ТӨРТ АЯҒЫ ТЕҢ ЖОРҒА ЖЫРЛАР

589
0
Бөлісу:

Ақын Өтеген Оралбайұлының «Шуақты шақ» атты жыр жинағына оқырман көзімен осылай баға беруге лайықты. Біздің қазақта әрбір кезекті жыр кітабы қалың елді елең ет­кізерліктей тосын жай, өзіндік бір сүре-сүрлеу болған ақын ілуде біреу ғана болар-ау. Сон­дайлардың бірі де, бірегейі де белгілі қаламгер, Қазақстанның еңбек сіңірген қай­раткері, Президент сыйлығының лауреа­ты Өтеген Оралбайұлы десек, қателесе қой­ма­спыз. Оның осыдан бес-алты жыл бұрын жарық көрген «Қағбаның қарлығаш­тары» атты жыр жинағы сөз қадірін білер ортада, әсіресе имандылық сөзіне шөліркеп келіп бас қойған мінәжатшыл, ойлы оқыр­ман арасында қатты қызығушылық туғызғаны әлі есте.

Әдебиетіміз бен мәдениетіміздің Хан Тәңіріндей бедел биігі, тілеуқор ақсақалы Әбіш Кекілбайұлы сол жинақты «Қазіргі қазақ поэзиясына орта толтыратын олжа, сыйлы сыбаға қосылды» деп бағаласа, сол кез­дегі Мемлекеттік хатшы, белгілі шы­ғыстанушы ғалым Мұхтар Құл-Мұхаммед: «Негізінен, топтамаңыз сәтті шыққан. Ал­да­ғы уақытта жалғасын табады деп сене­мін» дейтін ақжарма тілегін білдірген-ді.
Дуалы ауыздан шыққан сөз де бір, құнарлы топыраққа түскен дән де бір: ризығы шаш етектен. Бұл екі арада Өтеген ақынның жүремелете жазған жаңа жыр­ларынан «Шуақты шақ» деп аталатын тағы бір жыр кітабы құралып («Арна» баспасы, 2016 жыл), қалың оқырман ықы­ласына бөленіп, 2017 жылғы үздік көркем әдебиет шығармаларының сапында Мем­ле­кеттік сыйлыққа ұсынылып та үлгерді. Қазір ол жырсүйер жұртшылықтың ықы­ласына бөленіп, әдебиет әлемінің назарын аудар­ған дәмегөйлі үміткерлер қатарында.
Өтеген ақынды көңіл лирикасының қамшы салдырмас сандалкөгі деп қапысыз таныған көзіқарақты қауым осынау тұма жырларының бастауының барынша байыр­қалана түсіп, шалқар ағысты теле­гейге айналғанын көріп және мерейленді. Алдыңғы кітаптағыдай емес, тақырып ауқымына байланысты шарасыз тарөріс­тілік қыспағынан арылған ақын да енді құла­шын кеңге сілтеп, еркін көсілетін шаққа жеткен. Өзінің поэтикалық табиға­тына сай азаматтық сарын, көңіл күйі мен өмір күйінің етене жымдасуы, табиғаттың «аузынан түсіп қалғандай» деуге лайық қылаусыз суреткерлік – бәрі-бәрі лайы­ғымен орнын тапқан.

Демігіп тұр Дегелең –
Мұңы басым көп өлең.
Ащы бұлтты аспаны
Астары көп не деген,
Ей, Дегелең, Дегелең, – деп, әуелгіде тақпақ сарындас басталатын мына бір өлең әне-міне дегенше әр қазақтың жүрегіне шемен болып байланған атом қасіретін қозғап, жан дүниесін дүрліктіріп әкетеді. «Ей, Дегелең» дейтін жеңіл-желпілеу сөз әрі-беріден соң қорғасындай зілмауыр «Ай, Дегелеңге» ұласады. Замананың бертіндегі алағайы мен бұлағайының әмбесі ақынның сезімтал жүрегін селт еткізбей өткен емес. Жақсылық пен жамандықтың әлмисақтан бергі дағдылы шарпысуында соңғысы бе­лең алып, өзгерістер тұсында өмір сүруіңді тілейтін қытайлық қарғыстың заманы туғанын да, «төлеңгіттер ұрпағының төрге шыққанын» да ол көзімен көрді, басынан өткерді. Заман озды, адам теріске өзгерді.
– Шындық қусаң – шырғалаң,
Білімділер – кіл надан,
Құлағы саңырау бұл қоғам,
Қарнымен адам тыңдаған (136-бет).
Адамды қарнымен тыңдайтын қоғамды көз алдыңызға елестете аласыз ба? Тіпті соның өзі мүмкін бе, сірә? Ақын көзімен қарасаң, мүмкін екен. Көзіқарақты оқыр­ман­ға мәлім жайт: әдебиеттегі бұлайша әсірелеу үрдісі өткен ғасырдың бастауында белең алса керек-ті. (мысалы, В.Маяков­с­кийде). Енді келіп, соның бірді-екілі үлгісін Өтегеннен де кезіктіресіз әрі еш тосырқаусыз, табиғи түрде қабыл­дайсыз. Немесе осы «қарны» құрғыр өзіміздің Биағаңда – Бейімбет Майлинде де бар еді ғой:
– Сен, қарын, жуанмын деп тас­қандайсың,
Жіңішке, нашарларды басқандай­сың, – деген еді ол «Қарын» деген жырында. Осынау беті қалың бетбақтық әлі сүйре­тіліп келе жатқан болды ғой. Қашан қалар екен? Енді басқа ракурстан қарап көрелік:
– Орамал ғып сүрттім маңдай терімді,
Ақмешіттің аспандағы бұлтын ап (157-бет).
Еліктеу десеңіз де, солықтау десеңіз де еркіңіз, әйтеуір қазақы өлең табиғатына алғаусыз жымдасып жатыр. Сірә, шеберлік деген де осы болар. Ақын мүмкіндігі образды ойнатумен де көрінеді.
Айтпақшы, «қарнымен адам тыңдаған» қоғамның болмыс-бітімі, ондағы адам­дар­дың кескін-келбеті жинақтың өн бойын­да динамикалық сипатымен дара­ла­нып, толығып, молығып отырады. Бастап­қыда: «Сен де осында жүр ме едің?» деп, шын­дық­тың бетіне жасқана қарайтын өтірік шіркініңіз «күлмеңдей» жүріп, өлермен­дік­­пен төрге озып алды (18-бет). Енді қараңыз: «Сөзі – жылмаң, өзі – сыр­даң, жыл­­мағай, алды-артыңды бүлдіреді дым­да­май» (58-бет). Таныс, бейтаныс! Керек де­сеңіз, не сөзінен, не ісінен бір шикілік көр­­мей­сің: заманына амалы сай келіп тұр­ған «тым биязы, тым шаруақор, тым пы­сық.., еңбекқор да, етене де, елгезек». Бірақ:
Ұстатпайды,
Ұстаймын деп күмпіме –
Бірде қыран,
Бірде жылан,
Кірпі де.
Жаңа адамның пошымы осы. Ұрпаққа ауыспасын деп тілейік.

Көріп ал:
Тану үшін,
Жағу үшін
Табу үшін
Түртіне жүр,
Түртіне… (166-бет).
Өзіміз екі күннің бірінде лағнет айтатын, Құдайға сан мәрте «апарып беріп, қайта әкелетін» келмеске кеткен кер қоғам­ның орнына тапқанымыз, бөркімізді ас­панға атып алақайлағандағы жеткен жеріміз, жетіскен адамымыз осы ма? Тағдырдың мұндай тәлкегіне ақынның пәруана жаны қалай шыдасын:

Шаршадым қатты,
Шаңға да көмдім шашамды,
Шаш алғыш жандар шашыңды емес,
бас алды.
Ебіл де дебіл Еділдің суы секілді
Алаөкпе болып ағамын ылғи қашанғы?
Зуылдақ заман,
Суылдақ қоғам,
Қырт кілең,
Көздері ақи өздері тапқан түрткіден.
Қазағың кейде қағаздан жасап мінезін,
Қиянат қазған, қиялап жазған жұрт білем (79-бет).
«Ашынғаннан шығады ащы дауысым» демекші, ақынның баз-базда осылайша таусылатынын түсінудің де, түйсінудің де жөні бар. Оны, тегі, түйенің ботасын тар­пып сүйетініне ұқсату керек шығар. Неге десеңіз, қолыңыздағы кітаптың өн бойы:
Қалың елім, қадірімді кел, екше,
Ел дегенде елеңдеймін ерекше,
Жалған айтып неге керек,
Сертім сол:
Жанымды да берем саған керексе! –
деп Өтегеннің өлеңдері өзі айтқан сәулелі сезімдерге тұнып тұр. Оған көз жеткізу үшін ақынның «Тары көже таңдайыма татыды», «Елбегей де делбегей», «Сәуір еді, тәуір еді көк аспан», «Ақсұр бұлттан жауды жауын себелеп», «Домбыра сөйлеп кеткенде», «Елбең-делбең жел соқты Жемнен бер», «Ақкиіздің ауасын-ай!..», «Ел дегенде елеңдеп», «Қара судан қаймақ алдым», «Кемершуақ. Жаймашуақ. Жарық күн» дейтін балауса сезім мен балбұлақ ойдан жаралған, төрт аяғы тең жорға жырларына қанығу керек. Осы тұста жинақтағы және бір өлеңді, оқырманнан кешірім сұрай отырып, түгел келтірмесе болмай тұр:
Дала қандай,
Даладағы нұр қандай,
Жаратқан да жымиып бір тұрғандай.
Күн сәулесі таудан төмен сырғанап,
Етекке кеп есін жиып, тұнғандай.

Дала қандай,
Даладағы әр қандай,
Шұбырған бұлт шымырлаған маржандай.
Жәннат бақтан жұпар иіс жеткендей,
Сол бір иіс жүрегіңе барғандай.
Дала қандай,
Даладағы саз қандай,
Сазгер-самал бір әуенін жазғандай.
Көл бетінен көтерілген көк сағым,
Кілкілдеп тұр көкжиекте қозғалмай.

Дала қандай,
Даладағы түс қандай,
Жасыл әлем қара жерді құшқандай.
Қарақұмның суылдатып аспанын,
Қара бауыр қасқалдақтар ұшқандай.

Дала қандай…
Дала сондай мамырда,
Қан жүгірді, нәр жүгірді тамырда.
Айхай, дала, айналайын атажұрт,
Сен емес пе бақытым да, барым да!
(150-бет).
Бейқам тірлік. Жайбарақат өмір. Бірақ көңіл алаңдаулы. «Ақындардың шамы түнде сөнбейді» деп Хамаң Ерғалиев ағамыз айтпақшы, шайырдың шағала жаны шарқ ұрады. Өйткені:
Жантық әлі өлген жоқ,
Жағаласып келеді,
Жамандықты көрген боп,
Жараны ашып келеді (217-бет).

Бұл майданның қашан аяқталары белгісіз. Бәлкім, аяқталмас та. Оның үстіне, Абыл мен Қабылдан мирас болып, атам заманнан бермен келе жатқан теке­тірес және бар. Араздық, өшпенділік, көреалмау­шылық. Ақынның әбден зәрезап болған секемал көңілі қалайша жай таппақ?
Ақын болу мүмкін емес абайлап,
Жан-жағыңа жаутаң-жаутаң қарайлап,
Махамбеттің сарқыты еді Мұқаңдар,
Соның өзі оған салды талай дақ.

Мұқаңдар жоқ,
Төлеген де,
Жұмекем,
Батыраш пен Қотыраштар тірі екен.
Біреу келіп қақты есікті, сақтай гөр,
Қарайыншы, кім екен…(141-бет).
Тұтас бір дәуірдің көңіл күйін, қызығы мен шыжығын, қуанышы мен ренішін ке­лісті жырлармен кестелеген «Шуақты шақ» өлеңдер жинағының Мемлекеттік сый­лыққа лайық деп танылып, еліміздің бас бәйгесіне ұсынылуы жырсүйер қауым­ның мерейін өсіріп, көңілін көкке сам­ғат­ты. Енді соның оң нәтижесін көруге жаз­сын делік.
Бекболат ӘДЕТОВ

Бөлісу:

Пікір жазу


*