабірге жерлеу рәсімі бойын­ша зираттар XV-XVI ғасырға жат­қызылды. Алдын ала болжам бойынша зираттар мұсылман дәстүрімен жасал­ған» дейді Марал Хабдулина.
Екі моладан әшекейлер табылған, оның ішінде қола сырға мен күміс жіп бар. Ал қыздың қабірінен неке жүзігі шыққан. Жүзікті әйел оң қолына киген екен. Таспен жабылған қорғанның биіктігі – 4 метр, диаметрі – 60 метр. Оның гранит плиталары Нұра өзенінің жағасынан алынғаны белгілі болып отыр.
«Қазба жұмыстары, кем дегенде, екі аптаға созылуы мүмкін. Бұл қорым бұрыннан белгілі ғой. 2005 жылы осы қорғанның жанындағы бірінші қор­ғанды қазғанбыз, ол қорған қазба жұмыстарына дейін тоналғандықтан, қандай да бір жәдігерлер та­бы­ла қоймаған еді. Қазіргі қазып жатқан қор­ған­да жерленгендер қоғамда жо­ғары мәртебеге ие бол­ған адамдар. Әзірге бірнәрсе деуге ерте, қазба жұ­­мы­сы біткен соң, зерттеп, сараптап, ғылыми есеп тап­сы­рылады. Ақпарат құралдарында да қоры­­тын­­дысын жария­лаймыз» дейді Марал Ғалымжанқызы.

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ

Бөлісу:

Пікір жазу


*