Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік: қазына қаржысын үнемдеуге мүмкіндік

1451
1
Бөлісу:

Сіз Ақтаудағы халықаралық әуежай-терминалының, «Шар-Өскемен» теміржолының, «Солтүстік Қазақстан – Ақтөбе облысы» өңіраралық электр беру желісі жобасының бір бөлігі мемлекет пен жеке инвестордың қаржысына салынғанын білесіз бе? Осындай ірі жобаның қатарына алдағы уақытта Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы да кірмек. Еліміздің түкпір-түкпірінде көптеген балабақша, емдеу-диагностикалық орталықтары, спортзалдар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы бой көтеріп, пайдалануға берілуде. Осы орайда, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік деген не, МЖӘ-ні дамытудың экономикалық тиімділігі қандай, мемлекетпен әріптестікте жоба қолға алғысы келген кәсіпкерге қандай талаптар қойылады деген сауалдарға «Қазақстандық мемлекеттік-жеке меншік әріптестік орталығы» АҚ төрағасының орынбасары Талғат Матаев жауап береді. 

– Талғат Мұстафаұлы, қазіргі кезде мемлекеттік-жекеменшік әріп­тестік бойынша қанша жоба, қандай сомаға жүзеге асырылып жатыр?
– Жалпы алғанда, республи­ка­лық деңгейдегі 6 жоба және эко­номиканың әртүрлі саласындағы жер­­гілікті 1012 жоба есепте тұр­ғанын және олардың жалпы құны бір триллион теңге шамасында еке­нін атап өткен жөн. Нақты ай­та­тын болсақ, бүгінгі күні құны 130,4 млрд теңгені құрайтын 222 жо­ба іске асырылу үстінде. Одан бө­лек, жалпы құны 17,7 млрд тең­ге­ні құрайтын 99 жоба бойынша жос­парлау кезеңі аяқталып, жоба шарт­тарын қазынашылық органда тір­кеу жұмыстары жүргізіліп отыр. Конкурс сатысына шыққан 158 жобамен қатар, мемлекеттік органдардың әріптестік тетіктерімен 533 жобаны іске асыру жоспары бар.
– Соның ішінде ірі-ірі респуб­ли­калық деңгейдегі жобаларды атап өтсеңіз?
– Ең ірі республикалық дең­гей­­­дегі жобаларды айтатын бол­сақ, бүгінгі күні олардың саны – 6. Мысалға айта кетсек, «Шар – Өскемен» теміржолы жоба­сын іске қосу жүк тасымалдау мер­зі­мін орта есеппен10 сағатқа тиімді ету­ге мүмкіндік берді. Бүгінгі күні осы бағытта үш жолаушы пойызы жүреді, жылдық тасымалдау көлемі шамамен 40 млн тоннаны құрайды.
Ақтаудағы халықаралық әуежай-тер­миналын айта кететін болсақ, бұл жоба бойынша өткізу мүмкіндігі сағатына 350 жолаушыны құрайтын жаңа жолаушылар терминалы бір жыл ішінде салынып, бүгінгі таң­да табысты қызмет атқарып тұр. Тағы бір маңызды және ірі жо­ба – «Солтүстік Қазақстан – Ақ­тө­бе облысы» өңіраралық электр беру желісін салу жобасы екі кіші стан­саны кеңейтуді және 487 шақырымға созылатын электр беру желісін Қос­танай мен Ақтөбе облыстары ар­қылы салуды көздеді. 500 кВ «Сол­түстік Қазақстан – Ақтөбе об­лысы» өңіраралық транзитінің іске қо­сылуы – бүкіл Қазақстан үшін үз­дік жоба.
Соңғы үлкен жетістігіміз – биыл басталған жобалардың ішін­дегі ең ауқымдысы – Үлкен А­л­маты айналма автомобиль жо­лын (БАКАД) салуға қатысты жос­пар­ланған құны 512 млрд теңгені құрай­тын концессиялық жоба. Өз­деріңіз білетіндей, Түркия және Оң­түстік Корея компаниялары кон­сорциум құрып іске асырылатын бұл жобаның Алматы қаласы мен оған шектес елдімекендер үшін маңы­зы зор.
– Осы орайда айта кетіңізші, мем­лекеттік-жекеменшік әріптестікті дамытудың маңызы қандай, мемлекет үшін тиімділігі не? Инвестор үшін қандай пайдасы бар?
– Еліміз үшін МЖӘ-ні дамы­ту­дың маңыздылығы өте жоғары. Әлемдік жаһандану үрдісі қарқынды жүріп жатқанда, дүниежүзілік озық, дамыған мемлекеттер әртүрлі дағдарыстардан өту жолдарын, үздік тәжірибелерді көрсетіп жатқанда, Қазақстан шетте қарап тұрмауы тиіс. Сол мемлекеттерде орын ал­ған жағдайлар, бізде де орын алуы мүмкін. Себебі, «өгізге туған күн бұзауға да туады» дегендей, әлем­дік қауымдастық бір-бірімен ты­ғыз байланысты. Ал бұл мәселе­лер­ді дамыған мемлекеттер секіл­ді мемлекеттік-жекеменшік әріп­тестік тетігі арқылы шешу, бірін­ші­ден – өте тиімді, екіншіден – ел экономикасының дамуына ық­палын тигізеді. Алайда сол проб­лемалы жағдайларды туғызбай, ше­телдік тәжірибеге сүйене отырып мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы алдын алатын болсақ, тіптен керемет. Өйткені Қазақстанның дүниежүзі қауымдастығының ал­дында позициясын нақтылап, абы­ройын көтереді. Міне, осы са­лада, осы тұстан қарастырар болсақ, мем­лекеттік-жекешелік әріптестікті дамытудың қаншалықты маңызды екенін байқаймыз.
Мемлекет үшін мемлекеттік-же­кеменшік әріптестіктің тиімділігі сол, ең алдымен осы механизмді тиім­ді пайдалана отырып мем­ле­кет өзіне жүктелген, халық алдын­да­ғы міндеттерін, әлеуметтік фун­кцияларын жүзеге асырады. Екіншіден, әріптестік арқылы мем­лекет инфрақұрылымдық жүйе­лерді дамытуды жылдамдатады және жергілікті бюджетке түсетін ауыртпалықты айтарлықтай жеңіл­детеді. Сонымен қатар мемлекет мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы экокономиканың әртүрлі салаларын дамытуда озық техноло­гиялар мен тәсілдерді пайдалана отырып қоғамның әлеуметтік қа­жеттіліктерін қанағаттандыра ала­ды. Үшіншіден, қазіргі уақытта жұ­мыссыздық мәселесін шешуде МЖӘ тиімді құрал болып тұр. Ал инвестор үшін тиімділігіне тоқ­талар болсақ, жеке әріптес жоба бойын­ша өзінің орындаған жұмысы, салған объектісі және көрсеткен қызметтік шығындары мен белгілі бір деңгейдегі пайданы мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының талаптарына сәйкес өтей алады жә­не оған мемлекет кепіл береді. Со­нымен қатар бизнес м емлекетпен ұзақ­мерзімді, тұрақты шарт жасай оты­рып, өзінің келешектегі мақсат­тарын жоспарлауға мүмкіндік алады.
– 2017 жылы «Мемлекеттік-же­ке­шелік әріптестік туралы» заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, осы ба­ғыттағы жобаларды жүзеге асыру жеңілдетіліпті. Бұл өзгерістерден оң нә­тиже бар ма?
– «Қазақстандық мемлекеттік-жеке меншік әріптестік орталығы» АҚ МЖӘ тетіктерінің енгізілуін және олардың қайсысы анағұрлым сұ­ранысқа ие болатынын тұрақ­ты зерттеп отырады. Осы зерт­теу нәтижесінде 2017 жылы «Мем­ле­кеттік-жекешелік әріптестік ту­ра­лы» заңға өзгерістер мен то­лықтырулар енгізу туралы ұсыныс жа­салған. Аталған өзгерістер мен то­лықтырулардың негізгі мақсаты – кәсіпкерлер үшін мемлекеттің әріптесі болу мүмкіндігін арттыруы және барынша қысқа мерзім ішінде маңызды әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігін тудыру.
2017 жылы 30 қарашада қабыл­дан­ған заңға сәйкес, біріншіден, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша жобаларды келісу мен са­рап­тама мерзімдері 7 айдан 3 ай­ға дейін қысқартылып, іске асыру үдерістері жеңілдетілді. Екін­шіден, бағдарламалық МЖӘ-ні енгізу арқылы, жеке әріптесті іріктеу кезінде мемлекеттік бағ­дар­ламаларда әрбір сала үшін жеңіл, қосымша сараптамасыз тіркеуге мүм­кіндік туды. Үшіншіден, мем­ле­кеттен ұзақмерзімді тұтыну ке­пілдігі кемінде 3 жылдық мерзімге МЖӘ жобалары аясында берілетін болды. Төртіншіден, «Мемлекеттік әріптес» ұғымын өзгерту арқылы оны­мен қамтылатын субъектілер қа­тары кеңейді. Жоғарыда айтып кет­кендей, бүгінгі таңда мемлекеттік органдардың әріптестік тетіктерімен 533 жоба бойынша жоспарлау жұ­мыс­тарын бастауы – осы өзге­ріс­тердің бірден-бір нәтижесі.
– Мемлекеттік-жекеменшік әріп­тестік бағытында шешімін таппай тұрған қандай мәселелер бар?
– Түйіні шешілмей тұрған мәсе­ле­лер жоқ емес, бар. Біріншіден, өз қаржылық құралдарымыздың же­тіспеуі, қолжетімді қордың бол­мауы, банктердің пайыздық үс­темақыларының жоғарылығы, қар­жылық институттардың пас­сивті жұмыс істеуін айтуға бо­ла­ды. Екіншіден, салалық және са­лааралық бірегейліктің болмауы және салалық заңнамаларда МЖӘ-ні енгізуге кедергі болатын шек­теулердің көптігі. МЖӘ елімізге ен­гізілгеннен бері үздіксіз зерт­телу­де. Бұл үрдіс нәтижесіз емес, анық­талған мәселелерге өз уақы­ты­мен шешімдер де табылып жатыр. Сондықтан бұл бағытта жұмыстар өз жалғасын табады.
– Аталған бағыт бойынша жүзеге асы­рылып жатқан жобалардың ішінде қандай салалардағы жобалар басым?
– Егер жобаларға сала бойынша тал­дау жүргізсек, онда тіркелген 222 жо­баның ішінде 114-і білім беру са­ласына бағытталған. Ал нақтырақ айтар айсақ, мектепке дейінгі білім беру. Бұл, әрине, халық санының артуымен тығыз байланысты деп есептейміз, ал бизнес балабақшамен қамту және одан табыс табу жағын қамтамасыз етіп отыр. Одан кейінгі орында денсаулық сақтау саласы, мұнда – 48 жоба. Сонымен қатар 30 жоба денешынықтыру және спорт саласында бекітілген. Осылайша, ха­лықтың негізгі әлеуметтік қажет­тілігі мен қоғамның тұрақты дамуы үшін кепіл болатын бағыттар қам­тылып отыр. Осы салалар бойынша инвесторлардың да қызығушылығы басым. Әрине, басқа салалар қа­рас­тырылып жатқан жоқ деуге бол­майды. Тіркелген 222 жобаның қал­ған 30-ы еліміздің басқа да әлеу­меттік салаларына бағытталған.
– Мемлекеттік-жекеменшік әріп­тестікке шетелдік инвесторлар мен отандық кәсіпкерлердің қызы­ғушылығы қандай?
– Егер өткен 2006-2017 жылдар ара­лығына көз жүгіртсек, сол 9 жыл аралығында бар-жоғы 23 мемлекеттік-жекеменшік шарты жасалғанын байқаймыз. Одан кейінгі жылдарды салыстыра кетсек, тек 2017 жылдың өзінде 160 шартқа қол қойылды. Осы көрсеткіштің өзі инвесторлардың қаншалықты қызығушылығының артқанын және МЖӘ туралы қандай түсінік қа­лыптасқанын айқындап тұр. Бұл бизнестің қажеттілігін есепке ала отырып МЖӘ саласындағы заңнаманы тұрақты түрде жетілдіру, оларға жеңілдіктер қарастыру жұ­мыс­тарының нәтижесі десек, қате­леспейміз.
– Бұл ретте жобаға қатысқысы кел­ген кәсіпкерге қандай талаптар қойы­лады?
– Жалпы, осы бағыттағы барлық іс-әрекет «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы» заңмен реттеледі. Осы заңның 32-бабына сай, жеке әріптестің конкурсқа немесе тікелей келіссөздерге қатысуы үшін заңды тұлғаларға құқық қабілеттілігінің, жеке кәсіпкерге азаматтық әрекет қабілеттілігінің болуы талап етіледі. Оған қоса, кәсіпкердің төлем қа­бі­­леттілігі, салық берешегінің бол­мауы міндетті түрде ескеріледі. Мем­лекеттік-жекешелік әріптестік шарты бойынша міндеттемелерді орындау үшін қажетті қаржылық-ма­териалдық және еңбек ресурс­тары болуы тиіс. Сонымен қатар банк­роттық шегінде тұрған кәсіп­керлер жобаға қатыса алмайды. Талап бойынша, банкроттық не тарату рәсіміне жатпауы, баланстық құны тиісті негізгі қаражат құнының он пайызынан асатын мүлкіне тыйым салынбауы тиіс. Тағы бір талап – соңғы үш жыл ішінде жа­сал­­ған мемлекеттік-жекешелік әріп­тестік шарттары бойынша мін­деттемелерді орындамағаны үшін сот шешімі негізінде жауапқа тартылмауы керек.
– Мемлекеттік-жекеменшік әріп­тестік бойынша ел қазынасынан бө­лінген қаржы қалай қайтарылады, оны кім бақылайды?
– Біріншіден, МЖӘ бойынша қар­жы тек ел қазынасынан бөлінеді деуге болмайды. Мысалы, қазір жеке әріптестердің қаржыландыруымен жасалған шарттардың жалпы соммасы 120 млрд теңгеге жетті, яғ­ни осындай көлемдегі қаржы мем­лекет қалтасында қалды. Екіншіден, МЖӘ жобалары теңгерімділік қағи­дасын негізге ала отырып жасалады. Яғни, мемлекет жеке әріптеспен ке­пілдікті, тәуекелді және кірісті тең­дей бөліседі, мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлініп, ал жобаның жүзеге асырылуы жеке әріптеске жүктеледі. Ал «сәтті жүзеге асырылған» МЖӘ жобасы мемлекет үшін оның алда болатын, сол шығарылған қаржыдан да үлкен шығындардан құтқаруға мүмкіндік туғызады. «Шығыс бол­май, кіріс болмас» дегенді биз­несмендер түсіне бастады. Жә­не бұл тек алып-сатуға ғана бай­ла­нысты емес. Мемлекеттің өзі қаржыландырған жобалары үшін өтем алуы жоғарыда аталған, «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы» заңның 9-бабының 2-тар­мағында көзделген. Яғни, ол норма бойынша тек жеке серіктес емес, сонымен қоса, мемлекеттік серіктес те өз шығындарын өтей алады.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Үмітжан ЖАПАР

Бөлісу:

1 пікір жазылған

Пікір жазу


*