«Бастау» әлемді мойындата бастады

768
0
Бөлісу:

«Бастау» домбырашылар тобының құрылғанына бір жылдай болды. Осы уақыт ішінде бірқатар додада  оза шауып үлгерді. Қос жігіт жақында ғана Голливудта талайдың жүрегін жаулап, домбыраның үнін естіртіп келді. Осы жақсы жаңалықтан соң өнерпаздарды оқырманға таныстыруды жөн көрдік. Олар туралы ақпарат іздеп отырып, қызық деректі көзіміз шалды. Топ мүшесі Темірлан Олжабай – қазақтың белгілі ақыны, әнші Естай Беркімбайұлының ұрпағы, нақтырақ айтқанда жиені. Ернат Наурыз болса, есептің «майын ішкен» майталман отбасында дүниеге келген. Дарын иелерімен жасаған шағын сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.    

– Темірлан, Қорланға арнап әлемде жоқ ән салған Естайдың ұрпағы екеніңізді біл­ген­де елең еттік. Әңгіменің әлқиссасын осы­дан бастасақ. Тарихта аты қалған тұлға­ның ұрпағы мойындағы міндетін сезе ме?
Темірлан Олжабай: – «Естайдың ұрпағысың» дегенді бала кезімде естіп жүретінмін. Кейін нақты дәлелденіп, анықталған кезде, шыны керек, біртүрлі толқыдым. Өйткені тарихта аты қалған адамның ұрпағы болу – жауапкершілік әрі мәртебе. Ендігі мақсатым – атына кір келтір­мей, ізін жалғау.
– Ернат, математиктер отбасында дүние­ге келген екенсіз. Домбыраға аңсары­ңыз қалай ауып жүр?
Ернат Наурыз: – Иә, ата-анам – жара­ты­­лыстану ғылымдарына жақын жандар. Әкем – мамандығы бойынша физик, бүгінде жеке кәсібі бар. Анам – математик, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде сабақ береді. Шынында да, «есепке жүйріктердің отба­сын­да дүние­ге келіп, қалай домбыр­а­шы болып кеттің?» деп таңғалатындар көп. Әйтсе де, қазақ шетінен дарынды, талантты емес пе?! 1-сыныпта қолыма домбыра ұстап көрген екенмін. Содан бері жанымнан тастамай­мын.
Темірлан Олжабай: – Айтпақшы, Ернаттың өзі де математикаға мықты. Екеуміз де өнерге алты жасымыздан ара­ла­с­ып­пыз. Мен Павлодар қаласындағы, Ернат Жезқазғандағы музыкалық мектеп-интернатында оқыдық. Бүгінде домбыра мамандығы бойынша Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінің 4-курсында білім алып жатырмыз.
– АҚШ көріп келдіңіздер. Ең бастысы, бас жүлде – сіздерде. Шоу-бизнестің қайна­­ған ортасына жасаған сапарларыңыз, бай­қау жайлы айта кетсеңіздер.
Темірлан Олжабай: – Наурызда Латвия­ның Рига қаласында байқау өтті. Сол жерден бас жүлде иеленіп, Голливудқа жолдама алдық. АҚШ-тағы бұл дода өмірімізде айрықша орын алары анық. Конкурс World champions Olympic деп аталады. Яғни, әлем чемпионаты немесе музыкалық олимпиада десек болады. Әлемнің 72 елінен келген қатысушылар қатысып, бақ сынады. Олардың бәрі – көп ішінен іріктелген жүйріктер. Тікелей эфирден көрсетілді. Байқау үш кезеңнен тұрды. Біріншісінде Құрманғазы, Дәулет­керей, Тәттімбеттің күйлерінен попурри жасап, орындадық. Екінші кезеңде автор­лық шығармаларымыз бен күйші Олжас Сүлейменовтің «Еуразиясын» сахнаға алып шықтық. Соңғысында Құрманғазы­ның «Адай», Нұрғиса Тілендиевтің «Баламишка» күйлерін тарттық. Үш кезеңнен сүрінбей өткен 5 мемлекет өнерпаздарына алтын медаль табысталып, бас жүлде берілді. 72 елдің ішінде Филип­пин, АҚШ, Франция, Германия және Қазақстан үздік шықты. Домбыра үні, қазақтың күйі оқ бойы озып шыққан­да­ғы қуанышымызды сөзбен жеткізу қиын. Бірінші кезекте, біздің емес, қасиетті қара домбырамыздың жеңісі десек дұрыс болар.
Ернат Наурыз: – Голливуд – шоу-биз­нес­тің отаны. Осы ұғымның өзі осы жерде пай­да болды десек, артық емес. Әр кезең­нің өзінде 3 шығармадан орындадық. Әлем­­нің түкпір-түкпірінен таланттар жинал­­ды. Байқаудың бәсі де жоғары. Отан­дық арналардан тікелей көрсетілім жүр­­гізіліп жатты. Өте жоғары деңгейде өтті.
– Құлақ үйренген ұлттық күйлерден бөлек, заманауи әндерді де сүйемелдеп жүрсіз­дер. Жұрт қалай қабылдап жатыр? Қандай жаңашылдық жасау жоспарда бар?
Темірлан Олжабай: – Сіз бен біз білетін күйлер санада мәңгі сақталады. Олардың құны қымбат. Ешқашан ұмытыл­мақ емес. Десек те, заманауи әуендерді де ойнаймыз. Танымал әндерді домбырға салып, сүйемелдейміз. Мұнымыз, әсіресе, жастардың көңілінен шығады. Біздің мақсатымыз – домбыраны скрипканың деңгейіне жеткізу. Бүкіл әлем білетін, сүйіп тыңдайтын аспап қылсақ дейміз. Домбырада Вивальди, Паганини­дің белгі­лі шығармаларын орындағымыз келе­ді. Сондай-ақ Голливудтың кино­ла­рын­­да ұлттық аспабымыздың көрініс тауып, үні естілгенін қалаймыз. Алдағы жоспарлар­дың ішінде әлемге әйгілі музыканттарымен бірлесіп, көптеген дүниені жарыққа шығару бар. Ел ішінде, шетелде бірқатар жобаға шақырту алып жатырмыз. Бүгінде барлығын жан-жақты қарастыру үстіндеміз.
– Сахнадағы бір жылға есеп берейікші. Қай тұсқа көңіл толды, қандай кемшіліктер болды?
Ернат Наурыз: – Арман-мақсатымыз өте көп. Сол ойға алған істі жемісті етсек, халыққа тарту қылсақ дейміз. «Әттеген-айлар» әр концерт сайын болады. Ары қарай өсу үшін кемшіліктермен жұмыс істеу керек. Халыққа ұсынатын дүниелері­міз таусылмауы тиіс. Сол бағытта жұмыс істеуді мақсат етіп отырмыз.
Темірлан Олжабай: – Осы өткен бір жылымызға есеп бергіміз келеді. Мұны арман десек пе, жоқ әлде мақсат дегеніміз дұрыс па білмедім. Бәріңізге белгілі, концерт өткізу үшін үлкен әзірлік керек. Әзірше дайындық үстіндеміз. Енді көңіл толмайтын тұстарға келетін болсақ, әлбет­те, қай өнер иесі болмасын «болдым, толдым. Менен асқан ешкім жоқ. Осы сала­ның әбден майын ішіп, жілігін шақ­тым» дегені жарамас. Әлі де көп ізденіс керек. Күні-түні тыным таппай еңбек етуге тиіспіз.

Сұхбаттасқан  Жадыра АҚҚАЙЫР

Бөлісу:

Пікір жазу


*