Ілеспе аударма: қызығы мен қиындығы қандай?

1729
0
Бөлісу:

Байқасаңыз, халықаралық форумдардың кіреберісінде құлаққаптар тұрады. Оны алу үшін міндетті түрде төлқұжатыңызды өткізесіз. Оны не істеймін дейсіз бе? Шет тілді спикерлердің сөзін түсінбейтін болсаңыз, құлаққапты киіп аласыз да, өзіңізге қажет тілді таңдап, тыңдап отыра бересіз. Осы тыңдап отырған даусыңыз – ілеспе аудармашыныкі. Сөйлеп жатқан адамның айтқанын сізге сол сәтте жеткізіп отырады. Бөлек кабинада, көзден таса жерде отыратын елеусіз мамандық болғанымен, жүктелетін жауапкершілігі жоғары. Синхронды аударма жасау шебері – Гүлмира Монтаева осы мамандықтың қыр-сырымен бөліскен еді. Аударма саласында 20 жылға жуық еңбек етіп жүрген маман құнды кеңестерін де аямады. Ары  қарай кейіпкер өзі баяндап берсін. 

Орыс сыныбындағы қазақ оқушы

Алматы облысы Райымбек ауданына қарасты Текес ауылында дүниеге келдім. Қазақ мектебінің орыс сыныбында оқыдым. Класта 10 оқушы ғана болдық. Аз бала оқыған соң, сабаққа күнде дайындалып барасың, маған кезек келгенше қоңырау соғылып кетеді деген жоқ. Соның арқа­сын­да үздік аяқтадым. Орыс тілі мен әде­биетінен Роза Нұрпейісқызы деген ұстазым сабақ берді. Біліміміз қаладан кем болған жоқ. Өте талапшыл, кәсіби маман. Мұны неге айтып отырмын? Өйткені аударма саласында жүргеніме сол кісінің тікелей қатысы бар. Мектепте түгелдей орысша, үйде қазақша сөйлейміз. Белгілі баланс сақталғандықтан, екі тілді бірдей білемін. Бірін азырақ, енді бірін көбірек деген жоқ. Көпшілігі менен «Гүлмира, осы сен қай тілде ойланасың?» деп сұрап жатады. Шыны керек, өзім де нақты білмеймін. Кейде бір адамдармен әбден сөйлесіп болған соң, «жаңа анау кісімен қай тілде сөйлестім?» деп ойға шомып қаламын.

Алғашқы аудармалар

Мектеп бітірген соң, сол кездегі Алматы мемлекеттік университетінің орыс тілі мен әдебиеті мамандығына оқуға түстім. 1996 жыл­да­ры аудармашы мамандығы енді-енді шығып жатқан. Бірақ арнайы іздемедім, нақты шешім де шығармаған едім. Бола­шағым­ды халықаралық қатынастар не журналистикамен байланыстырамын деп ойладым. Сол үшін орыс тілі факультетін таңдадым. Топта жалғыз қазақпын. Жалпы, сол лекте 36 студент оқысақ, екі қазақ пен бір ұйғырдан басқасының бәрі орыс екен. Университеттегі ортам осылайша орыс тілділерге толы болды. Десе де, жа­тақ­­ханада қазақтар көп тұрдық. Ол кезде қазақ тілінде әдебиеттер тым аз еді. Кітап­ханада мәліметтердің барлығы – орысша. Содан өзге факультеттердегі достарым менен көмек сұрап келетін. Достарыма көмектесу ниетім бар, қосымша білім артық қылмайтыны бар аударып беретінмін. Аударма саласына алғаш аяқ басқаным сол 1997 жыл еді. Әрине, ол кезде тегін көмектесетінбіз. Есесіне, өзім үшін мол тәжірибе, білім алдым. «Африка және Азия тарихы», «Ежелгі грек философиясы» – ең алғашқы аудармаларым. Бірте-бірте әлеуметтану, мәдениеттанудан да аудара бастадым. Сол қыз-жігіттерге болашақ мамандығыма жол ашып бергендері үшін қазір алғыс айтамын.

Неге мұғалім болмадым?

Зырылдап уақыт өте шықты. Демде университетті де бітірдік. Сөйтіп, қандай жұмысқа орналассам деген ой мазалай бастады. Алматыдағы мектептерге кіру үшін қалада тіркеуде болуың керек еді. Осылайша, мұғалім боп орналаса алмадым. Аз уақыттан соң редактор болып баспаға жұмысқа тұрдым. Басшымыз түрік еді, бірінші сұрағы «Қазақша білесің бе?» болды. Мойныма мәтін аудару міндетін алдым. Аудармаға қызығушылық қайтадан оянды. 2004 жылы «Қазақ энциклопедиясына» жұмысқа орналастым. Мәтіндерді орыс­шадан қазақшаға және керісінше аудару керек болды. Сол кезде мемлекеттік орган­дардың барлық құжаттары қазақшаға ауыса бастаған еді. Қаулы, үкімдерді аударатынмын. 2006 жылдары ілеспе аудармаға сұраныс арта бастады. Ғылыми-зерттеу институтындағылар үлкен ғылыми жоба өтетінін айтып, соған синхронды аударма жасайтын адам іздеп жатқанын айтты. Бұрын тек мәтін аударып жүргенім болмаса, ауызша аударма жасап көрмегем. Өте қатты толқыдым. Шараның алдындағы 2-3 күн бойы көз ілмедім. Өйткені жауап­кер­шілігі мықты жоба еді. Толқысам да, абырой­мен атқарып шықтық. Сол кезде ілеспе аудармашыға қандай қасиеттер керегін түсіне бастадым. Әрине, тілді жетік меңгеру, жан-жақты білім екібастан міндетті. Сонымен бірге, реакция мықты болу керек екен. Яғни, сөйлеп жатқан адамның ойын оқу, негатив пен позитивті алдын-ала сезу қажет.

Құнды кеңестер

Ең бірінші, көп оқу керек. Қоғамның барлық саласынан хабары болғаны жөн. Аударма – бір күнде нәтижесін беретін не жарқ ететін сала емес. Оған көпжылдық тәжірибе қажет. Қажырлы еңбекті талап етеді. Қарап отырсам, бұл салада жүргеніме 18 жылдан асыпты. Қазір ең өкініштісі – көбі бір сәттік пайданы, қалайда оңай әрі көп ақша табуды ойлайды. Бұрын талай рет тегін аударма жасап берген кездерім болды. Ондай жағдайлардың еш зияны жоқ. Қайта пайдасы көп. Көкжиегіңіз кеңейе түседі.
Есте сақтау қабілетім бұрыннан өте жақсы. Бұл қасиет, әсіресе, ілеспе аударма жасаушыларға өте керек. Өйткені спикердің айтып кеткен сөзін ұмытпай, түсінікті етіп сөйлем түрінде жеткізу керек. Белгілі бір мерзім қандай да бір жағдайларды ұмытуым сирек. Сенсеңіз, сыныптастарымның, мұғалімдердің туған күндері әлі күнге дейін жадымда. Жасым 39-да. Сөйлеушінің де түр-түрі болады. Біреуі тез сөйлейді, біреуінің ойы шашыраңқы. Одан қалса, кейіпкердің айтқанын тарс-тарс жеткізіп қана қоймай, эмоциясын беруге тырысамыз. Сол үшін көп жерде кімнің мәтінін аударатыныма мән беремін. Шара басталмас бұрын онымен танысып не сырттай қарап аламын. Егер ондай мүмкіндік болмаса, тым құрығанда интернеттен сол туралы ақпарат іздеймін. Кей жағдайларда спикердің сөзін алдымызға әкеліп береді. Дайындық үшін ол да жақсы.
Қазақша сапалы аударма жасау үшін қазақ әдебиетін көбірек оқыған жөн. Кеңес сұрап келгендерге «Абай жолын» оқыңыз деп бағыт беремін. Сонымен бірге, Абайдың 45 қара сөзін қос тілде оқып шыққан артық етпейді. Өйткені онда бәрі бар. Орысшаға жақсы аудару үшін орыс әдебиетінен жүйрік болу керек. Солардың классиктерін жата-жастанып оқу қажет.
Кейде тынышталып қалатын кез­дер болады. Аударма жоқ, жұмыс жоқ. Сол кезде уақытты бос жібермеуге ты­ры­­сам. Те­ледидарды қосып, «Хабар – 24», Euronews арналарының ресми жаңа­лық­тарын тыңдаймын. Өзім үшін ілеспе аударма жасаймын. Ауызша аударма саласына келгіңіз келсе, өзіңізді осылай шынықтырыңыз. Естіп отырып, жылдам аударуға машықтаныңыз. Ми үнемі жұмыс істеп тұруы керек. Мидың барлық ақпаратты өзіне сіңіріп алатын қасиеті бар. Демек тек дұрыс, пайдалы ақпараттармен толтыруға тырысыңыз. Сол үшін үнемі даму керек. Миды «шаң басып» қалмасын. Сол сияқты кейде жұмыс керісінше, көбейіп кетеді. Қалыптан тыс, тіпті 200 пайызға жұмыс істеп кететін кездер болады. Ондайда миға тыныштық керек. Өз басым үнсіздік жариялаймын. Отбасым да оған әбден үйренген. Күйеуім «Конференция қалай өтті?» деп сұрайды, мен жай ғана «Жақсы» деп жауап беремін. Себебі, шамадан тыс істелген жұмыс шаршатпай қоймайды. Сол күйі бір-екі күн мүлдем сөйлемей жүруім мүмкін. Яғни, күшімнің резерві таусылған соң, оны қайта толтыруым керек.
Болашақ – ағылшын тілімен тікелей байланысты. Тек орыс-қазақ тіліне емес, ағылшынға аударуға да машықтану қажет. Оған сұраныс артатыны анық. Сәл қолыңыз босаса, тіл үйреніңіз!


Бастан өткен қызықтар

Бірде үлкен жиында аудармашы болдым. «Оңтүстік Қазақстан облысындағы үлкен алқаптарды суару әдістері» тақырыбында спикер сөйлеп жатты. Ауылшаруашылық саласындағы біраз мәселелер талқыланып жатыр. Қазақшадан орысшаға аударып отырмын. Сөйлеп жатқан жас жігіт үтір-нүкте жоқ, зырылдап сөйлеп жатыр. Соның темпіне ілесіп, мен де орысша жеткіземін. Әріптестерім мен аударғанда ағылшын, француз тілдеріне тәржімалайды. Себебі, халықаралық конференция болған еді. Өзге тілге аударғандар кейін келіп рақмет айтып, ілтипат білдіріп жатты.

***

Аудармашы әмбебап маман болуы тиіс. Қазақстан халқы ассамблеясының бір шарасы өтті. Елбасымыз жеке қатысты. Жан-жақтан жиналған қандастарымыз Мемлекет басшысына лебіздерін жеткізді. Бәрі тілектерін қазақша айтып жатыр. Біз болсақ, басқа тілдерге аударудамыз. Ираннан бір қазақ қыз келген екен. Тілін бұрап, барынша қазақ тілінде сөйлеуге тырысып тұр. Бірақ түсініксіз. Бірді айтып, бірге кетеді. Оның үстіне Президенттің алдында сөйлеу оңай ма? Қиналғаны бар, қобалжығаны бар, сөйлей алмай жатыр. Түсінген тұсын аударамын, түсінбегенімде алдымызға сол қыздың мәтінін берген еді, соған қарап тәржіма жасап отырмын. Ол қағазының түрін көрсеңіз: латын әріптермен, транскрипциясында қате өріп жүр. Сөйтіп, амал жоқ, барынша аударып шықтым. Президент те қыздың қазақшасын түсінбегенге ұқсайды. Бір кезде Елбасымыз микрофонға «Орысшаға керемет аударып жатыр. Естіп тұрмын» деді. Сондай мәртебелі тұлғадан мақтау естіп, бір марқайғаным есімде.

***

Қызылорда өңіріне іссапармен барғанда мынадай қызық болған. Спикер қазақшаға судай екен. Өте көркем, әсем жеткізіп жатыр. Ауылдың алыс екенін білдіру үшін «ит өлген жер» деген тұрақты тіркесті қолданып жатыр. Дәл сол кісіге ұқсас дауыспен, жылдамдықпен орысшаға аударып отырмын. Енді анау фразеологизмге (тұрақты тіркес – авт.) келгенде «Куда Макар телят не гонял» дедім. Осыны айтып болғаным сол-ақ еді, орыстілді журналист маған қарап ризашылығын білдіріп жатыр. Шара біткен соң да жаныма келіп: «Қалай күшті жеткіздіңіз. Жаныңызбен беріліп аударатыныңыз көрініп тұр» деп лебіз айтқан еді.


Жадыра АҚҚАЙЫР

Бөлісу:

Пікір жазу


*