Сабақтың басталуына бір ай уақыт қалды

1195
0
Бөлісу:

Мектептер жаңа оқу жылына дайын ба?

Балалардың жазғы каникулдарының таусылуына бір айдай ғана уақыт қалды. Бұл кез көзді ашып, жұмғанша өте шығады. Ата-аналар жаңа оқу жылына қазірден дайындала беруі үшін Қазақстанның бас мемлекеттік санитары баспасөз конференциясында мектеп формасына және оқушылар сөмкесіне қойылар талаптар туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшиннің айтуынша, жаңа 2018-2019 оқу жылында еліміз бойынша жалпы есебі 7051 мектеп пен 255 интернат оқушыларды қабылдайды деп жоспарла­нуда. Бірақ олардың барлығы бірдей бұған сақадай-сай дайын емес. Бүгінде мысалы, 45 мектеп апаттық жағдайда тұр. Нақтырақ тоқталсақ, олардың 13-і – Түркістан облысында, 9-ы – Жамбыл облысында, 8-і – Атырау облысында, бесеуі – ШҚО-да, төртеуі – Ақтөбе облысында, екі-екіден – Қызылорда және Қарағанды облыстарында, бір-бірден Алматы облысы мен БҚО-да орналасқан.
Ж.Бекшиннің дерегінше, бір ай бұрын біткен алдыңғы оқу жылында да «тендердің кеш өткізілуі және уақтылы қаржыландырылмау салдарынан 2017-2018 оқу жылы басталғанша, 119 мектепте жөн­деу жұмыстары мерзімінде аяқталмаған» болатын.
Биылғы шілдеден бастап, Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің аумақтық бөлімшелері жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, білім беру меке­мелерінің оқу жылының басталуына дайындығын бағалауға кірісті. Оның барысында ревизорлар біріншіден, санитариялық-эпиде­миологиялық талаптарға сәйкес, мектеп ғима­раттары мен үй-жайларының жағдайын және күтіп-ұсталу дәре­жесін, екіншіден, білім орда­ларындағы ас блок­тарында және медициналық кабинеттерде қажетті жабдықтардың болуын, үшіншіден, оқу кабинет­терінің, денешынықтыру залының, спорт алаң­дарының болуын және олардың тиісті мүкәммалмен жарақтандырылуын, төртіншіден, оқу орынжайла­рының қажетті жиһазбен жабдықталуын, бесін­шіден, балаларды физиологиялық толыққанды тамақтандырудың ұйымдастырылуын тексеруде.
– Санитарлық нормалардың сақталуына және мектепте тиімді гигиеналық жағдайларды қамта­масыз етуге ерекше назар аударылады, – деді еліміздің бас мемлекеттік санитары.
Сондай-ақ ол ата-аналар үшін мектеп формасы мен оқушы сөмкелерін таңдауға, оқушының дұрыс күн тәртібі мен дұрыс тамақтануына қатысты ұсынымдарын жария етті. Сонымен арқаға асатын сөмкені таңдау кезінде мынадай талаптарды сақтау маңызды. Біріншіден, оқушы рюкзагының қатаң ортопедиялық арқалығы және арнайы каркасы болуы шарт (жерге қойғанда тік тұрады). Сөмке каркасы салмақ пен омыртқаға қысымды біркелкі таратуы, баланың омыртқасын бұзбай, арқасын тік қалыпта ұстау үшін қатты болуға тиіс.
Екіншіден, баланың иығын қиып кетпеуі үшін рюкзактың иықбаулары (лямки) жалпақ әрі қолмен сипағанда, жағымды материалдан жасалғаны абзал. Олардың ұзындығы реттелуге тиіс және бала арқасөмкені екі иығына қатар асынуы керек. Бір иыққа ғана асу баланың бой-тұрқын бұзады әрі баланың мойнына ауыртпалық түсіреді. Үшіншіден, сөмкенің көлемі мен салмағы баланың бойы мен жасына сәйкес келуге тиіс. Бос мектеп рюкзагының салмағы 1 килограмнан аспауы міндет.
Балалар портфельдерінің шектен тыс жүктелуі проблемасын шешу мақсатында 2017 жылдан бастап, елімізде әр оқушыны оқулықтарды, ауыстыратын аяқ киімді және спорт керек-жарақтарын сақтауға арналған жеке шкафпен қамтамасыз ету бойынша жоба іске асырыла бастады. Бұл шара балалар арасында тірек-қозғалыс аппараты ауруларының алдын алу үшін қажет.
– Мектеп формасын сатып алу кезінде баланың осы киімді күн сайын 5-6 және одан да көп сағат бойы киіп жүретінін есте ұстау қажет. Сондықтан бірінші кезекте матаның сапасына назар аудару ма­ңыз­ды. Құрамында синтетикасы аз матаны таңдаған дұрыс. Күнделікті кию үшін синтетикалық материал жарамайды, себебі синтетикалық тал­шықтардан ауа өтпейді. Оның үстіне, синтетикалық талшық аллергия тудыруы мүмкін. Алайда синте­тикадан толық бас тартуға да болмайды, өйткені ол киімнің пішінін «сақтайды», қызмет ету мерзімін ұлғайтады, оны күтіп ұстауды жеңілдетеді, – деді Ж.Бекшин.
Қорыта айтқанда, мектеп формасы тігілетін матаның елу пайызы бала денесінің демалуына және аллергияның алдын алуға мүмкіндік беретін табиғи материалдардан – тоқыма, мақта, зығыр, жібек және вискозадан болғаны дұрыс. Мектеп киімнің «сыртқы қабаты кемінде 35 пайызға табиғи тал­шықтан немесе вискозадан тұруы», ал «ішкі қабаты, астары 100% табиғи талшықтан немесе вискозадан тұруы» тиіс. Кофталар мен ер бала көйлектері кемінде 65 пайызға табиғи талшықтан немесе вискозадан құралуға тиіс.
Сөз соңында бас санитар «күн режимін сақтау оқушы өмірінде маңызды рөл атқаратынын» айтты. Яғни, каникул болса да, балалар уақытылы ұйқыға жатуы, дер уақытында тамақтануы қажет.
«Режим тәртіпке тәрбиелейді, жинақы болуға көмектеседі. Оқушының денсаулығына ұйқы, тамақтану және қозғалыс белсенділігі де әсер етеді» деп түйді Жандарбек Бекшин.

Ерік ЕРДЕН  

Бөлісу:

Пікір жазу


*