ЦИРК – СИҚЫРЛЫҚ пен ШЫНАЙЫЛЫҚТЫҢ ОРДАСЫ

1763
0
Бөлісу:

Ғажайып пен сиқырға толы цирк өнері қанша уақыт өтсе де өз маңыздылығын, құндылығын ешқашан жойған емес. Цирк – адамдарға, әсіресе бүлдіршіндерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтын мәдениетті орындардың ошағы. Ондағы өнер көрсететін күлегештердің, сайқымазақтардың, акробаттардың, жонглерлер мен эквилибристтердің, гимнасттар мен сиқыршылардың, әртүрлі аңдарды үйретушілердің өнеріне тамсанбайтын жан кемде-кем. Әсіресе, цирктегі қолға үйретілген аю мен маймылдың ойындары, жыртқыш аңдар – арыстан мен жолбарыстың әртүрлі нысандарға қарғып секіруі, әуені бағындыра білген акробаттардың ауада тартылған жіп үстіндегі көз ілеспес қимылдары, мотоцикл мінген эквилибристер мен эфиопиялық артистердің қойылымдары, ат құлағында ойнайтын шабандоздардың қимыл-әрекеті ерекше көңіл-күй сыйлайды.

Осынау цирк өнерінің тарихы ерте замандардан бастау алды. Бұл өнер түрі ежелгі Қытай, Грекия, Рим, Византия елдерінде пайда болған. Патша, ақсүйек, бай-бекзадалардың көңілін көтеруге арнал­ған сауық кешені уақыт өте келе жүйеленіп, жеке бір өнер түріне айналды.
Көшпелі өркениетке тән өмір сүрген халық үшін бұл өнер түрі жат емес. Тіпті осынау си­қырлы цирк өнері қазақтың қанында бар ма дерсіз?! Қазақ даласында алып күшке ие ерекше тұл­ғаларды айтқан кезде Балуан Шолақ, Қажымұқан Мұңайт­пас­­ұлының есімдері қатар аталады.
14 жасынан бастап күресіп, ат құлағында ойнаған Балуан Шолақ әртүрлі күрделі жат­тығуларды шебер орындаған. Мысалы, жүйткіп келе жатқан ат үстінде түрегеліп, не басымен тұруы, аттың бауырынан өтуі, бір аяғын үзеңгіге қыстырып, шалқалап жатып шабуы бойындағы жойқын күшті, ептілікті шебер игере алатындығын, қазақтың дала­лық цирк өнерінің іргетасын қалағандығын айғақтайды. Ал жауырыны жер иіскемеген атақты палуан Қажымұқан Мұңайтпасұлы 1901 жылы орыс палуаны Иван Поддубный­мен танысып, оның көмегімен Петербор­дағы И.Лебедевтің мектебінде оқыған. Ол Қазан төңкерісі қарсаңында цирк өнерінің далалық нұсқасының жекелеген нөмірлерін орындаған, кейінгі жылдары оның театр­лан­дырылған көрініске айналуына бірден-бір себепші болған тұлға әрі қазақтан шыққан тұңғыш кәсіпқой цирк артисі. Даңқты палуанның Парижде түйені арқалап манежге шыққаны, Берлинде жуан темір­лер­ді шыбық секілді иіп, галстук қылып байлағаны туралы өнер мен қара күшті ұштастыра білгені туралы аңыз-әңгімелер халық арасында жиі айтылып жүр.
Елімізде алғаш эстрада студиясын ашып, қазақ циркінің негізін қалауға үлес қосқан жандардың басында Гүлжихан Ғалиеваның есімі ерекше аталады. Ол қазақ цирк өнерінің өркендеуіне зор еңбек сіңірді. Осы ретте айта кетейік, қазақ циркінің жаңа сатыға көтеріліп, жеке өнер орталығы болып құрылғанына биыл 48 жыл (1970 жыл, 24 шілде) толды. Дегенмен аз ғана уақыттың ішінде еліміздегі цирк өнері үлкен жетістік­тер­ге жетті. Қазіргі кезде Қазақстанда төрт цирк орталығы бар. Олар Астана, Алматы, Шымкент және Қарағанды қалаларында орналасқан. Әр орталықта білікті мамандар қызмет атқаруда.

Бүгінгі таңда қазақ циркі елімізбен қатар әлемнің талай сахнасын бағындырып, таң­ға­жайып сиқыр әлемін өнермен ұштас­ты­рып келеді. Елімізде цирк өнерін жанына серік еткен жас өрендер өсіп келеді. Отандық цирк өнерпаздары халықаралық сайыстарда жүлделі орындарды еншілеуде. Ел мақта­ны­шына айналған өнерпаздардың жетіс­тік­те­ріне тоқталар болсақ, 2017 жылы өткен «Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестивалінен Перизат Анарбекова есімді жас өреніміз үшінші орынға ие болды. Бұл фестивальге «Оңтүстік Цирк» өнер ұжы­мы­ның атынан Айша Сайрамбай да қаты­сып, ол да жүлделі 3-орын иегері атан­ды. Бүгінде Айша өзінің керемет күшіктерімен бірге «Пеппидің үйретілген күшіктері» деп аталатын қойылымын тамаша орындап жүр. Ал «Әуе шеңбері» номерімен гимнастикалық трюктерді ерекше көрсете білген Диана Миралиева есімді жас өнерпаз Украина мемлекеттік цирк директорының арнайы сыйлығымен марапатталды. Міне, осындай керемет өнер иесі атанып, ептілік пен күш­ті­лікті талап ететін цирк өнерінде жасын­дай жарқылдап жүрген өнерпаздары­мыздың жетістіктері көз қуантып, көңіл жадыратады.
Шымкентте «Шынайы өнер – цирк» облыстық байқауында баршаның таңдайын қақтырған Ерасыл Бесалы – Қазақстандағы ең жас цирк өнерпазы. Небәрі 3 жасында ғажа­йып өнерге қадам басқан бүлдіршін бүгінде талантын шыңдап, қарым-қабілетін жетілдіріп жүр.
«Цирк – өте күрделі өнер. Қай жанрын алып қарасаң да, әрқайсысы өз алдына бір төбе. Бір қойылымды қою үшін балаларды бірталай трюкке үйретуің керек. Оның әр­қай­сысы көп уақыт алады. Оны үйрену де оңай емес. Төзімділік пен табандылық ке­рек» дейді Ерасылдың ұстазы Бауыржан Бекберген.
Шәкірт тәрбиелеп жүрген білікті маман цирк өнері үнемі үздіксіз ізденісті, жанкеш­ті­лікті талап ететін өнер болғандықтан, бұл жол­да кез келген қиындыққа төзіп, еңбек­тену керек екендігін айтып өтті.
– Цирктегі таңғалдырудың басты тетігі – ешқандай сақтандырусыз қауіпті жағдайда өнер көрсету. Трюк жасап үйрену оңай шаруа емес. Қиын трюктарды меңгеру 1-1,5 жыл, кейде 3 жылға дейін созылады. Осыдан кейін цирк өнері қаншама қажыр мен қайратты, уақытты талап ететінін бағамдай берсеңіздер болады. Цирк өнері – басқа театр қойылымдарына қарағанда өте қауіпті. Қателікті кешірмейді. Егер мүлт кетсе, жара­­­қаттанады, тіпті өліп кетуі де мүмкін. Мәсе­лен, театр қойылымдарында кейбір қате­ліктерді кейінгі көрсетілімдерде қайта түзеуге мүмкіндік бар. Ал циркте әсте олай емес, – дейді ол.
Қазақ мемлекеттік цирк директорының орын­басары Руслан Сенкебаевпен әңгі­ме­лесу барысында циркта өнер көрсе­те­тін аңдарды қолға үйретудің, сахнаға дайын­дау­дың қыр-сыры жайында сұрадық. Тәжіри­бе­лі маман цирк саласындағы өз тәжіри­бе­сі­мен бөлісті.
– Кез келген аңды туғанынан бастап аң үйретуші таңдап алады. Оны таңдау да оңай емес. Қолға үйретілетіні бар, үйретіл­мей­тіні бар. Әр күн сайын оның күтіміне мән береді. Тамақтандырады. Баптайды. Бір сөзбен айтқанда, тәрбиелеп шығарады. Нәресте секілді оған да тіл қатады. Аңдарға тұруды, отыруды, секіруді, яғни тапсыр­ма­лар­д­ы орындауды үйретеді. Бұл бірнеше уақыт алуы мүмкін. Аң үйретушілер сахнада күнделікті дайындалады. Әр аңның сахна­да­ғы іс-әрекетін, қимылын қадаға­лай­ды. Бұған шыдамдылық керек, – дейді Р.Исабек­ұлы.
Алдағы уақытта тың бастаманы қолға алуды жоспарлап жатқанын айтқан Р.Сенкебаев жағымды жаңалығымен бөлісуді де ұмытпады.
– 22 қыркүйек айынан бастап «Карна­вал» атты қойылымды көпшілікке тарту етеміз. Халық­қа да қызық болу үшін әртүрлі шетел­ден келген мамандармен де келісім­шарт жаса­луда. Қазіргі кезде арыстандармен, лама­лармен жұмыс істеуді бастап кеттік. Ары қарай жаңажылдық кештерге дайын­дық­ты бастайтын боламыз, – деді ол сөз соңында.
Осыдан бірнеше жыл бұрын Мемлекеттік цирктің көркемдік жетекшісі болған Уәлихан Шалабаев қазақ циркі туралы бірде: «Дүниежүзі зерттеушілерінің мәліметі бойынша, қазақ циркі ірі державалардың бірі саналады. Тіпті экономикалық жағы­нан дамыған Жапон елінде де біздікіндей цирк мектебі жоқ», – дегені бар еді. Осы пікірді ескерсек, расында еліміздегі цирк өнерінің мерейі үстемдігіне анық көзіміз жетеді.


«Аз уақыт аралығында талайды таңдай қақтырған қазақ циркінің болашағы жарқын. Өзге елдерде цирк өнері тоқырап жатқанда, Қазақстанда қайта даму үрдісі байқалады».
Бұл – «Азия жаңғырығы» халықаралық цирк фестиваліне келген шетелдік мамандардың қазақ циркіне берген бағасы. Ал біз қазақ циркі әлемнің талай сахнасын бағындырып, таңғажайып сиқыр әлемін өнермен ұштастыра берсін деп тілейміз.


Абылайхан ЖҰМАШ

Бөлісу:

Пікір жазу


*