Ұрлыққа ұмтылғандар неге көп?

1319
0
Бөлісу:

Қылмыс адамзат жаралғалы бері бізбен бірге жасасып келе жатыр. Алға озбаса, артта қалып кеткен кезі жоқ. Адам да соған бейім, әйтеуір. Заманауи жетістіктерді, білім алуды, өнертабыс ойлап табуды үйренбесе де, қылмыс жасауды тез үйреніп ала қояды. Қылмыс дегенің қиын нәрсе ғой. Күшіңді жұмсап жасайды, аямай ала жіпті аттайды. Өзгенің жанын жабырқатып, өзінің арын дегдітіп қояды. Ал бірнәрсені үйрену, таза жүру, адал ойлау – оңай. Сана сергек, көңіл тұнық. Бірақ қылмыстың бір «артықшылығы» – адамның бас қатырмай әрекет жасауында. Не ойланбайсың, не мәселенің байыбына бармайсың, тек тігісін жатқызып істеп кетсең болғаны, оңай пайдаға кенел де жүре бер. Талай сөйтіп жүріп тұтылатынын, торға түсетінін де біледі. Бірақ бәрібір қолын былғайды.

Осы қылмыс атаулының ішінде көш бастап тұрғаны ұрлық екен. Қазақстан бойынша (Бұл мақала барысында әлемде қай қылмыстың бәсі биік еке­ніне назар салмадық). «Ұялы теле­фонымды ұрлаттым», «автобуста әмия­нымды сыпырып кетіпті» деген сөздерді талай естідік. Соның ізіне түсіп, полицияға арыз жазып, мүлкін даулаған бір адамды көрмейсің. Дауласа да ақи­қатты бәрібір таба алмайды. Себебі, полиция мұндай ұсақ қылмысқа пыс­қырмайтын болған. Ауыр қылмыс­тарды ашу үшін де орнынан ауыр қозғалатын біздің ішкі істер органдары ұсақ-түйек ұрлық-қарлыққа уақыт шығындап жатпайды. Органдардың мұндай бей­қамдығы ұрылардың фантазиясы мен географиясын кеңейтіп, ұрлықты – ең сәтті табыс көзіне айналдырған. Тіпті ұрлықтың кең етек алуы полиция қыз­меткерлерінің де несібесіне айналған. Мұндай пікірлер Денис Тен қаза тапқаннан бері одан сайын өршіп кетті. Қазақстанда, оның ішінде Алматыда көлік айнасын ұрлаудың әлдеқашан тәуір бизнеске айналғаны, оларға тиісті органдардың «мүмкіндік сыйлап отырғаны» да әр-әр жерден айтылып қалып жатты. Белгілі журналист Әмір­болат Құсайынов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында «Ұрлық – полицейлер үшін қылмыс емес, кіріс көзі» деп жазған еді. Ақпарат тараған соң, айтып жатқанымыз. Болмаса бұл дәл қазір біз шешетін мәселе емес. Оған кәсіби құқығымыз да жоқ. Бірақ ұрлықтың еліміздегі қылмыс атаулыны билеп-төстеп тұрғаны рас. Мұны мау­сым айында Астана халқымен кездесуде Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың өзі мойындаған.
– Қылмыс әлемінде ұрлықтың үлесі басым. 67 пайыздан асып кетеді. Өңір­лердегі пайыздық үлесі одан да жо­ғары. Мәселен, Алматыда – 73 па­йыз, Алматы мен Ақтөбе облыстарында – 71 пайыз, ал Ақмола мен Батыс Қазақ­стан облы­сында – 70 пайыздан, – деген еді ол.
Министрліктің ұрлықтың алдын алуға қатысты дайындаған бағдарламасы да бар екен. Аталған жоба 2018 – 2019 жылдарға арналған. Ішкі істер ми­нистрінің орынбасары Рашид Жакуповтың айтуынша, қылмыстың ішін­де – ұрлық, ұрлықтың ішінде автоұрлық көш бастап тұр. Алайда ол қылмыстың кең етек алуына халықтың да қатысы бар дейді.
Автокөлік ұрлау мен автокөлік мүліктеріне қол сұғу жиі тіркеледі. Ұрылар алған заттарын техникалық орта­лықтарға, базарларға апарып сауда­лайды. Бұл факт неге кең таралып отыр дегенге келетін болсақ, бұған бір жағынан адамдардың өздері кінәлі. Олар қандай да бір арзан зат болса болды, соны сатып алуға ұмтылып тұра­ды. «Неге бұл арзан? Мұның криминал­дық іске қатысы жоқ па?» деп ешкім ойлана бермейді, – дейді министрдің орынбасары.
Ұрлықтың абырой әпермейтін іс екені, оның үлкен қылмыстарға бастай­тын баспалдақ екені түк те жасы­рын емес. Ұрлықпен күн көруге көшкен­дердің дені – жастар. Тепсе темір үзер жігіттердің пышақ ұстап, үркітіп-қорқытып әрекет етуі – қоғамның азғанын, тәрбиенің кемістігін айғақтай түсетіндей. Осы орайда белгілі психолог маман Мәншүк Асқарқызымен сөйле­сіп, көкейдегі сауалдарға жауап алдық. Маманның айтуынша, адамды ұрлыққа жетелейтін негізгі төрт фактор бар.
– Адам ұры болып тумайды. Оған біріншіден генетикасы әсер етеді. Әрине, ұрының баласы ұры бола бер­мейді, бірақ көп жағдайда тұқым қуалайтыны өтірік емес. Екінші әсер ететін нәрсе – социогенетика. Яғни, баланың қоғамдық ортасы. Үшінші фактор – психогенетика. Оның зейіні, есте сақтау қабілеті, эмоциясы, сезімі, қиялы ұрлық жасау жолында пайдала­нылады. Теледидардан ұрлық жасап байып кеткен адам туралы киноны көріп, ол да дәл солай қиялдайды. Өз ойына өзі сеніп қалады. Төртінші – психодинамика. Егер біреу түрткі болса, психикасы әлсіз бала оған ілесіп кете береді. Мысалы, кеше Денис Тенді өлтірді деген күдікпен ұсталған балаға қарап отырып, ондай бір ұрлау, тонау қабілеті жоқ па деп ойлаймын. «Кеттік, барамыз да ала саламыз. Ештеңе етпей­ді» деген сөзге ілесе салған болуы да әбден мүмкін, – дейді маман.
Психолог «жастар жұмыссыз сенделіп жүр, олар жалқау» деген оймен де келіспейді.
– Мәселе – оларға әу баста дұрыс бағыт-бағдардың берілмеуінде. Бізде үлкендер «сенікі не жатыс, бар да жұмыс істе» деп жасөспірімдермен дөрекі сөйлесіп жатады. Осылай оның ішкі психологиясына зиян келтіреді. Кері­сін­ше жылы сөйлеп, баланың көңілін аулап, оның жәй-күйіне шынайы назар аудару қажет. Сол кезде бала мотивация алады. Адал іске қарай беттейді. Яғни, баланың бойында ашу мен ыза, кек тудыратындай әрекеттерге жол бер­ме­уі­міз қажет. Бұл ретте ересектерге арты­лар жауапкершілік зіл батпан. Осы тұр­ғыдан алғанда жастарға емес, алды­мен үлкендердің өздеріне бағыт-бағдар бе­рілуі керек пе деп ойлаймын. Қазіргі рухани құндылығы жұтаңданған, ақша билеген заманда лайықты тәр­бие­нің берілуі өте маңызды болып тұр. Тиі­сін­ше тәрбиенің де тәрбиесі бар. Үл­кен­дердің, әсіресе қарт адамдардың айтқан тәрбиесін жастар құлаққа ілмеуі мүмкін. Олармен жастардың тілінде сөйлесе білу де шарт. Заманауи тәсіл­дер­мен, түсінікті мысалдармен ойды жет­кізу, сөйтіп баланы жақсы іске қарай бағыттау қажет, – деді Мәншүк Құса­йынова.
Психология ғылымының доценті ұрлыққа итермелейтін тағы бір тұрмыстық жағдай ажырасу екенін де айтты. Әке қамқорлығы мен ана шапа­ғатын сезінбеген бала жайлы өмірді қылмыс төңірегінен іздей бастайды. Сосын, балалардың болбыр мінезді, тым жұмсақ болып өсуіне – көбіне шеше тәрбиесінде болуы да әсер етеді дейді психиолог. Ондай мінезсіз балалар айтаққа тез ереді.
– Мұндай жағдай Кеңес Одағы кезінде де болды. Кейін тәуелсіздік алғаннан кейін жағдай түзелетін шығар деген едік. Бірақ олай болмай шықты. Тіпті соңғы 4-5 жылда ұрлық қылмысы одан ары өршіп кетті. Себебі, мемле­кеттік жүйе өзгергенімен сана өзгермей, сол күйі қалып кетті. Сана өзгеріп, сана төңкеріске түспегеннен кейін қоғамдық жауапкершілік, құқықтық тәртіп те сол қайраңдаған күйі қала береді. Сана өзгерісіне дайын болмай шыққан үлкендер өшін жастардан алады, – дейді психолог.
Қазақстан бойынша қылмыс жасау­дан Алматы алдына жан салмайды. Мегаполис полициясы көбінесе тонау қылмысының алдын алумен әуре. Қала­лық ІІД ресми өкілі Салтанат Әзірбектің сөзінше, жиі кездесетін қылмыстар – мүліктік қылмыстар, алаяқтық фактілер және бөтеннің мүлкін ұрлау. Ұрлықты сап тыйамыз деу де утопия. Тіршілік бар жерде қылмыс та селбесіп жүре бермек. Тек оның салдарымен емес, себебімен күресуді де ертерек қолға алған сыңай­лы. Қауіпсіз қоғам құру – өз қолымызда. Ал әзірге қолдан келері – ең бастысы өз-өзіңе абай болу. Тәуліктің қай мезгі­лінде де сақ жүру. Полицияға күніңді тү­сірмеуге тырысу. Ұрлықтың соңын ауыр қылмысқа ұластыра салуы мүмкін жандардан алыс жүру, ерегеспеу. Қашан қауіпсіз қоғам құрылғанша. Қашан ха­лық­тың полицияға деген сенімі оян­ған­ша. Анығында, олар қашан елдің сенімін ақтағанша!

Абай АЙМАҒАМБЕТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*