Жерлестер жаңалық жасамақшы

720
0
Бөлісу:

Ақтөбе облысында «Нұр Отан» пар­тия­сының мүшелері туған жеріне барып, қайы­рым­дылық шараларына қатысты. Кіндік қаны тамған жердің көркеюіне үлес қосып, балалардың демалысын ұйымдастырған партия мүшелері бірнеше әлеуметтік нысан салуға уәде берді.

Мәселен, Ырғыз ауданында туып-өскен «Нұр Отан» партиясының мүшелері жерлестер форумына қатысып, қолдан ке­лер қайырымды іс жасады. «Ырғызым – ырысты мекенім» атты форумға еліміздің әр түкпірінде жүрген күні кешегі «ауыл балалары» қатысып, демеушілік көрсетті. Олардың қамқорлығымен аудандағы бір­неше бала «Ақбөбек» сауықтыру лагеріне барып, одан соң Астанаға сапарлайды. «Бақытты бала» жобасы аясындағы жол­да­маны облыстық және аудандық мәсли­хаттағы «Нұр Отан» партиясы фракция­сы­­ның мүшелері Жеңісгүл Мұхам­­бет­­­пайызова мен Ибрагим Сәрсенбаев табыстады.
Форум кезінде аудан кәсіпкерлері мен ауылдық округ әкімдері арасында құны 100 миллион теңгені құрайтын бірнеше меморандумға қол қойылды. Нәтижесінде, Ырғыз ауылында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде балабақша ашы­лады және спорт кешені бой көтереді. Әрі Бақберген Садықов атындағы көше жарықтандырылып, Құмтоғай ауылдық округінің Қарақұдық ауылы мен Тәуіп ауылдық округінің Құйлыс ауылында саябақ салынады.
«Ауданымызда белгілі бір белестерді бағындырған және спортқа ынталы жастар көп. Мәселен, белбеу күресінен Абылай Қосмұратов әлем чемпионы атанса, Абылай Сағынғали жуырда АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында өткен еркін күрестен әлемдік жарысқа қатысты. Сондықтан да, бала­лар­дың қабілетін шыңдап, тұрақты жаттығуы үшін аудан орталығына спорт кешенін саламын. Құрылыс құны 19 миллион 500 мың теңгеге шығады» деді аудандық мәслихаттағы «Нұр Отан» фрак­циясының мүшесі Ибрагим Сәрсенбаев. Форум барысында кәсіпкерлік-іскерлік шеберлік сабақтар, тарихи-мәдени танымдық тақырыптарда кездесулер өтті. Ауданның әлеметтік-экономикалық дамуына қомақты үлес қосқан азаматтар «Жомарт жүрек» сыйлығымен мара­патталды. Шараға био­логия ғылым­дарының профессоры Валерий Ажбенов, Мәжіліс депутаты Асылбек Смағұлов, атақты дәрігер Нағашы­бай Ақатаев, филисофия ғылымдарының докторы Ербол Шабанов арнайы қатысты.

Алтынай САҒЫНДЫҚОВА,

Ақтөбе облысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*