Шығыстың шынарлары

749
0
Бөлісу:

Шығыс Қазақстан облысында «Қазақстанның үздік әлеуметтік жобалары» байқауының аймақтық кезеңі қорытындыланды. Бағын сынап, бағытын бағдарлауға жүрексінбеген 32 жоба қазылар таразысына түсіп, облыстың үздік әлеуметтік жобасы 1 миллион теңгенің сертификатын иеленді.

Салтанатты жиында ақтық мәреге шыққан 9 жоба арнайы ұйымдастырылған көрмеде өз жетістіктерін көрсетті. Сайыста топжарған жүлдегерлердің бірі – «Алтын-Ай» қоғамдық бірлестігі ұсынған «Біз бірге мықтымыз!» жобасы. Бұл ұйым бүгінде төсек жабдықтарын, сондай-ақ сәбилерге арналған киім-кешек пен сан алуан жи­һаздар түрін де шығарады. Кембағал жандардың қоғамға бейімделуіне жағдай жасап, ақпа­раттық-құқықтық тұрғыда көмек көрсе­теді. Қазіргі таңда бірлестік 27 мүмкіндігі шектеулі азаматты жұмыспен қамтып отыр.
– Барлық байқауларға қатысуға тыры­самыз. Атқаратын ісіміз, жобаларымыз туралы халық білсе екен дейміз. Себебі, қо­ғам­ның белсенді мүшелері ретінде елі­міздің дамуына үлес қосып келеміз. Алған жүлдені өндірісті өркендетуге жұм­сайтын шығармыз, – дейді, «Алтын-Ай» ҚБ тігін өндірісінің жетекшісі Татьяна Веляева.
Айта кету керек, Өскемендегі «инватак­си» қызметін көр­сететін де осы ұйым. Бай­қауға жіберілген бейнероликте бұл қызмет түрінің кембағал жандар үшін аса қажеттігі көрсе­тілген. Көрмеге әкелінген тігін өнімдері қазіргі таңда Өскеменде жоғары сұранысқа ие. Өнім сапасы шетелдік тауарлардан кем түспейді.
Көрмеде ұсынылған ба­лаларға арналған қуыршаққа жоғары бағасын берген облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова да баласына біреуін сатып алды. Аймақтық байқауда ІІІ орынды, яғни 500 мың теңгенің сер­тификатын ие­ленген ұжым енді республи­калық байқауда топжаруды мақсат етіп отыр.
20 сәуірде басталған байқау өңірде екі кезеңде өтті. Алдымен аумақтық, ірік­тел­гендері аймақтық сайыста бақ сынады. Бас жүлде – 1 мил­лион теңгені қанжығаға байлаған «Авангард плюс» жас кәсіп­керлер мектебі» жобасы. Жоба авторы Елена Березинская-Абилова өңірдегі кәсіпкер әйелдер ұйымын басқарады. Оның айтуын­ша, кәсіп иеле­рімен тығыз жұмыс істей келе, қазіргі таңда өз ісін ашуға ниетті азаматтарға, әсіресе жастарға, зейнеткер­лерге, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдаудың ауадай қажет екенін түсінген. Соның арқасында 300-ден астам адамды оқытып, оның 20-дан астамына кәсібін ашуға қолдау көрсеткен.
– «Нұр Отан» партиясына айтар алғысым шексіз. Биылғы байқаудың ақпа­раттық-насихат жұмысының арқасында ұйым­дар тарапынан жоғары белсен­ділікті байқадым. Біздің жоба – кәсібін ашуға, жұмыспен қамта­масыз етуге, қоғамда өз орнын табуға бағытталған. Сеніп тапсы­рылған үмітті ақтаймыз деген ойдамыз, – дейді Елена Березинская-Абилова.
Екінші орынды Ұлан ауда­нының «Қамқор» жобасы иеленді. Жиһаз цехы, қол­өнер­шілер үйірмесі, қызығушылық­та­рына қарай тағы да бірқатар бағытты дамытып отырған ұландық еріктілер ұйымының басты мақсаты – бір-біріне қамқор болу.
– Байқау «Нұр Отан» партиясының қолдауымен бірінші рет өтіп отыр. Айта кету керек, өткен жылы тіркелген жо­балар саны не­бәрі бесеу болса, биыл бұл көр­сеткіш отыз екі­ге жетті. Өте жақсы нәтиже деп есептейміз. Се­бебі, ел ішінде көш бастап, үздік атан­дық, – дейді «Нұр Отан» пар­тиясы ШҚОФ төра­ғасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтарханов.
Ақтық мәреге өткен өзге жобалар да марапаттау рәсімінен құр қол қайтпады. Арнайы тағайындалған ынталандыру сыйлығына сай, оларға 400, 200 және 100 мың теңгенің серти­фикаттары табыс етілді. Атап айтқанда, «Инклюзивті театр» зертха­насы, «Шуақты қала», «Халықтың осал топ­та­рын жұмыспен қамтуға арналған қо­салқы шаруашылықты дамыту», «Үміт нұры», сондай-ақ «Өске­мен қаласы халқының әлеу­меттік қорғалмаған тобы үшін ОКЖ кітапханаларында ақ­па­раттық қызмет түрлерін да­мы­ту» және «Өскемен қала­сының әлеуметтік осал топтарына төмен бағамен көмір алу және жеткізуде көмек көрсету және қолдау» жобалары бар.

Жамбыл ҚЫРҒЫЗБАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*