Баянауылға ұшақ бағыты ашылады

866
0
Бөлісу:

Алдағы жылдың жазында ішкі туризмді арттыруға өз үлесін қосатын жаңалықтар өмірге жолдама алмақ. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, келесі туристік маусымда Астанадан, Алматыдан және Павлодардан Баянауыл курорттық аймағына тікелей әуе рейстері ашылатын болады.

Бұл туралы кеше Инвестициялар және даму министрлігі хабарлады. Ведомствоға қарасты Азаматтық авиация комитеті еліміздің төл, жергілікті әуе желілерін дамыту бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр.
Айта кету керек, бұған дейін аталған бағытта шағын ұшақтар мен тікұшақтарға арналған аэродром болатын. Енді ол болашақта әуежайға дейін өркен жаймақ және заманауи жабдықтармен «мұздай» қаруланбақ.
Мемлекет басшысы қойған міндетті жүзеге асыру, ішкі туризмді дамыту және Павлодар облысының Баянауыл ауда­нын­­­­дағы курорттық аймақтың қолже­тім­­ділігін арттыру мақсатында қазір ұзындығы 1 мың 200 метр, ал ені 21 метр болатын ұшып-қону алаңы жаңартылуда. Жергілікті әуежай барлық қажетті аэро­навигация­лық жабдықтармен жаб­дық­­талады. Сондай-ақ, жолаушылар­ға қыз­мет көрсету үшін 200 шаршы метр аумақ­ты құрайтын жаңа ғимарат салына­ды.
Курорттық аймақтағы аэродромды 2018 жылдың соңына дейін салып бітіру жоспарланған. Тиісті сертификаттаудан кейін келесі туристік маусым алдында «Астана – Баянауыл», «Павлодар–Баянауыл» рейстерін ашу көзделіп отыр.
Сонымен, бір мезгілде «Алматы – Баян­ауыл» бағытын ашу бойынша жұмыстар жүргі­зілуде. Аталған бағыттарда аймақтық авиа­цияның ұшақтарын пайдалану жоспарлануда.
Ішкі туризмді өркендетуге мемлекет білек сыбана кірісті. Биылғы туристік маусымда Астана мен Алматыдан Балқаш, Үшарал және Үржар курорттық аймақ­та­ры­­на субсидияланған тұрақты ішкі рейстер орындалатынын өз өлкесі мен өз Отанын тануға құштар қазақстандықтардың есіне сала кеткен жөн.
Павлодар облысындағы «Баянауыл курорттық аймағында» жыл сайын шамамен 200 мың саяхатшы тынығады. Дегенмен қазіргі уақытта бұл лек ұлғаюда. Бұл шипажайды дамыту шаралары арқылы көрсеткішті 450 мыңға дейін арт­тыру қарастырылуда. Бұл мақсатта 120 миллиард теңге инвестиция тартылады.
Баянауыл жақта алда төл тау-шаңғы кешені салынады деп күтілуде. Баянауыл курорттық аймағы ғаламшардағы ең көрікті жерлердің бірінде, 4 көлдің, яғни Жасыбай, Сабындыкөл, Торыайғыр, Біржанкөлдің ортасындағы тұнық табиғат төрінде, «Баянауыл» Ұлттық паркіне кіре­тін сайын даланың шұратында орналас­­қан. Сонымен бірге, оның аумағында таулардың барлығы мәлім.

Бөлісу:

Пікір жазу


*