Солтүстіктің сәні – көлдері

1671
4
Бөлісу:

Қазақстанның туризм төресі бола алатыны туралы көптен бері айтылып жүр. Өйткені әлеуеті мықты. Десек те, мол пайдаға кенелтетін бұл салада әрі тұралап келеміз. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін он жоба қолға алынып жатыр. Естеріңізде болса, газетіміздің осыған дейінгі нөмірлерінде Бурабай мен Алакөлдің ахуалын қозғаған едік. Осы жолы кезек еліміздің солтүстігіндегі «Имантау – Шалқар – Зеренді» курорттық аймағына келіп жетті.

Қазақстанда туризм сатылай өр­кендейді. Мемлекет басшысының тап­сырмасымен елді туристификациялау картасы әзірленді. Kazakh Tourism ҰК АҚ басқарма төрағасының орынбасары Тимур Дүйсенғалиев әлемдік туризмнен ойып тұрып орын алу үшін елімізге не керегін айтты. «Елбасы туризмді дамытуға тап­сырма берген соң бірқатар шаралар ат­қарылды. Соның ішінде туристифика­циялау картасын айта кету керек. Бұл жерде біз ең басты әрі басым бағыттарды іріктеп, таңдап алдық. Соның ішінде, басымдық Алматы қаласы мен облысына, Астанаға беріліп отыр. Жоспар бойынша, алдағы 2-3 жыл ішінде барша әлем біздің нысандар туралы білетіндей деңгейге шығуымыз керек. Жасайтын іс өте көп. Атап айтқанда, қалалар арасында қа­тынайтын автобус бағыттарын реттеу қажет. Қазір туристер көбіне жоспарсыз жүре береді. Шешімді де табан астында қабылдай салады. Демек, Астанаға келген қонақ Бурабайға не басқасына еш кедергісіз, оп-оңай бара алуы керек. Қажет ақпаратын, билетті алып жолға шыға­тындай жағдай жасау жоспарланып отыр. Автобустар жаңа, ішінде бәрі болуы тиіс. Біз әр бір сағаттық жолда дәретхана сала алмаймыз. Сол себепті, автобустың ішінде болғаны жөн. Енді демалыс маусымы жайлы айтсақ. Маусымдық туризмді туристік жолдамалар дотациясы арқылы реттеуге болады. Бұған Францияның мысалын келтірейін. Ол жақта мемлекет қызметкерлерге адам аз баратын кездерде жолдама ұсынып, субсидия береді. Осы­лай­ша, туристік инфрақұрылымның сал­ма­ғы теңеседі. Осыны бізде де енгіземіз деп жоспарлап отырмыз. Келесі мәселе – кадр даярлау. «Туризм менеджері» ма­мандығы бойынша жылына 2 500 түлек
63 оқу орнында бітіріп шығады. Сөйте тұра, «фронт-офисте» кадр тапшылығы анық сезіледі. Яғни, ресепшионистер, даяшылар, клинерлер және т.б. Оларды ешкім кәсіби түрде даярламайды. Бізге дипломы бар адамдар жұмыс сұрап келеді. Бірақ ресепшнде жұмыс істегісі жоқ. Өйт­кені оны ар санайды. Менеджер болу үшін кішкентайдан бастау керегін түсіне бермейді. Барлық кезеңді өткеруі тиіс. Осыдан шығатын қорытынды – туризм саласындағы білім беру деңгейін көтеру. Қазақстанның орналасқан жері өте оңтайлы. Себебі, әлемдік нарықтағы «ауыр салмақты» елдердің бірқатарына жақынбыз. Қытай, Ресей, Үндістан нарығы өте үлкен. Сонымен бірге, Грузия, Әзірбайжан және Кавказ елдеріне қы­зығушылық танытатын туристердің көбі Ираннан екен. Осы жағынан алып қара­ғанда, Батыс Қазақстанда Каспий маңы­нан курорттық аймақ жасау өте тиімді. Бұдан бөлек, мұсылман әлемінен сыр шертетін жерлер Оңтүстік Қазақстанда жетерлік» дейді Тимур Дүйсенғалиев.

Зеренді көлі

Ақмола облысының Зеренді ауданында орналасқан. Есіл алабындағы тұйық көл. Жан-жағын қалың қарағайлы аласа таулар қоршап жатыр. Оңтүстік-батысында де­малыс үйлері бар. Аумағы – 11,9 шаршы ша­қырым. Ұзындығы – 6,1, енді жері – 3,8 ша­қырым, тереңдігі – 4-4,8 метр. Оңтүстік және оңтүстік-батыс жағалауының биік­тігі – 10 м, батыс жағалауының биіктігі
4 метрге жетеді. Оңтүстік жағалауы сай-жыралармен тілімденген. Суы тұщы, ауызсуға жарамды.
Атауына байланысты ел ішінде түрлі нұсқалар өріп жүр. Ғалымдар әлі де болсын бір байламға келмеген. Филолог Оғаз Сұлтаняев «сайғақ» мағынасын бере­тін «зерен» деген моңғол сөзінен шық­қан деп топшылайды. Сондай-ақ парсы тіліндегі «джейран» болуы да мүмкін. Топономист Әбдірахманов «Зерендінің» екі мағынасы бар дейді. Көне түркі тілін­дегі «зерензе» және «зерен» яғни, «джей­ран» деседі. Атауы жайлы ғана емес, бұл жер туралы аңыз да жетерлік. Соның бірін баяндап берелік. Баяғы бағзы заманда болған оқиға. Бір жас жігіт көрші ауылдың қызына ғашық болыпты. Қыз да оны сүйіпті. Үйленіп, үй болуына қыздың ата-анасы қарсы шыққан екен. Өйткені жігіт сіңірі шыққан кедей еді. Қызын беруге ата-анасы қимайды. Сол кезде амалы тау­сылған екі жас ауылдан қашуға бел бай­лайды. Бірақ қашып кеткендерін көп ұза­май біліп қалып, соңынан қуады. Қу­ғын­шыдан қашып құтылу үшін қыз ана­сының білезігін артқа лақтырып жібереді. Соның жарқылы қуғыншыларға кедергі болады. Осылайша, екеуі қашып кетеді. Қыздың білезікті лақтырған жерінен өзен пайда болған деседі. Арттан қуып келе жатқандар өзеннің арғы бетінде қалып қояды. Сол кезден бері көлдің аты Зеренді болыпты. Зерен – білезік. Көл де шеңбер іспеттес әрі көз жасындай тұнық.

Имантау көлі

Солтүстіктің келесі кереметі – Иман­тау. Осы көлдің қақ ортасында Тасарал деген табиғи ескерткіш бар. Биіктен қара­саңыз, жүрек пішіндес болып көрінеді. Бұл жер адам қолы тимеген, жабайы табиғатымен ерекше. Түрлі-түсті жасыл-желек – тынығуға таптырмас мекен. Қала­ның у-шуынан шаршағанда баруға кеңес береміз. Көбіне мұнда шатыр тігіп, табиғат аясында демалуға барады. Бірақ барған туристердің көбі қолайсыз жағдайларға жиі тап болады екен. Соның бірі – батпақ­қа батып кету. Жеке көлігімен барған­дардың әңгімесіне қарасақ, трактормен сүйреп, әрең алып шыққан жағдайлар болып тұрады. Демек, мән беретін мәселе аз емес. Бір айта кетерлігі, бұталардың арасында сужыландар мен сұржыландар көп кездеседі екен.

Шалқар көлі

Қазақстанның солтүстігінде орна­ласқан бұл көлді батыстағы аттастарымен шатастыратындар бар. Өйткені Батыс Қазақстанда, Ақтөбеде Шалқар көлі бар. Біздің айтқалы отырғанымыз басқа. «Көкшетау» саябағының құрамына кіретін өзге көлдермен салыстырғанда Шал­қардың суы ащы. Құрамында аз мөлшерде тұз концентрациясы бар. Есесіне, дертке ем. Бұл маңайда Ағынтай мен Қарасай батырларға арналған мемориалды-тарихи кешен орналасқан. Сонымен бірге, Сырымбеттің етегінде Айғаным ханшаның қонысы мен Шоқан Уәлихановтың музейі орналасқан. Айыртау ауданы аңызға бай. Ендеше, тағы біреуіне құлақ түріңіз. Бұры­нырақта бейбіт жатқан елді жау шапқан екен. Дереу елдегі ерлер атқа мініп, қарсы шыққан. Қол бастап ағалы-інілі батыр шауыпты. Екі арада қиян кескі айқас болып, ақыры ағайындылар жау қолынан қаза тауып, үлкенді-кішілі төбеге айна­лыпты. Қос батырды жоқтаған қарындас­тарының көз жасынан өзен пайда болыпты деседі. Ел қорғаған жауынгерлердің қан тамшыларынан қып-қызыл жеміс өсіп шығыпты.
Солтүстікке қонаққа келетіндердің көбі бұл жерлерді біле бермейді. Көпшілігі Бурабайға барумен ғана шектеледі. Бірақ бұл мәселе реттеліп келеді. Себебі, жа­қын­да ғана Астана – Володарское бағы­тын­дағы электрпойыз жолаушылар тасы­малдай бастады. Осының арқасында мұн­да келуге құштар кез келген адам оңайлықпен Айыртау ауданына жол тарта алады. Шалқар, Имантауға жарнама ауадай керек. Облыстағы туризм саласына «төңкеріс» қажет-ақ. Статистикаға үңі­летін болсақ, 2017 жылы Солтүстік Қазақ­стан облысына демалу үшін барған ту­ристер саны өсіп келеді. Нақтырақ айтар болсақ, 63 316 адамды құраған. Бұл деге­ніңіз өткен жылдарға қарағанда 56 пайызға көбейгенін көрсетеді. Мұнда келетін ту­рис­тердің басым көпшілігі – Ресей, Өзбекстан, Қытай, Қырғызстан, Түркия және Германиядан. Курорттық аймақты дамыту үшін автокөлік жолдарын жөндеуге 3,2 миллиард теңге бөлінген. Сонымен бірге, Шалқар аймағын жағалай 17 шақы­рымдық жол құрылысы жүргізілмек. Бұл жерде 14 демалыс орны бар. Имантау – Шалқар – Зерендіде жалпы алғанда 37 демалыс базасы белгілі. Туристік ағын артқан соң, бұл біріктірілген аймақ елге 78 миллиард теңге табыс әкелуі тиіс. Аталған аймақта жыл сайын 230 мың адам тыны­ғатын көрінеді. Ендігі мақсат – 400 мыңға көбейту. Бұл үшін 142 миллиард теңге көле­мінде инвестиция тартылады. Нәти­же­сінде, 7 мың адам жұмыспен қамтылады.

Жадыра АҚҚАЙЫР

Бөлісу:

4 пікір жазылған

  1. pharmacokinetic research 21 Қаңтар, 2019 at 20:03 Жауап

    930671 943671Admiring the time and effort you put into your internet site and in depth details you offer. It is excellent to come across a weblog every once in a whilst that isnt exactly the same out of date rehashed material. Wonderful read! Ive saved your website and Im including your RSS feeds to my Google account. 416812

Пікір жазу


*