Пайдасынан зияны көп полиэтилен

1688
0
Бөлісу:

Қазір әлем қоқыстың құрсауында қалып отыр. Шірімейтін тұрмыстық қалдықтардан жиі зардап шегеді. Тіпті төрт ғасыр өтсе де, мұрты бұзылмайтын пластикалық бөтелке, полиэтилен қалталардың залалы климатты өзгертуге дейін ықпал етіп отыр. Қоқысқа көміліп қалмаудың жолы – табиғи өнімдерден жасалған заттарды тұтыну.

Күнделікті тұтынатын полиэти­лен қалталарды алғаш рет АҚШ-та өндірген. 1957 жылдан бері күн санап сұраныс артқаны соншалық, жер беті полиэтилен дорбадан бас көтере алмай қалды. Күнделікті қисапсыз қолдану салдарынан мұхиттар да қоқысқа көмілудің аз-ақ алдында тұр. Бір жылда 6 миллион 300 мың тонна полиэтилен дорба теңіздер мен мұхиттарға тасталады екен. Соның салдарынан теңіздегі тіршіліктің тағдыры қыл үстінде. Балықтардың жаппай қырылу жағдайлары жиілеген. Бір жылда жүз мыңға жуық теңіз жануарлары осы пластикалық қоқыс кесірінен қынадай қырылады екен. Оның ішінде сирек кездесетін, саны аз, ерекше қорғауға алынғандары да бар. Пайдасынан зияны көп полиэ­тилен дорбалардан зардап шеккен мемлекеттер оны қолдануға шектеу қойған. Еуропаның бірқатар елінде полиэтилен дорбаларды қол­­дан­­байды. Данияда 1994 жыл­дан полиэтилен пакеттер тегін тара­ты­латын дүкендерге салық сала­ды. Австралия айыппұл төлетеді. Ирландияда матадан тігілген қалта­ны пайдаланады. Финляндияда полиэ­тилен пакеттерді қабылдайтын автоматтар орнатқан. Францияда 2016 жылдан бері полиэтилен пакет пен пластик ыдыстарды қолдануға, қайта өңдеуге тыйым салынған. Өзбекстанда 2019 жылдан бастап тегін полиэтилен қалталарды тара­ту­ға тыйым салынған. Бүгінде Ресей­­дегі 100-ге жуық сауда орны полиэ­ти­лен қалтаны таратуды тоқтатты.
Бұл бағытта Қазақстанда «Жасыл экономика» тұжырымдамасы дайын­дал­ған. Ішінара қолға алынған, жүзеге асып жатқан жұмыстар да жоқ емес. «Жасыл экономиканың» мақсаты – 2030 жылы Қазақстанда қалдық өңдеу көрсеткішін 40 пайызға жеткізу. Қазіргі кезде қоқысты қайта кәдеге жаратудың көрсеткіші небары 10 пайыздан аса алмай тұр. Оған қосымша, келер жылдың 1 қаң­тарынан бастап полигондарға плас­тмасса, пластик, полиэтилен, құрылыс материалдарының қалды­­ғын тастауға және сақтауға бол­май­­ды деген тәртіп енгізіледі. Инвес­ти­циялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек «Энергетика минис­тр­лігі әлемнің көп жерінде болып жат­­қан мәселені білгеннен кейін елімізде полиэтилен пакеттің қол­да­­ны­сына шектеу қоюды кезең-кезеңі­мен іске асыру туралы бастама көтер­ді. Біріншіден, полиэтилен пакет­­тердің тегін таратылуын жою қажет. Екіншіден, полиэтилен пакет­тердің өндірісін тоқтату жүзе­ге асырылады» деп полиэтилен қал­та­лардан құтылу­дың кешенді жоспа­рымен бөліскен. Қазақстанда қазір­дің өзінде 1 миллиардқа жуық полиэ­тилен қалта өндіріледі екен. Қазақ­станда қағаз қалталар өндіретін алпа­уыт зауыт, матадан дорба тігетін үлкен фабрика болмаса да, шағын цехтар жұмыс істеп жатыр. Бірақ олардың өнімдері бүкіл Қазақстанды қағаз қалтамен қамтамасыз етуге жеткілікті деп айта алмаймыз. Қағаз, мата қалталар өндіріс орын­да­ры­ның мамандары бірқатар мәсе­ле­нің түйінін тарқатты. «Жасыл эк­о­номика» үшін жанталасып жүр­ген өндіріс басшылары мен маман­дар­дың айтары аз емес.

Андрей ТАРАПОВ,

технолог:

Бағасы қолжетімді болса, халық қолданар еді

– Өркениеттің дамуы кейде адам­зат­тың өмірін қысқартады. Олай дейтінім, полиэтилен дорбаларды Америка ойлап тапқанда, оның зиян болатынын болжай алмады. Қазір ең көп зардап шегіп отырған ел де – АҚШ. Қазақстанға келетін бол­сақ, біз 20-25 жылда тек шетелдің өні­мін тұтынып келдік. Оны қымбат бағаға сатып аламыз. Қыруар қаржы көршінің қазынасына кетті. Қазір жаңа зауыттар салынып, өнім шыға­ра бастағанда «Бізге не қажет?», «Тауар қандай болу керек?» деп ойлан­­дық. Біздің цех 2015 жыл­дар­ға дейін полиэтилен қалта, плас­тик бөтелкелер шығарып келді. Бас­тапқыда қағаз қалта, ыдыс, мата­дан тігілген дорба шығаруды қолға алғанда өте қиын болды. Ең бірін­ші қиындық – шикізат жоқ еді. Техниканы шетелден қыруар қаржыға алып келіп, орнаттық. Бірақ техниканың тілін білетін маманды тағы да шетелден шақырттық. Соңғы үш жылда сұранысқа қарай жұмыс істеп келеміз. Арзан, пайдасы көп полиэтилен өндірісінен қағаз қалта, ыдыстар жасайтын қымбат өнімге нарықта сұраныс жоқтың қасы. Себебі, біздің елде «денсаулық үшін пай­далы» деп қымбат тауар ала­тын­дар санаулы ғана. Келешекте заң бойынша, полиэтилен дор­ба­­ға тыйым салынса немесе плас­­тик­тен жасалған өнімдерді пайда­ланғандарға салықты көбейт­се, қағаз қалталар, ыдыстар өтімді болатын шығар. Сұраныс болса, тапсырыс көбейері анық. Бір-екі жылда қағаз қалтаға сұраныс Алматының өзінде күрт көбейеді деп айта алмаймын.

Мақсұт ЕРАЛЫҰЛЫ,
зауыт басшысы:

Ішіндегі тауардан сыртындағы
пакет қымбат

– Экологиялық таза өнімдер өнді­рісі төңірегіндегі мәселелер шаш етектен. Елбасы «Жасыл эконо­­миканы» жүзеге асырайық» деген тұста сең қозғалғандай бол­ған. «Экопакет, биопакетті қолда­на­йық!» деген акциялардың өндіріске ешқандай пайдасы жоқ. Біркүндік акция емес, күнделікті түсіндіру жұмыстары жүргізілуі керек. Уақыт­ша жарнама, акцияның «ғұмыры» келте. Көрші Өзбекстан 2019 жылдан бастап полиэтилен пакет пен плас­тик ыдыс пайдалануға заңмен тыйым салды. Арзан заттан бас тарту арқы­лы халықтың денсаулығын жақ­сартуды ойлап отыр. Осылайша, 4-5 ғасыр шірімейтін пластик зат­тардан қоршаған ортаға келе­­тін зиянның алдын алмақ. Шымкент­те сауда-саттық, қоғамдық тамақ­тану орындары қағаз қалта, құты­ны, матадан тігілген дорбаны тұтыну­шы­ларға тегін тарату, пайдалану полиэтилен пакеттерге қарағанда қымбат деп санайды. Әрине, жеке кәсіпкерлердің артық шығындарды есептеуі заңдылық. Себебі, қай кәсіпкер болмасын пайда таппаса, кәсіп ашпайды. Мысалы, ішіндегі тауарынан, сыртындағы қалтасы қымбат өнімді кім алады? Дүкендегі нан 60-70 теңге тұрса, сыртындағы қағаз қалта 110-120 теңге болады. Наннан қалта қымбат. Сондықтан біз тек қана тапсырыспен шығара­мыз. Болашақта республика бойын­ша «Жасыл экономика» бағы­тында жұмыстар істелсе, әр аймақ­тың күн­көріс деңгейін де ескер­гені жөн. Себебі, зауыттағы бірқатар ма­ман­дарды солтүстіктегі әріп­тес­тері­м­нің өндірісіне әдіс алма­суға жібердім. Сол кезде екі ай­мақ­тың өндірісі, шығыны, тауар­дың баға­сы, шикізаттың жеткізілуінде айыр­ма­шылық жер мен көктей екенін байқадым.

Марат ОҢЛАСЫНҰЛЫ,
жеке кәсіпкер:

Қағаз қалта өндірісін жүйелі насихаттау қажет

– Әрбір адам дені сау, ұзақ өмір сүргісі келеді. Соңғы 7-8 жыл ішінде кафе, ресторан, қоғамдық тамақтану орындарында қағаз қалталар қолданылып келеді. Бірақ жаппай қолданады деп айтсам, шындыққа жанаспайды. Үлкен қалалардың қақ ортасында орналасқан биз­нес санаттағы мейрамханалар, қонақ­­үйлер туристерге сапалы қызмет көрсету үшін пайдаланады. Бірақ қымбат өнімді қолдану үшін мейрамхана, қонақүй басшыларына қосымша шығын шығаруға тура келеді. Бүгінде тапсырыспен тағам алдыратын тұтынушылар қатары көбейген. Бірақ қағаз қалта, мата дорбаға оралған тағамды жеткізіп берудің құны полиэтилен пакет, пластик ыдыстан бір жарым есе қымбат. Ресторанға келушілерге, тапсырыс берушілерге сыртындағы қағазы үшін де қаржы төлейтінін ескертсек, ашуланатындар, тапсы­­­рыс берген тағамын алмай қоя­тын­дар көп кездеседі. Тіпті, «кеңес өкіметі сары майды, кәмпитті дүкен­де газетке орап бергені үшін ақша алмайтын» деп ренжитіндер кез­деседі. Менің нақты бірнеше ұсыны­сым бар. Біріншіден, соңғы жылдары «Атамекеннің» «Даму» бағдарламасы арқылы қағаз қалта, бір реттік пайдаланатын қағаз ыдыс­тарды шығаруды қолға алған кәсіпкерлерді қаржылай қолдау керек. Олардың жұмысын, еңбегін насихаттасақ, елдің де пайдалы қалтаны қолдануға деген көзқарасы өзгерер еді. Екіншіден, қағаз дорба­лар­ды қолдану мәдениетін дамыту керек. Үшіншіден, қағаз қалтаға қажет шикізатты шетелден әкелуге тәуел­ділікті азайтуды ойластырған жөн.

Максим АЛЕКСАНДРОВИЧ,

цехтің бас маманы:

1 секундта 500 000 дана дорба шығарады

– Біз жеке кәсіпкерлердің, ірі сауда орталықтарының тапсырысы бойынша айына 3-4 миллиондай қағаз қалта, ыдыс дайындаймыз. Сұра­ныс әсіресе, көктем мен күз айла­рында көп болады. Себебі, көк­тем, жаз мезгілдері – табиғат аясы­­н­а серуендеу, демалыс уақы­ты. Қоқыс қалдықтарынан ең көп зардап шегетін демалыс аймақ­та­ры қазір демалушыларға тәртіпті сақтаумен қатар, айыппұл мөлшерін де көбейткен. Жыл сайын айыппұл көлемі өссе де, пластик құтыларды, полиэтилен қалталармен оңды-сол­ды шашып, экологиялық проб­­лемаларды көбейтетіндердің қата­ры азаймай отыр. Сондықтан ең бірінші қағаз қалтаны пайдалану мәдениетін қалыптастыру маңызды. Сол кезде ғана қағаз тауарларды өндірушілердің қатары көбейеді. Бәсеке қалыптасады. Сұраныс артады. Былтыр бірқатар қағаз қалта шығаратын шетелдің зауыттарында өндірістік тәжірибеден өттім. Біз бір нүктені басу арқылы миллиард қалта, миллион қағаз ыдыс шығаратын технологияға көшу үшін, ең бірінші мамандар дайындауымыз керек. Оқыту, шетелде тәжірибе алмасу немесе шетелдің мамандарын өзі­міз­ге алдырып, солардан үйре­ну қажет. Қытайда 1 секундта 500 000 дана дорба шығаратын ша­ғын цехтар бар. Мәселен, бізге көбі­не шағын, орташа қалталарға тап­сы­рыс көп береді. Себебі, бағасы айтарлықтай қымбат емес. Үлкен қағаз қалталарды тек санаулы дана етіп жасаймыз. Өндіріс шығынға ұшы­раса, жұмыссыз қаламыз.

Жақсылық Ерғалиұлы,
«Тазалық» мекемесінің жұмысшысы:

Қоқысты жәшікке тастауды үйренсек…

– Экопакет, биопакетті пайда­­лануды қоқысты арнайы контей­нер­ге тастауды үйретуден бастау керек деп ойлаймын. Алматының Бостандық, Алмалы, Медеу аудан­да­­рына тәжірибе ретінде әрбір тұр­мыс­тық қалдықты жеке-жеке контейнерге тастайтын қоқыс жә­шік­терін қойды. Пластик, поли­э­­тилен, шыны, тағамның қалдық­­тары жеке тасталуы тиіс еді. Қызылды-жасылды бағдаршам сияқты қоқыс контейнерлерінің «қызметі» туралы қоғамдық көліктерге жарнама роликтер де 2-3 ай көрсетілді. Бірақ нәтиже жоқ. Арнаулы қоқыс кон­тейнері тұрса да, тұрмыстық қал­дық­тарды аулаға, жолдың жиегіне шашып кететіндерді тәртіпке салу керек деп ойлаймын. Алматыда аула­да­ғы қоқыс жәшіктеріне маши­на­­мен жетудің машақаты бөлек мәселе. Тәртіп, мәдениет болмаса, үлкен қаланың қоқысқа көміліп қалуы әп-сәтте.

Р.S. Өркениетті елдер әлемді қоқыстан аршып алу үшін халық­ара­лық жиын өткізуден шаршаған емес. Экология мәселелері талқыланады. Халық­аралық бағдарламалар қабыл­да­нады. Бірақ соның пайдасын Қа­зақ­стан әлі көре алмай отыр. Қытай­дағыдай көз ілеспес жылдам­дық­пен миллиард дана қағаз қалта, ыдыс шығаруды жолға қойсақ, ұтылмасымыз анық.

Майра ЖАНЫСБАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*