Жақсы шығарма – халықтың ортақ қазынасы

899
0
Бөлісу:

Ұлттық кітапханада Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің дипломаты, Қазақстан Жастар одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты, халықаралық Жамбыл сыйлығының иегері Мәлік Отарбаевтың «Бір қайыры бар дүние» атты эсселер жинағының тұсаукесер рәсімі өтті.

Шараны жүргізген ақын Дәулетбек Байтұр­сынұлы жазушы-аудармашының осыған дейін Сүйінбай Аронұлы, Шерхан Мұртаза, Нұрлан Оразалин, Рахымжан Отарбаев, Темірхан Медетбек, Рафаэль Ниязбек, Есенқұл Жақыпбектің кітапта­рын түрік тіліне аударып, Юнус Эмре, Решат Нұри Гүнтекин, Халдун Танер сынды түрік ақын-жазушыларын қазақ тілін­де сөйлеткенін атап өтті. 25 қазақ қалам­герінің әңгімесі мен О.Сүлейменов­тің түркі тілдеріндегі өлеңдер жинағын құрастырып, бауырлас елдер назарына ұсынғанын да еске салды. Сондай-ақ автор­­­дың кезекті туындысы «Рухани жаң­ғы­­ру» бағдарламасы мен Астананың 20 жыл­­дық мерейтойына тарту екенін атап өтті.
Жиналғандар Мәлік Отарбаевтың шығар­машылық қыры мен аудармашылық еңбегін және драматургиялық ізденістерін айта келе, жаңа кітаптың көтерген жүгі мен көздеген мақсаты оқырман қауымның көңілінен шығарына сенім білдірді.
– Мәлік Отарбаев – кейінгі жылдары әдебиетте өнімді жұмыс істеп жүрген талантты жазушы, – деп бастады өз сөзін Мемлекеттік сыйлықтың иегері Темірхан Медетбек. – Оның өз орны, өзіндік үні бар. Шағын әңгіме-эсселерімен адам бойын­дағы ізгі қасиеттерді, имандылықты, ізгілікті, инабаттылықты айта отырып, қоғамда болып жатқан келеңсіз құбылыс­тар­ды сынайды. Жалғыз Қазақстан емес, әлем елдеріндегі жағымсыз әрекеттерді, керексіз мінез-құлықтарды сарапқа салып, сонымен бірге, адам мен адамның үйлесім­ді­лігі, жарасымдылығы жайлы айтып келе жатқан ойлы азамат. Оның ең басты қасиеті – түрік тілін өте жақсы меңгергені. Екі елдің жақындасуына үлкен ықпал етіп жүрген мұндай жастар өте сирек, – деп қалам­­гердің жаңа белеске көтерілуіне, жар­қын шығармалар беруіне тілектестік білдірді.
Мемлекет және қоғам қайраткері Шәмша Беркімбаева жазу­шы-аудармашы­ның қолтаңбасы баспасөз беттерінен таныс екендігін және «аз сөзбен көп ойды білдіретін жазушы болады-ау» деп топшылап жүрген үмітін ортаға салды. «Бұл кітаптағы оқиғалар барлығымыздың басымызда кездесетіндей болып көрінуі мүмкін. Бірақ ол әрбір жайттан ұлтымыз­дың философиялық ұстанымда­рына сай келетін ой түйіп отыруымен ерекшеленеді. Дұрыстап зер салсақ, әр сөзі афоризмге айналып тұр. Қазақ халқының даналық мектебін жалғастыратын жастар бар екен ғой деп шүкіршілік етемін. Өзі – өте еңбекқор адам, білімді, өз халқын жақсы көретіні, өз ұлтының рухани дүниесін байытуды мақсат еткені істеп жүрген қызметінен де, жазып жүрген шығармашы­лы­ғынан да айқын көрінеді, – деді.
Ары қарай сөз алған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Ахмет­жан Ашири: «Мәлік бауырымыз білікті, білімді, зерделі жазушы. Шығармаларын түгел оқуға құштармын. «Бір қайыры бар дүние» кітабы шықпас бұрын Түркияда түрік халқының көңілінен шыққан «Баян­ды бақ» пьесасының қойылғанын біле­мін. Өзім оқып шықтым, маған кере­мет ұнады, мазмұнды жазылған. Ұлт­тар достығы, халықтар тағдыры – Қазақстандағы өзге ұлттардың бақытты тіршілігін боямасыз көрсеткен. Қазақ оқырманына жақсы таныс басқа да әңгімелері бар. Жақсы шығарма – қазақ оқырманының ғана емес, барлық ұлттың, Отанымыздың, халқы­мыздың ортақ қазынасы. Халықтың рухани байлығы, ынтымақтастық байла­ны­сы деп айтуға болады. Сондықтан «Бір қайыры бар дүние» кітабы мазмұны, көркемдігі, ой-пікірді жеткізу жағынан үлкен пікір айта алады. Терең білімді, ақыл­ды жазушыны көрсетеді. 20-30 бет емес, қысқа-қысқа жазғанының өзі адамға ойға салатын философиялық хикмет. Чехов­тың үлгісі сияқты десем, қателес­пей­мін. Асықпай оқитын, оқысаң ойға салатын, ізгілікке тәрбиелейтін құнды шығар­ма деп есептеймін», – деген пікірі­мен бөлісті.
Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіре­пов­тің әдеби-мемориалды музейінің дирек­то­ры Әділғазы Қайырбеков: «Мәлік Отар­баев­­тың жазғандарын біраз жылдан бері қарап жүрмін. Қазақ әдебиеті мен түрік әдебие­тінің қайнарынан қанып іш­кен, үз­дік шығармаларды әбден сүзгі­сі­н­ен өткіз­гені байқалады. Кітапта бір-екі сөй­лем­­нен тұратын шағын әңгіме­лер бар. Кезінде жапон поэзиясында екі жолмен бір өлең жазу үрдісі қалыптасқан еді. Бұл тәжірибе шығыс поэзиясында да бар. Бұл дәстүрді прозаға алып келу үлкен жаңалық. Мәлік­тің үнемі ізденісте, жаңашылдыққа құмар болып жүргені бізді қуантады», – деді.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайрат­ке­рі, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлы­ғы­ның лауреаты Берік Шахан: «Құдайға шүкір, біздің қазақта жақсы жазушылар аз емес. Бірақ жақсы кісілер көп емес. Бұл жазушының мен сыйлайтын ерекшелігі, кісілік болмысы өте зор, мәдениеті жоға­ры. Жазушылар одағында біраз жыл қыз­мет­­­тес болдым. Іске деген орнықтылығы, жауап­кершілігі, адаммен қарым-қатынасы биік деңгейде. Кейінгі кезде прозада жақсы әңгімелер жазып, драматургияда жақсы шығарма беріп жүр. Шығарма­шы­лы­­ғының ең үлкен саласы аударма, қазақ пен түркі жұртын табыстыруда алтын көпір­ге айналды. Бұл халықтың алдын­дағы, қоғамның алдындағы үлкен еңбек, мұн­дай азаматтарды бағалап, құрметтеуіміз керек. Әрдайым тілектес болуымыз қажет. Болашақ қазақтар осындай жан-жақты болса екен деп тілейміз», – деп алдағы ізденісіне ақ жол тіледі.
Ақын-жазушы Нұржан Қуантайұлы:
– Мәлік – төрт тілді еркін меңгерген жазу­шы. Аудармашы ғана емес, Осман дәуіріндегі, Ататүрік заманындағы түрік тарихын жақсы білетін шежіреші, тарих­шы. Оның жазушы-аудармашы ретінде шы­ғармаларын оқып отырып, бойында бір­неше қасиет дарыған талантты қаламгер екенін байқадық. «Баянды бақ» пьесасы – қазақ драматургиясына өзіндік үлес қоса алатын, үлкен үміт күттіретін жазушы еке­нін айқындай түседі.
«Бір қайыры бар» дүние» эсселер жина­­ғын­да шығыстың көне сарындарын, Осман заманын, мұсылмандық кезеңдерді қазіргі уақытпен салыстыра отырып, ой түйіндейді. Мұндай қадамға екінің бірі бара бермейді. Осындай жақсы дүниелер жазу үшін шығыс тарихынан, Осман дәуірі­нен, мұсылмандық өркениеттен хаба­ры болуы керек. Мәлік Отарбаев – бұл сала­да қай жағынан болсын, қамшы салдыр­­майтын бес аспап маман, – деп жоға­ры баға берді.
Жиынға жазушы – ақын Нәзікен Алпа­м­ы­сова, Рафаэль Ниязбек, Нағашы­бек Қапалбекұлы, Қуандық Түменбай, Нұрдә­у­лет Ақышев, Зәкір Асабаев, Мамытбек Қалдыбай, Жүсіпбек Қорғас­бек, Дүйсен Мүсірәлі, Нұрғали Ораз, Ерма­хан Шайхы, Болат Шарахым­бай, тіл жана­шыры Асылы Осман, ғалым-профес­сор Дандай Ысқақ, аудармашы Самал Соқпақбаева, Б.Май­лин қорының дирек­торы Жұмабек Табын және тағы басқа зиялы қауым өкілдері мен әдебиет­та­нушы­­лар қатысып, сөз сөйледі. Әдеби әңгі­ме әнмен өріліп, Мәдениет саласының үздігі, дәстүрлі өнердің дүлдүлі Нұржан Жанпейісов көпшіліктің сұрауымен екі қайтара ән салды.
Кеш соңында адамдар арасындағы қарым­ – қатынас, өмірлік құндылықтар, асыл сезім, көркем мінез қалыптастыру тұрғысындағы гуманистік көзқарастарын оқырман талқысына ұсынған Мәлік Отарбаев жиналғандарға алғыс айтып, ризашылығын білдірді.

Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*