Депутат көмектесетіндігін жеткізді

1852
0
Бөлісу:

Парламент Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі Сапархан Омаров Түркістан облысының Кентау қаласына жұмыс сапарымен келді. Депутат аймақтағы индустриалды аймақта орналасқан «Юг-Электропривод» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тыныс-тіршілігімен танысты.

Индустрияландыру – елдегі эконо­микалық саясаттың негізі болып табылады. Индустрияландыру бағдарламасы аясында өңіріміздің барлық аудан, қалаларында индустриалды аймақтар құрылған. Кентау қаласындағы 25 гектар жерге орналасқан индустриалды аймаққа 1,4 млрд теңгеге инфрақұрылым жүйелері жүргізілген. Мұндағы «Юг-Электропривод» ЖШС-ы 50 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Серіктестік 2015 жылдан бастап тұрақты жұмыс істеп келе жатқан транс­форматор зауытына қажетті 35-110 кВ өлшеу ток және кернеу трансфор­матор­лары, өлшегіш трансформаторлар, элегазбен оқшауланған толымды кернеу трансформаторлар өндірісімен айналы­сады. Кәсіпорынды аралап көру бары­сында Сапархан Омаров өндіріс орнын­дағы жұмысшылардың басым көпшілігі жастар екенін, оларды баспаналы болу, техникалық білім алумен қатар шағын және орта бизнесті дамыту жөнінде сұрақтар қызықтыратындығын атап өтті. «Ең маңыздысы – аймақтағы коммуналдық қызмет тарифтеріне бағаның жоғары болуы. Түркістан облысында газ бағасы ең жоғарғы және жан басына шаққанда мұнда ең төмен табыс тіркелген. Біз тариф мәселесін республикалық деңгейде кө­тереміз. Тұрғындардың айтылған талап-тілектерін жоғарғы билік өкілдеріне жеткізетін боламыз» деді ол.
Мәжілісмен тұрғындардың өтініштерін де тыңдап, Парламент қабырғасындағы атқарылған жұмыстарды, сонымен бірге Елбасы Жолдауы мен бес әлеуметтік бастамасынан туындайтын міндеттердің жүзеге асырылу барысындағы жұмыстарға кеңінен тоқталды.
Мәжіліс депутаты Кентау қаласындағы екінші күнгі сапарын «Кентау транс­форматор зауыты» акционерлік қоғамына арнады. Ол мұндағы жаңа технологиямен жұмыс істейтін цехтарын аралады.
Зауытты аралау барысында акционер­лік қоғамның басқарма төрағасы Хайрулла Қожабаев зауытта шығаратын өнімнің түрлері мен көлемі жөнінде айта келіп, Кентау қаласы бойынша қала құраушы мекеме, елімізде трансформатор өндіретін ең ірі кәсіпорын екенін жеткізді.
Сапархан Омаров өз кезегінде іссапа­рының мақсаты мен шығарылып жатқан заңдарды халыққа түсіндіру және Елба­сымыздың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» Үндеуінің орындалу барысымен танысып жүргенін атап өтті. Ел ішінде өзекті мәселелер бар болса, шешімін табуына көмек қолын созатынын да жеткізді.
Еркін МҰРАТБЕК

Бөлісу:

Пікір жазу


*