Берекесі мол – бес бастама

1350
4
Бөлісу:

«Президенттің бес әлеуметтік бас­тамасын» іске асыруды бақылау бойын­­ша Қоғамдық кеңестің төраға­сы, Сенат депутаты Бақытжан Жұмағұ­лов және «Нұр Отан» партия­сының Хат­шысы Тамара Дүйсенова жұ­мыс сапары­мен Ақмола облысына ар­найы барды. Сапардың мақсаты – «Пре­зиденттің бес әлеуметтік баста­ма­сы­ның», соның ішінде «Шағын несиені беруді көбейту» төртінші бағыты Ақмола өңірінде қалай жүзеге асып жатқанымен жіті танысу.

Атшаптырым жерді артқа тас­тап, Ақмола облысына арнайы келген өкілдер алғашқы болып Шортанды ауданы Дамса ауылына ат басын бұрды. Мұнда партия мүшелері мемлекеттік бағдарлама бойынша шағын несие алып, өз шаруасын дөңгелетіп отырған Татьяна Хлубнаяның кәсібімен танысты. Бұрын жұмыссыз болған азаматша мемлекет тарапынан берілетін пайызы төмен несиені алу­ға жүрексінбей, «Жұмыспен қамту – 2020» Жол картасы бойын­ша 3 миллион теңге несие алып, бүгінде Астана – Көкшетау көлік жолының бойында 0,18 гектар жерде газ құю стансасын, дүкен және дәмхана ашқан. Бір ауылдың бес тұрғынын жұмыспен қамтып отыр.
Президенттің төртінші әлеумет­тік бастамасы шеңберінде шағын несиелерді кеңейту механизмі бар. Бұрын осындай бағдарламаларға байланысты несиелердің айтарлық­тай бөлігі жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлерге бағытталатын. Қазіргі кезде несие беру жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етуші­лерге бағытталады. Нәтиже­сінде, олардың үлесі 85-90 пайызға өсіп, бірінші кезекте ауыл жастары үшін жаңа жұмыс орындарының ашылуы мен бизнесті жүргізу жағ­дайы­ның жақсара түсуін қамтамасыз етеді.
Мемлекет басшысы таяуда өткен «Нұр Отан» партиясының Саяси кеңесінің кеңейтілген оты­рысында қажеттілігіне байланысты ауыл және қала тұрғындарына, әсіресе жастарға, оның ішінде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Бизнес Бастау» жобасы бойынша кәсіпкерліктің негізін оқуды тәмамдағандарға шағын несие ұсыну қажеттілігіне ерекше назар аударған болатын.
Елбасының Үкімет алдына жүктеген тапсырмасы бүгінде өз жемісін беруде. Оған Ақмола облысы Бұланды ауданы Макинск қаласының тұрғыны Төлеген Маралбек дәлел. Облыстағы жұмыс сапары барысында Бақытжан Жұмағұлов пен Тамара Дүйсенова жас кәсіпкердің жеткен жетістігін көріп, кәсібіне, шығаратын өніміне оң баға берді. Ауданда «Бизнес Бастау» жобасы аясында білім алып, өз ісін ашудың қыр-сырын жетік меңгерген азамат төмен пайызбен несие алып, қазір жиһаз шығаратын цех ашқан. Бүгінде жиһаздың жүз жиырмадан астам түрін шығарып, өнімі аудан, облыс тұрғындары арасында үлкен сұранысқа ие. Макинск қаласында оннан астам адамға алпыс мың теңге айлық беріп, жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Кәсіпкер мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмектің арқа­сында болашақта өз ісін кеңейтуді көздеп отыр.
– Несиені қайтару өте ыңғайлы. Мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге барлық жеңілдіктер қарастырылған. Жақын уақытта алған қаржыны жауып, кәсібімді кеңейту үшін тағы жаңа несие алуды жоспарлап отырмын, – дейді Төлеген Маралбек.
Бұдан кейін Елбасының бес әлеуметтік бастамасының төртінші бағыты Ақмола облысында қалай жүзеге асу барысымен танысу үшін жолға шыққан «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» іске асыруды бақылау бойынша Қоғамдық кеңестің төрағасы мен «Нұр Отан» партиясының Хатшысы Бурабай ауданы Бурабай ауылына жол тартты. Мақсат төмен пайызды несие алып, жылыжай шаруа­шы­лығын ашқан жеке кәсіпкермен жүздесіп, тәжірибесімен танысу.
Арғын Шаймерденов шағын бизнеске кеш келгеніне өкінеді. 15 жыл көпқабатты үйде тұрып, жер үйдің жақсылығын білмедім дейді азамат. Кәсіпкер «топырағына түскен шыбық тал болып өсетін Бурабайдың құнарлы жерінің құнын білсем, баяғыда қазіргі кә­сібім­мен айналысар едім» деп ағынан жарылды келген қонақтарға. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» демек­ші, баласы ауырып, дәрігерлер баланың денсаулығы үшін жер үйге көшуге кеңес береді. Сол кезде мамандығы бойынша жұмыс таба алмай, уақытша жұмыстармен нәпақасын тауып, отбасын асырап жүрген жігіт жер үйге көшіп, бұрын­ғы иесінен қалған алақандай жылыжайда көкөніс өсіре бастайды. Еңбегі жанып, алғашында жинаған жемістерін көрші-қолаңға тегін тарата бастайды. Артынша арнайы үйіне іздеп келіп, сатып алатындар табылды. Сол уақытта жылыжаймен «кәсіп» үшін айналысу ойына келіп, жергілікті жұмыспен қамту орталығына барып, жеңілдетілген несие алудың жолын біліп, төмен пайызбен 4 миллион теңге алып, бүгінде өз кәсібін дөңгелетіп отыр.
– Шаруашылықта отбасым жәрдемдеседі. Жұмысқа қамту орталығы арқылы 1 адамды жұ­мысқа алдым. Биыл үш жүз шаршы метрді құрайтын жылыжайымнан 3 тонна өнім алдым. Болашақта тағы да бір жылыжай салып, ауыл адамдарын табиғи таза өніммен қамтамасыз етіп қана қоймай, ауыл адамдарын жұмыспен қамтамасыз етуді ойлаймын, – дейді кәсіпкер.
Келелі кездесуден кейін Бақытжан Жұмағұлов бастаған топ Көкшетауға бет алды. Облыс орталығында Қоғамдық кеңес төрағасы жұмыссыз адамдарға қолжетімді несие жайын айтып, оны алудың жолын сілтейтін Халықты жұмыспен қамту орталығының қызметімен танысты. Қазірдің өзінде орталықта жұмыс қызу. Жұмыссыз жүрген тұрғындардың басым бөлігі басқа мамандыққа қайта оқытатын бағдарламаға, өз кәсібін ашуға оқытатын жобаға қатысуға ниетті. Себебі, мем­ле­кеттің қолдауымен аймақта жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізген адамдар жеткілікті.
Астанадан арнайы келген меймандар Ақмола облыстық партия филиалында партия активінің, «Президенттің бес әлеуметтік бастамасының» жүзеге асуына жауапты жергілікті әкімдік басшыларының, «Атамекен» ҰКП, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өкілдерінің қатысуымен алқалы жиын өткізді. Жиында облыстағы Елбасы баста­масының төртінші бағытының жүзеге асу барысы кеңінен айтылды.
Барлық бяндамашыларды тыңдап шыққан «Нұр Отан» пар­тиясының Хатшысы Тамара Дүйсенова ел бойынша Президент­тің «Шағын несие беруді көбейту» бастамасы белгіленген межеден кешігіп, жүзеге асып жатқанын алдыға тартты. Осы орайда партия Хатшысы жауапты мемлекеттік органдарға және облыстық басқар­маларға бұл олқылықтарды жақын арада жоюға кеңес берді.
«Президенттің бес әлеуметтік» бастамасын іске асыруды бақылау бойынша Қоғамдық кеңестің төрағасы, Парламент Сенатының депутаты Бақытжан Жұмағұлов жиналған қауымға Елбасы баста­масы аясында бизнесті дамытуға бюджеттен тек Ақмола өңіріне қосымша 1,4 млрд теңге бөлініп, осылайша облысқа 2017 жылмен салыстырғанда шағын несие­лендіруге екі есе көп, яғни 4 млрд теңге бөлінгенін тілге тиек етті. Сондай-ақ Бақытжан Тұрсынұлы аймақ тұрғындарымен өткен кез­десу­лерде халықты толғандырған мәсе­лелерге де тоқталып өтті. Қоғам­дық кеңес төрағасының айтуын­ша, жұрт әлі «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» жайында толық ақпараттандырылмаған және өз кәсібін ашу үшін бөлінетін несие­ні бұрын шағын несиелендіру бағдар­ламасына қатысып, өз кәсібін аяғына тұрғызған адамдар қатыса ал­майтынын айтты. Жергілікті би­лік өкілдеріне жұмыс сапары бары­сында тұрғындардың көтерген мәсе­лелерін шешу бойынша «Прези­денттің бес әлеуметтік баста­ма­сын» іске асыруды бақылау бойын­ша Қоғамдық кеңестің өңірлік бөлімдеріне ұсыныс беруге шақырды.
– Қарапайым халықтың өз кәсібін ашуға нақты мүмкіндіктер болуы керек. Кәсіпкерліктің кеңіс­тігін кеңейтуіміз үшін барлық жағ­дай­ларды қарастыруымыз қажет. Барлық деңгейдегі әкімдер «Прези­денттің бес әлеуметтік бастамасын» жүзеге асыру үшін ой-өрістерін өзгерту қажет. Бұл істердің барлығы халықтың жағдайын, өмір сүру дең­гейін жақсартуға бағытталған, – деп мәлімдеді Бақытжан Жұмағұлов.

Берік ХАСЕНОВ

Бөлісу:

4 пікір жазылған

Пікір жазу


*