Арман МОМЫНОВ, ринг-анонсер: Шаршы алаң шаршағаныңды ұмыттырып, шабыт береді

1239
0
Бөлісу:

Еліміздегі сирек кездесетін кәсіптер ішінде – ринг-анонсер қызметін айтуға болады. Ол – түрлі спорт сайыстарында жекпе-жекке шығатын спортшыларды хабарлайтын адам. Хабарлағанда да жай аты-жөнін айта салмай, боксшының фамилиясына ерекше екпін түсіріп, барынша дауысын созып, стадионды жаңғыртып жіберердей харизмасы болуы тиіс. Бұл үдеден шығу да оңай емес. Әлемге көз тіксек Майкл Баффердің есімі бірден ауызға ілігеді. Ал бізде – Арман Момынов бар. «Астана Арланс» арқылы елге танылған азаматпен ерекше мамандық жайында сұхбат құрдық.

– Арман, осы салаға қалай келдіңіз? Анон­сер болу бала кезден бергі арманыңыз ба еді?
– Алғаш рет мені «Астана Арланс» кәсіпқой бокс клубының басшылығы ша­қырып, осы команданың ойындарын жүр­гізуге ұсыныс тастады. Бұл – 2010 жыл мау­сым айының соңғы кезі еді. Олар әу баста үш тілді қатар меңгерген жүргізуші іздеген екен. Арнайы жариялаған кас­тингтен өткеннен кейін басшылар маған «Арман, осы уақытқа дейін қайда жүрсің?» деп күлген. Содан бері арландардың барлық жекпе-жегін жүргіздім. Ол кезде команданы Болат Манкенов басқарып тұрған болатын. Одан басқа да респуб­ликалық деңгейдегі спорт жарыстарын, чемпионаттарды жүргі­зіп тұрамын. Жалпы, дауыс мүмкін­дігім бар екенін біліп жүретінмін. Негізі 2002-2003 жылдары Шымкентте ұйымдастырылатын «Жай­дарман» КВН ойындарына қатыс­тым. Ол кезде «Жайдарман» ойындары – «Қазақша КВН» деп аталатын. КВН менің өнер адамы болсам екен деген қабілетімді ұш­тап, одан ары сахнаға жақын ете түсті. Өзімді жаңа қырымнан таныдым, ашылдым. Одан соң мектеп бітіріп, Ас­танадағы Еура­зия ұлттық университетінің Заң факуль­тетіне оқуға түстім. Студент болып жүріп түрлі мерекелік кештер, кон­церттер жүргізе бастадым. Сол кон­церттердің тізгінін ұстау барысында дауы­сымда бір кішкентай қабілет бар екенін де байқадым.
– Әлемнің біраз елінде ринг-анонсерлік кәсіп жоғары деңгейде дамыған ғой. Өзіңіз кімді сырттай үлгі тұтасыз?
– Әр жүргізушінің өз ерекшелігі болуы керек. Соны жадымнан шығармай, басты ұстаным етуге тырысамын. Әлемге әйгілі Майкл және Брюс Бафферлер бар. Біреуі боксты жүргізсе, екіншісі ережесіз жекпе-жек әлемінде танымал. Ресей жаққа көз салсақ, алдымен есімізге Александр Загорский түседі. Олардың жүргізгендерін интернеттен қарап, өзімде жоқ тұстарын міндетті түрде аламын. Бірақ әр жүргі­зушінің мықты тұстарын сіңіргеніңмен өзіңнің ішкі табиғатың, ішкі қуатың бәрі-бір сыртқа білініп тұруы тиіс. Былай айтқанда мықтылардың қасиеттерін сіңіре отырып, өзіңнің ерекшелігіңді, ешкімге ұқсамайтын дауысыңды, жолыңды қалып­тастыру қажет. Менің мақсатым осындай. Кейде олардың да кемшін тұстарын бай­қап, оларда жоқ қасиеттерді өз бо­йымда қалыптастыруға тырысамын. Ринг-анонсер болғалы бері осы және басқа да еңбектерді жатпай-тұрмай жасадым, іздендім. Сәйкесінше, өзіндік стилі бар жүргізушіге айналып келе жатырмын деп ойлаймын. Бірақ дәл осы анонсерлік немесе дикторлық бойынша кәсіби білі­мім болмағаннан кейін, бұл қабілетімді өз бетімше шыңда­дым. Түрлі кітаптар оқыдым, интернеттегі видео­ларды ақтардым, еңбектендім. Тәжірибенің аздығынан алғаш жүргізген кезде тамағыма қатты күш түсіріп жіберіп, шаршап қала­тынмын. Дауысым әлсіреп кететін. Дауыс жетпей қалған кез де болды. Бұл – еш құпия емес. Алайда әр жекпе-жек сайын тәжірибе жинап, әрбір жүргізген кез са­йын толысып, тамақтағы дыбыс клетка­лары да шыныққан сияқты. Кейін келе мен еш қиындықты сезінбейтін болдым. Қазір ешқандай қорқыныш жоқ. Мейлі 10, мейлі 20 жекпе-жек болсын, жүргізе беруге да­йын­мын. Жүргізе берсең біле бастайсың – қай жерде демалу керек, қай сөзден кейін тоқтау керек, тынысты қалай алған дұрыс дегенді. Соның барлығы жүргізу барысында белгілі болады.
– Заң факультетінде оқыдым дедіңіз. Кәсіби мамандығыңыз бойынша еңбек еттіңіз бе?
– Иә, төрт жыл осы мамандық бо­йынша оқып, тіпті магистрлік дәреже де алдым. Сабақ беріп те көрдім. Біраз уақыт заңгер болып та жұмыс істедім. Компания өкілі ретінде сот процестеріне де қаты­сатынмын. Ал қазіргі таңда жүргізушілік кәсібімнің салмағы басып кетіп, заңгерлік қызметімді уақытша тоқтата тұруға тура келді. Бокс жүргізушілігі мен заңгерлік жұмысты қатар атқарған сәттер де болды. Бірақ кішкен­тайымнан өнерге жақын болып, одан КВН ойнап, кейін жүргізу­шілік тізгінді ұстаған соң ба, осы сала өзіме жақын болып тұрады.
– Қабілетіңізді, дауыс мүмкіндігіңізді байқап телеарналар тарапынан шақыртулар түсті ме?
– Жүргізуші, диктор ретінде, түрлі жар­на­маларды дыбыстауға шақырған өтініштер болды. Бірақ «қазір кел, мынадай келісім­шарт ұсынамыз» деген ресми ұсыныс болған жоқ. Өзім де телеарна тәртібіне бағынып, бір жерде та­бандап жұмыс істей алмайтын сияқ­тымын.
– Ринг-анонсер болудан біраз ысылып, тәжірибелі болып қалдым дедіңіз. Жалпы, боксшының аты-жөнін хабарлар алдында дайындық қалай болады? Толқыныс, қобалжу сезімдері кедергі келтірмей ме?
– Негізі жекпе-жектің алдында бокс­шы­ларды хабарлап, жаттығатын бір да­йын­дық болады. Бірақ негізгі дайындық – дауысты сыртқа шығармай, іштей қай­талау. Астанада Бейбіт Шүменовтің бокс кеші болар алдында белгілі әнші, соңғы кезде боксшылық қырымен танылып жүр­ген бауырымыз Ибрагим Ескендір келіп: «Ареке, жақсылап, рухтандырып хабарлап берші. Сенің дауысың, сенің айтқаның өзіңе сезілмесе де, рингке беттеп келе жат­қан боксшыға қатты әсер береді», – деген болатын. Сөзінің жаны бар. Шын­дығында бокс кешіндегі жағымды, рухты атмосфе­раны қалыптастыру, көрермен­дерге шабыт сыйлау, боксшыларға жағымды әсер беру, жалпы жекпе-жектер басталмай тұрып, оның көркін ашу – осы бізге, яғни ринг-анонсерге тікелей байла­нысты. Қазақ­та «әнді айтсаң, жаныңды жеп айтасың» деген тәмсіл бар ғой. Бізге де осы сөздің тікелей қатысы бар сияқты. Ел-жұртты рухтан­дырып, бокс кешіне әр бере түсу үшін дауысымызды барынша шығарып, әдемі сөз бен әсерлі тембрді па­раллель тоғыстырып, бүкіл ішкі қуаты­мызды сарқып алардай айғайлаймыз. Хабарлау­шының сөзінің әсері бар екенін сонау 2011 жылы «Астана Арланс» фина­лында да байқаған едім. Сол жолы Бағдат Әлімбековті хабарлаған кезде, оның көзінен от шығып тұрғанын байқадым. Оның алдында таныстыру рәсіміне шық­қан кездегі жанары мүлде басқа еді. Осы жолы «бақ шаба ма, бап шаба ма» демей, қалайда жеңіске жете­мін дегенді көзінен оқыдым. Сол жолы бұйыртып «Астана Арланс» маусымдағы алғашқы чемпион­дық атағына қол жеткізді. Содан бері өзімнің мүмкіндігімнің 100 пайызын емес, 200 пайызын көрсетуге тырысып бағамын.
– Қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде хабарлайсыз. Енді көп азаматтарымыз орыс­ша сөйлегенде өзін «суда жүзген ба­лықтай» сезінеді ғой. Ағылшын тілін қалай үйрендіңіз?
– Өзім оңтүстіктің азаматымын. Шымкентте туып-өстім. Ал орыс тілін мектепте жүріп меңгердім. Оқыған білім ордасында тіл мәселесіне қатты көңіл бөлді. Мектеп бағдарламасы бойынша ағылшын тілін тереңдетіп оқыдық және 11-сыныпты бітірген кезде аттестатпен қатар аудармашы сертификатын алып шықтық. Бұл – үлкен көмек болды. Со­нымен қатар бұл жағдайды біздің келешегімізге салынған инвестиция деп те бағалауға болатындай. Өйткені екі мектептің бірі өз оқушыларына мұндай қамқорлық жасай бермейді. Сөйтіп, біздің ағылшын тілін үйренуге қатысты алғашқы іргетасымыз сапалы қаланды. Кейін университет қабырғасында білімімізді жетілдірдік. Кей түсінбегенімді өз бетімше оқып, үйрендім. Сол себепті, бокс кеш­терін ағылшынша жүргізу және бұл тілде сөйлеу маған еш қиындық тудыр­майды.
– Қазақстан бойынша дәл осы кәсіппен айналысып жүрген жігіттер бар ма?
– Иә, спорттық жарыстарды хабарлау бойынша маманданып жүрген жігіттер бар. Менің жақсы білетінім – Болат Әбділманов ағамыз. Ол кісі «Алаш Прайд» командасы­ның жекпе-жектеріне жүргі­зушілік жасаған. Ол кісі қазақи стильде, өзінің дауыс ырғағына сай жүргізеді. Бұл салаға келе салу, келгенмен бойда зырыл­дап жүргізіп кету оңай емес. Себебі, рингке шығып хабарлау – күнделікті дайындықты, үлкен қарым-қабілетті талап етеді. Ерінбей, жалық­пай еңбек ету керек. Дегенмен көптің алдына шығып, халыққа танылып жүрген азаматтарды өзім байқай қоймадым. Мүмкін мен көрмей жүрген шығармын. Бірақ қалай болғанда да бұл сала, бұл кәсіптің бізде кеш дамығаны, жүргізушілер мен үміткерлердің енді-енді шығып келе жатқаны анық нәрсе.
– Осы жүргізушілік сізге қаншалықты танымалдылық әкелді?
– Елдің алдында, эфирде жүргеннен кейін танымалдылық міндетті түрде болады. Бірақ мейлінше қарапайым болуға тырысамын. Көпшіліктің мені сырттай байқап, қарап тұрғанына мән бермей, өзім барып амандасамын. Көп­шіліктің ортасында өзімді көппен бірге ұстаймын. «Мен жүргізушімін, маған келіп өздерің сәлем беріңдер» деп қас­қайып тұру қолым­нан келмейді. Жүргізсем – ол менің кәсібім. Соның арқасында отба­сымның несібесін тауып жүрмін. Рас, танымалдылық алып келгенін жасыр­маймын. Кейде дос-жаран­дардың, туыс­тардың ортасында маған әдейі микрофон ұсынып, «бізді жақсылап хабарлап жібер­ші» деп жатады. Ондай кезде де өтінішін жерге тастамай хабарлап жібе­ремін. Есесіне достардың көңілі көтері­ліп қа­лады. Қолдан келіп тұрса, неге істемес­ке? Көптің ортасында жүремін. Отбасыма да уақыт бөліп үлгеремін. 2009 жылы отбасын құрып, Әйгерім есімді арумен бас қостым. Дарина, Санам және Алан деген балаларым бар. Қазіргі таңда Астананың тұрғынымыз.
– Қазақстан бойынша басқа да түрлі спорттық шараларды жүргізетін шығарсыз?
– Мемлекеттік және халықаралық дең­гейде жұмыс істеген жобалардың қата­рында – 2013 жылы Алматыда өткен бокстан Әлем чемпионаты бар. Одан кейін, 2014 жылы ауыр атлетикадан Әлем чемпио­наты болып, Илья Ильиннің рекорд жаңар­тып, әлемді бағындырғанын көзбен көрдік. Тарихи оқиғаны залда халыққа хабарлап, қуаныш­пен бөлістік. Сонымен қатар қаншама жарыстарды жүргізіп жүрмін. Соның ішінде есімде қат­ты қалғаны – «Астана Арланстың» ал­ғашқы финалын хабарлаған сәт. Бұл ретте Алматы мен Астанада өткен Қанат Ислам­ның жекпе-жектерін де айта аламыз. Халық өте көп жиналды. Айғай-шу, қолдау-қоше­меттен құлақ тұнады. Мұндай атмосферада бокс жүргізудің сыйлайтын өзіндік әсері, ләззаты бар. Өзім «қазақ, рух, намыс» деген сияқты сөздерді айтып, ұран салған кезімде қатты рухтанып, намыс кеудемді кернеп кете жаздайды. Бұл – сөзбен айтып жеткізе алмайтын ерекше сезім. Жалпы, рингтің ішіне кірген кезде басқа әлемге еніп кеткен­дей сезіне­мін. Мысалы, жарысқа дейін де өзіміз­дің тұрмыс-тіршілігімізбен, жеке шаруа­ла­рымызбен жүріп, шаршаймыз. Бірақ шаршы алаңға шыға келген кезде сол шаршаудың бәрін ұмытып, жаңа адамға айналып кеткендей боламын. Шабыт пен намыс, көрермен алдындағы жауапкер­шілік мені осындай деңгейге көтеретін секілді. Тіпті мұндай әсерді концерт, басқа да іс-шараларды жүргізген кезде сезін­беймін. Ал бокстың жөні басқаша.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Абай Аймағамбет

Бөлісу:

Пікір жазу


*