Шымбұлақтың шырайы кірсін десек…

1144
0
Бөлісу:

Алматы тұрғындары үшін қала маңайы демалуға, спортпен шұғылдануға, салауатты өмір салтын ұстануға аса қолайлы. Алматы өңірінің таулы кластерінің Үкімет негізгі нысанаға алған отандық туризм саласын ілгері сүйрейтін жетекші он нысанның қатарына кіріп отырғаны да сондықтан. Шымбұлақ, Түрген, Ақбұлақ, Үлкен Алматы арасаны және тағы басқа туристік нысандарды келушілерге қолайлы етіп, жетілдіру арқылы туризм саласының дамуына зор үлес қосуға болады.

Бүгінде бұл ауқымды кластерді әзірге 500 мыңдай турист өз ба­ғы­тына икемдей алыпты. Бола­шақта бұл көрсеткішті 2,5 миллионға жеткізу міндеті қойылып отыр. Бұл 197,2 миллиард инвестицияны қажет етеді. Егер осы шарт орындала қалса, 487,5 миллиард теңге қосым­ша табысқа кенелуіміз әбден мүм­кін. Өйткен бұл аймақ барлық төрт маусымды қамтитын туристік, спорттық курорттық нысан болып саналады және шипажайларға қойылатын заманауи халықаралық стандарттарға толық жауап береді. Солардың ішінде туристер үшін де, тұр­ғындарға да аса тартымды
нысан – Шымбұлақ.
2260 метр биіктікте орналасқан табиғат нышанының ерекшелігі – тәжірибелі мамандар мен жаңа шаңғышылар үшін қолайлы тау бедері. Шымбұлақ шыңы Талғар асуының солтүстік жағында, Азутау сілемінде орналасқан. Техникалық тұрғыдан күрделі шың санатына жатпайды. Сырттай қарағанда тау сілемінен аз ғана көтеріңкі жатқан шағын жартасты массивке ұқсайды. Солтүстік беткейі кіші Алматы шатқалына, ал оңтүстік беткейі Саурықсай шатқалы мен Талғар өзенінің сол саласына қарайды.
Мұндағы шаңғы курортының пайда болу тарихы туралы өлке­танушы, шаңғы спортының маманы Орал Аманжоловтың: «Шымбұлақ тарихы шаңғы спортының пай­да болуымен және дамуымен тікелей байланысты. Спорттың бұл түрі ХХ ғасырдың ортасында Англияда пайда болған. Кейіннен ол Австралияда кеңінен таралды. 1937 жылы Алматыға үш босқын келеді. Солардың бірі Иван Грузис тау шаңғысы бойынша маман жаттықтырушы болса, Антон Вейс пен Витольд Радаль есімді қалған екеуі де тәжірибелі шаңғышылар болған. Австралиялықтар жергі­лікті жердің тау бедеріне тез ба­ға беріп, күнұзаққа Веригина тауында (Көк-Төбе) сырғанайтын. Кейіннен олар жергілікті жастарға тау шаңғыларын тебуді үйретті», – деп жазатыны бар.
Сол оқушылардың ішінде ұшқыш Сергей Луганский, шаңғы спортының болашақ жұлдызы Юрий Менжулин, альпинист Виктор Колокольник болған. Олар Қазақстандағы шаңғы спорты­ның негізін қалаушылар еді. Сырғанауға қолайлы жер іздеу үшін кала тауларын зерттей бастайды. Бірде Талғар шатқалына жасаған саяхатында Виктор Колокольников таудан сырғанап көреді де, қатты ұнатады. Сөйтіп, Горельник ауда­нында алғашқы шаңғы сайыстары жүргізіле бастайды.
Соғыс аяқталған соң шынжыр арқанды жол тарту үшін шаңғы спортының федерациясы жер іздестіреді. Кавказ, Хибин, Орал және Подмосковье таула­ры қарастырылған. Сонда комис­сия мүшелері көтергіштерді Шым­бұлаққа апарып орнату жөнінде келісімге келеді. Кейіннен мұнда спорттық база салу туралы да шешім қабылданды. Айналасы бір-екі жыл ішінде сырғанауға арналған екі шақырым ілмекті жол қойылды. Ал 1954 жылы жылдамдықпен түсуге мүмкіндік беретін үш шақырым жол орнатылды. Бұл жолақтарды FIS (Шаңғы спортының халықаралық федерациясы) қолдаған болатын. Осы кезеңнен бастап он жылға жуық уақыт бойы бұл жер Қазақстан чемпионаттарын өткізетін жалғыз орын болды. Мұнда Олимпиада және әлем чемпионаттарының алдында үлкен жиындар жүргізілді. Кеңес үкіметі тұсында мұнда шаңғы спортының жұлдыздары сырғанаған. Олардың қатарында Евгения Сидорова, Александр Артеменко, Сталина Корзухина және Геннадий Чертищев бар. 1983 жылы Шымбұлақ базасы кеңестік тау шаңғышыларын олимпиадаға дайындайтын орталық болды. Сол уақыттан бері спорттық курорттық нысан ретінде кеңінен танылды.
2011 жылы Азия ойындарына дайындық басталды. Шым­бұ­лақтағы жолдар екі есеге кеңейді. Шынжырлы арқан жолдарының сымдары өзгертілді. Ақпан айын­да Шымбұлақ еңісінің жыл­да­м-­­­ды­ғына, аса ірі гигантке және сла­ло­мға арналған VII қысқы Азия ойындар бағдарламасы шең­бе­рінде ерлер мен әйелдер ара­сын­дағы жарыстары, 2017 жылы дүниежүзілік қысқы Универсиада жарыстары ойдағыдай өтті.
Шымбұлақ спортшыларға арналып әбден бейімделді, күрделі жөндеулерден өтті. Медеу мен Алматыгипрогор-1 нысандарын салып берген белгілі сәулетші Владимир Кацевтің жобасы бойынша төрт қабатты қонақүй, монша, медициналық орталық, спорт қонақ бөлме және жүзу бассейні салынды. Кәсіби тау шаңғышылары үшін шынығу алаңы бола алатынына сендірді, халықаралық деңгейдегі спорттық шараларды өткізуге қауқары жететініне де көз жеткізді. Ендігі мақсат – бұл аймақты тек кәсіби тау шаңғышылары үшін ғана емес, қарапайым тұрғындар мен туристер үшін де қолайлы ету. 10-15 жылдан бері Шымбұлақ шаңғышылар үшін мәдени демалыс орнына айналып үлгерді. Десек те, келушілердің саны жылына 500 мыңнан аспайтынын айттық. Ал біз көздеген меже – 2,5 млн. Сондықтан Шымбұлақты әлі де тартымды, қолайлы ету үшін жасалатын жұмыс қыруар. Осы шыңға шынығу үшін жиі баратын Алматы тұрғыны Владимир Денисовтың айтуынша, Шымбұлақта әуесқой спортшылар мен туристерге арналған жол тым аз. «Қыстың демалыс күндері мұнда кезек күту мәселесі бар. Оның үстіне, сырғанау бағасы да қымбат. Ба­ла­лар арасындағы тау шаңғысы спортының дамуына да кедергі баршылық. Қазіргі Шымбұлақ спорт базасынан шипажайға айналып кетті» дейді жас спортшы.
Ал жас саяхатшы Сарқыттың айтуынша, Шымбұлақтың шипа­жайға айналуы туристер үшін аса тиімді. «Бұл аймақта қысты күні мұз айдынында сырғанап, тау шыңғысымен айналысуға жағдай жасалған болса, жазды күндері ыстық қайнарға баруға болады. Осындай адам тартатын сауықтыру шараларының қатарын көбейту қажет» дейді. Сондай-ақ Алматы тұрғындарының арасында тауға шығу мәдениеті жақсы қалыптасқанын байқаған Сарқыт «Қала тұрғындарын салауатты өмір салтына, табиғат аясына шығуға бейімдеу оңай. Өйткені, оларда қызығушылық бар. Бірақ алматылықтар орта есеппен Шымбұлаққа екі айда бір рет қана баруы мүмкін. Ай сайын таулы табиғат аясында тынығуды кез келген тұрғынның қалтасы көтере бермейді» деп атап өтті.
Ал Зарина есімді қаламыздың тұрғыны тауға шығу мәдениеті әсіресе, қала жастары арасында жақсы дәстүрге айналып бара жат­қанын тілге тиек етті. «Бүгінде жастардың басын біріктіріп, сая­хатқа бастайтын түрлі агенттіктер мен компаниялар бар. Олар тау-тасты аралап, сол жақта түнеп, табиғат аясында тынығып жатады. Соңғы кездері осы үрдіс белең ала бастады. Бұл жастардың таби­ғатын аялап-сүюге деген ынтасын ашып, махаббатын оятатындай. Сондықтан болар, саяхат бары­сында мейлінше тазалық сақ­тауға тырысады. Әрі оларға саяхат­таудың барлық талап-ережелері түсіндіріледі. Тіпті от жағу үшін арнайы орнын іздеп жатамыз. Қала жастарының ең таңдаулы нысандарының бірі – Шымбұлақ. Мұндағы қыс – аппақ, жазы – жап-жасыл. Бұл аймақта тұрғындар мен туристер үшін жағдай жасал­ған. Қысты күндері демалу құны қымбаттау екені рас, ал күн жы­лынғандағы баға көңілге қоным­ды. Сенбі-жексенбі қаладан қаты­найтын автобустардың санын көбейту, я болмаса арасын жиілету керек шығар. Әйтпесе, демалуға аса қолайлы жер» дейді.
Нұрғали есімді геолог соңғы уақыттарда Медеудегі ұзын бас­пал­дақтың орта тұсында жыл­жу байқалғанын айтады. Бұл – аса қауіпті. «Шымбұлаққа турис­тер тарту үшін, жергілікті тұр­ғын­дардың ынтасын ояту үшін бұл аймақтың техникалық стан­дарттарға қаншалықты сай екенін тексеруіміз қажет. Сараптама нәти­желерін қалалық әкімдіктің немесе Шымбұлақтың арнайы сайтына орналастыру да аса маңызды. Апат айтып келмейді» дейді жас маман. Шымбұлаққа жиі шығатын қала тұрғыны ретінде «Отбасылы жандар мен жиі демалушылар үшін бағасы қалтаға салмақ салатыны бар. Ал екі айда бір баратындарға қолайлы» дегенді айтты.
Бұл аймаққа жыл сайын келе­тін 500 мың адам – туристер мен қарапайым тұрғындар. Бұл көрсеткішті осы екі санат өкіл­дерінің есебінен ғана көбейте алатынымыз да анық. Сондықтан Шымбұлақты келушілер үшін қолайлы етіп, одан әрі жетілдіру үшін қала тұрғындарының ой-пікірін, ұсыныстарын ескеретін сауалнамалар жүргізу керек сыңайлы. Тұтынушылар көңілі тоқ болса, туризм дамымай қайтсін?

Айдана НҰРМҰХАН

Бөлісу:

Пікір жазу


*