ЖҮГЕН КІМДІКІ?

1286
0
Бөлісу:

Мемлекет басшысы дағдарыс кезінде құқық қорғау саласы қызметінде бірқатар мәселенің беті ашылғанын бірнеше рет атап өткен болатын. Қоғамдық резонанс тудырған қылмыстар ашылмай қалып отыр. Көшедегі қылмыскерлікке қарсы күрес бәсең жүргізілуде, ұйымдасқан қылмыстық топтар жанданды. Осындай жағдайда құқықтық тәртіпті үйлестірудің әлсіздігі байқалды. Ең алдымен, полиция, прокуратура, әділет және сот органдарындағы басқарушы кадрлардың сапалық құрамын жақсарту қажет. Олар өз іштеріндегі сыбайлас жемқорлықты жою үшін батыл қадамдар жасап, кездейсоқ адамдардан тазартылуы тиіс. Халықтың жоғары сенімін толық қалпына келтіріп, оны ақтау керек.

Осы орайда ІІМ қоғамдық қауіпсіздік пен көшелердегі тыныштықты нығайтуды, заң бұзу­шылар үшін жазаның бұлтартпастығын қамта­ма­сыз етуі қажет екені белгілі. Барлық құқық қорғау органдары саласы бойынша дағдарыс салдарын еңсеруге мемлекет бөліп отырған қаражаттардың заңды әрі мақсатты пайдаланылуын қатаң бақы­лауға алу қажеттігі де аңғарылып отыр.
Елде құқық қорғау органдары жүйесін жаң­ғыр­ту үшін шетелдік тәжірибеге жүгінуге тура ке­леді. Президент көмекшісі, Қауіпсіздік кеңе­сі­нің хатшысы Нұрлан Ермекбаев Германияның озық тәжірибесімен танысып келіпті. Құқық ­қор­ғау органдары жүйесін жаңғырту жөніндегі ве­домствоаралық жұмыс тобының жетекшісі да­мыған елдің кадрларды іріктеп, дайындау ісімен жә­не сала қызметін ұйымдастыру жұмысын зерт­тепті. Қазақстан тарапы ондағы құқық қорғау қыз­метінің тиімділігі мен мәртебесін арттыру, қыз­меткерлерді әлеуметтік қорғау мен жәрдемақы беру тәжірибесін ескеретін болады. Сөз реті кел­генде, тым алысқа бармай-ақ, Грузия тәжірибесін зерт­теп, Қазақстанға орайластыру да қажет секілді.
Полиция қызметінің біріктірілгені де тиімді бол­маған тәрізді. Қазір полицейлердің көбі авто­көлік иелерін аңдуға көшкен. Соның салдарынан қоғамдық тәртіпті қадағалау, ұрлық-қарлық мәсе­лесімен айналысу нашарлап кеткені байқалады.
Бәлкім, қоғамдық еріктілер тарапынан үлкен кө­мек болар? Кезінде Қазақ ұлттық универ­си­те­тінде Ерікті жасақшылар тобы ойдағыдай жұмыс іс­теді. Тап осындай ниетті Top Security KZ коман­да­сы өз қолына алыпты. Күзет компанияларының жұмысын осы заманға сай бейімдесе, бірталай жұ­мыс еңсеріледі. «Жеке патрульдер» тобы қазір Ал­маты қаласы көшелеріне шыға бастамақ. За­манауи техникамен жабдықталған, арнайы дайындықтан өткен адамдары бар, жақсы ав­токөлікпен жарақтанған осындай қоғамдық ерік­тілер қала тыныштығын күзетуге ынта танытып отыр.
Өткенде Жоғарғы сот жанындағы ахуалдық ка­бинетте болғанбыз. Сонда байқағанымыз: елі­мізде ұрлық шектен тыс көбейген, автомобиль ай­насын ұрлау да солардың қатарында. Қазір кей­бір көлік иелері айнаға машинаның нөмірін зер­леп жазғызып, арнайы белгі салып та жатыр екен. Осындайда қазақтың малға ен салатыны еске түседі. Автобөлшектер сататын базарлар мен сау­да желілерінде қатаң тексеріс жүргізіп, бөл­шек­тердің заңды-заңсыз жолмен келгенін анықтау аса қиын емес. Егер қосалқы бөлшектердің пайда болуы күмән тудырса, сатушыларға еселеп айып­пұл салуға болады.
Азаматтардың бас амандығы мен жеке мүл­кінің сақталуы – тыныштық пен тұрақтылық ке­пілі. Осы міндетті еліміздің құқық қорғау орган­да­ры­ның қызметкерлері айрықша түйсінуі және тү­сінуі қажет.
Жүгенсіздік өршіген сайын елден береке ке­теді. Жүгенсізді жөнге салу кімнің міндеті? Жүген кім­дікі өзі?!.

Нұртөре ЖҮСІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*