Елбасы Кереку өңіріне барды

750
0
Бөлісу:

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Павлодар облысына жұмыс сапарымен барып, бірқатар өнеркәсіп кәсіпорнын аралады.
Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасының және «Президенттің бес әлеуметтік бастамасының» жүзеге асырылу мәселелеріне арналған кеңеске қатысты.

Президент әуелі Павлодар қала­сындағы GiessenHaus жауап­кершілігі шектеулі серіктестігіне барды. Балқы­тылған аллюминий және жеңіл қорытылатын автомобиль дискілерін өндірудің технологиялық үдерісімен танысты. Елбасыға «Павлодар» еркін экономикалық аймағында жүзеге асырылып жатқан индустриялық жобалар жөнінде баяндалды.
Сонымен қатар дайын өнім үлгілері атап айтқанда, жылыту радиаторлары, автомобильдердің қосалқы бөлшектері, теміржол вагондарының дөңгелектері көрсетілді.
Нұрсұлтан Назарбаев «Казэнерго­кабель» акцио­нер­лік қоғамына да ат басын бұрып, тоқ өткізетін кабель жасау технологиясымен және кәсіпорынның даму перспективасынан хабар алды. Ішкі және шетелдік нарыққа шыға­рылатын дайын өнім үлгілерін тама­шалады.


Қазақстанды индустрияландыру картасы аясында түбегейлі жаңартылған әрі өндіріс үдерісі цифр­ландырылған Павлодар мұнай химиясы зауытының жұмысымен де танысты.
Президентке жаңарту жұмыстары зауыттың шикі мұнайды қайта өңдеу өнімділігін арттыруға, өнім са­пасын К-4 және К-5 стандарттарына дейін жеткізуге мүм­кіндік бергені жөнінде мәлімделді. Өндіріс ор­нын­да изомеризациялаудың жаңа автоматтан­ды­рыл­ған кешендері және орталық басқару пункті арқы­лы бас­қарылатын күкірт өндіретін қон­дырғылар салынған.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда мұнай өндіру көлемінің артуына бай­ланысты дайын өнім көлемін мо­лайту үшін әрі оны ішкі және шетелдік нарықтарға шығару үшін халықаралық стандарттарға сай келетін мұнайдың қайта өңделуін мейлінше жақсартуды қолға алу қажеттігін айтты.
Қазақстандағы мұнай өңдейтін үш зауыттың жаңартылғанына қарамастан, төртінші зауыт салу қажеттігі туындап отырғанын да атап өтті.
Зауыттың жас жұмысшыларымен әңгімелесу барысында Павлодар мұнай химиясы зауыты Кеңес Одағы кезінде салынған зауыттардың соңғысы екенін айтып, оның сол уақыттағы ең озық құрал-жабдық­тармен жабдықталғанына тоқталды.
– Сіздер ең заманауи зауытта жұмыс істейсіздер. Мұнда өндірісті цифрлан­дыру ісі қолға алынып, жаңа техноло­гиялар енгізілуде. Сіздер өндіріп жатқан өнімге деген сұраныс артып келеді, демек, сіздердің де табыстарыңыз молая түспек, – деді.
Жас мамандар Мемлекет басшысына «Болашақ» бағдарламасы арқылы әлемнің үздік жоғары оқу орындарында білім алуға және алған білімдерін өндірісте қолдануға мүмкіндік туғыз­ғаны үшін алғыс білдірді.
Бұдан кейін Елбасы Павлодар об­лы­сының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңес өткізіп, облыс басшылығының нақты жұмыс атқарып жатқанын және өңірде оң өзгерістердің байқалып отырғанын айтты.
– Мен бүгін бірнеше кәсіпорында болып, жұрт­шылықпен әңгімелестім, халықтың жай-күйімен таныстым. Облыс экономикасының шамамен 50 пайызы – өнеркәсіп саласына тиесілі. Бұл – Қазақстан өңірлері арасындағы жоғары көрсеткіш, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті Павлодар об­лысының географиялық тұрғыдан ұтым­ды орналасқанын атап өтіп, бұл өңір Ресейдің өнеркәсібі дамыған об­лыс­­тарымен шектесетініне назар аударды.
– Бұл облыстың өнеркәсіп, энер­гетика, көлік және ауыл шаруашы­лығы салаларындағы әлеуеті зор. Астана мен Павлодарды бірінші санатты автобан жалғап жатыр. Енді жол жүру уақыты бес-алты сағат емес, үш сағатқа созыла­ды. Облыстың транзиттік әлеуеті кеңе­йіп келеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті өңірдің кә­сіпкерлеріне арналған сөзінде шикі­затты қайта өңдеуді мейлінше жақсарту және бәсекеге қабілетті өнім шығару мәселелеріне назар аударды.
– Мен бүгін алюминий өндіретін, тоқ өткізгіш кабель жасайтын компа­ниялардың және басқа да кәсіпорын­дардың жұмысымен таныстым. Біз құрылыс материалдарын шығару, терезе жақтауларын, ыдыс-аяқ және алюми­ний­ден фольга жасау мүмкін­дігін қарас­тыруымыз қажет. Міне, осы іске инвес­тиция тартып, күш жұмылдыру керек, – деді Елбасы.
Кеңес барысында Павлодар облысы­ның әкімі Болат Бақауов Мемлекет бас­шысына өңірдің әлеуметтік-эко­номикалық дамуы, «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы және «Пре­зиденттің бес әлеуметтік баста­масы» аясында іске асырылып жатқан жобалар жөнінде мәлімдеді.
– 2017 жылдың қоры­­тындысы бойынша облыстың жалпы өнімі алғаш рет 2 триллион тең­геден асып, 3,6 пайызға жетті. Биылғы бірінші жарты жылдықтың қорытын­дысы бойынша өндіріс көлемі 4,6 пайызға артты. Облыс кәсіп­орын­дарын­дағы өндіріс үдеріс­терін цифр­ландыру жөніндегі Сіздің тапсырмаңыз орын­далуда. Техно­логия­лық тұрғыдан қайта жабдықтау ісіне 200 миллиард теңгеден астам қаржы жұм­салды, – деді аймақ басшысы.
Президент жиын қорытындысы бойынша өнді­ріске халықаралық ЕХРО – 2017 мамандан­дырылған көр­месінде көрсетілген «жасыл тех­нология­ларды» енгізу, шағын және орта биз­несті, Ресей облыстарымен шекара­аралық сауда-саттықты дамыту, өңірдегі турис­тік кластердің әлеуетін арттыру, мал шаруашылығы мен суармалы егіншілікті өркендету үшін нақты тапсырмалар берді.
Кеңеске Президент Әкімшілігінің Басшысы Ә.Жақ­сыбеков, Премьер-министрдің бірінші орынбасары
А.Мамин, Энергетика министрі Қ.Бо­зымбаев, мемлекеттік органдардың өкілдері, ірі өнеркәсіп кәсіпорындары­ның жетекшілері, соның ішінде ERG директорлар кеңесінің төрағасы
А.Машкевич, «Проммашкомплект» ЖШС дирек­торлар кеңесінің төрағасы Д.Сыздықов, «Сталь­монтаж» ЖШС-ның бас директоры А.Терентьев, «Казэнергокабель» АҚ-тың бас директоры О.Крук және басқа да азаматтар қатысты.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Павлодар облыстық біріккен әмбебап ғылыми кітапхананың жұмысымен де танысты. Онда мүмкіндігі шектеулі оқырмандарға ар­налған арнайы жабдықтар, білім беру және денсаулық сақтау салаларын цифрландыру жобалары, сондай-ақ «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің көрме залы көрсетілді.

 

Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*