«Билер кеңесі» құрылады

1350
0
Бөлісу:

Атырау облыстық сотында татуластыру рәсімдерін халық арасында кеңінен танытуға және Атырау мен Оралда «Билер кеңесін» құруға бағытталған сегізжақты меморандум жасақталды.

Меморандумға Атырау облыстық сотының төрағасы Марғұлан Бектұрғанов, Ардагерлер кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуанов, Қоғамдық кеңес төрағасы Мұрат Өтешов, «Елсана» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұржан Ермұханов, «Жас Отан» жастар қанаты филиалы төрағасының міндетін атқарушы Динара Саматова, сондай-ақ медиация орталықтарының дирек­­торлары Гүлбаршын Марданова, Марина Мұхтарова және Рысты Қалиева қол қойды.
М.Бектұрғанов Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асановтың «Сәл дау туа қалса сотқа жүгірмей, ортақ шешім іздеп, татуласу керек» деген халыққа үндеуін еске салды.
«Осы мақсатта жақында Жоғарғы сот өкілдері өңіріміздегі зиялы қауым өкілдерін жинап, үлкен кездесу ұйымдастырды. Оның қорытындысы бойынша татуластыру рәсімдерін насихаттайтын мобильді топ және құрамында беделді қайраткерлер мен көсбасшы жастардан тұратын «Билер кеңесін» құру туралы шешім қабылданды» деді М.Бектұрғанов.
Ол меморандум аясында мобильді топтар аудандар және ауылдарды аралап, жергілікті тұрғындармен кездесулер өткізетінін, «Билер кеңесі» ұйымының арнаулы Ере­же­сі әзірленетінін, алдағы уақытта ол Әді­лет департаментінен тіркеуден де өте­ті­нін хабардар етті. Оның мәліметінше, аталған ұйым облыстық сот жанындағы консультативтік-кеңесші орган ретінде құрылады. Кеңестің тілге шешен, абырой-беделге ие мүшелері азаматтар арасында туындаған дауларды дәстүрлі «қазақ құқығы» аясында шешуге көмектеседі.
Кездесуге қатысушылар осы арқылы «Билер соты» деген бабалар мұрасына зор құрмет көрсетілетінін атап өтіп, өңірдегі дауласу деңгейін төмендетуге бағытталған жұмысты ілгері жылжытуға қолдау білдірді.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*