30 күн думан сыйлаған, Мундиаль да жетті мәреге

957
0
Бөлісу:

4 жыл зарықтырып жеткен футболдан Әлем чемпионаты да аяқталды. 30 күн көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Әсерін әлі де сезіне алмай тұрғандаймыз. Өткен чемпионаттың әсері енді тәтті естелік ретінде жадымызда жаңғырып, бізді ғажайып сағынышқа бөлемек. 

Модрич – «Алтын допқа» лайық
Бұл чемпионат – стереотиптердің қи­рай бұзылып, әлсіздің мықтыға, мық­тының шарасызға айналуымен есте қал­ды. Францияға дауымыз жоқ, ал топтан шы­ғуды ғана мақсат тұтып келген Хорва­тия финалға иек артады деп кім ойлаған?! Қанша «алтын буын» болса да, Бель­гия­ның үздік төрттікке енеріне күмәнділер көп болды. Бразилия, Аргентина, Гер­ма­ния, Испаниялар тұрғанда оларға не жоқ дестік. Неймар мен Мессидің, Роналду мен Рамостың финалда ойқастағанын көр­гісі келді көп адам. Бірақ Модрич пен Гриз­манндар табанынан таусылып жүр­генде олар жағалауда күнге қыздырынуды бас­тап кеткен болатын. Бұл бір жағынан әді­летті болған да секілді. Әлгі айтқан төрт үздік финал көрмей жүрген жандар емес қой. Олардың орнына Врсалько мен Пе­ришичтің, Мбаппе мен Жирудің жан­таласа кубокқа таласқаны қалай әсерлі кө­рінді. Модричтің жөні бір басқа… Фи­налда Франция расында жеңіске лайық бол­ғандай. Жас, соған қарамастан тегеу­рін­ді ұжым, салыстырмалы түрде қартаң тарт­қан, бірақ тәжірибелі Хорватияны шаңы­на ілестіре қоймады. Мәскеудегі «Лужники» стадионында өткен кездесу 4:2 есебімен француздардың пайдасына ше­шілді.
Франция – Хорватия – 4:2 (Гол соқ­қандар: Марио Манджукич, 18 (автогол), Иван Перишич, 28, Антуан Гризманн, 38 (П), Поль Погба, 59, Килиан Мбаппе, 65, Марио Манджукич, 69)
Ескерту: Н’Голо Канте, 27, Лука Эрнандес, 41, Шиме Врсалько, 90+2.


Осы Әлем чемпионатында 169 гол соғылып, 219 сары, 4 қызыл қағаз көрсетілген. 49 651 пас сәтті берілсе, әр ойын сайын орта есеппен 2,6 гол салынып, әр ойын сайын орта есеппен 3,5 сары, 0,06 қызыл қағаз көрсетілген. Бір матчтағы пас саны шамамен – 775,8.


Хорватияның капитаны Лука Модрич осы Әлем чемпионатының үздік ойын­шы­сы атанды. 32 жастағы жартылай қо­р­ғаушы бүкіл команданың моторы іс­петті. Алаң ортасында еркін ойқастап, жар­ты алаңдай қиып түсіріп дәл пас беруі – шебердің шеберінің ғана қолынан ке­лер әрекет. Осы доп додасында капитан гол боларлық айқын 16 мүмкіндік жасап бер­ген. Әсіресе, Даниямен болған ойын­да 21 мәрте қарсыластың жарты алаңында дәл пас жасапты. Финалда да жанкешті ойын көрсетті. Оң қапталдағы Ребич пен Врсальконы, сол қапталдағы Перишичті, ортадағы Манджукичті доппен жарыл­қап, Хорватияның ойынына қан жүгір­тіп, қолмен сомдады. Осы чемпионатта оның еншісінде 7 матч, 2 гол және 1 нә­­­­тижелі пас бар. Енді жанкүйер қауым Мод­ричтің «Жылдың үздік ойыншысы» ата­нуын да қатты қалайды. Жыл сайын Мес­си мен Роналдудан ауыспайтын бұл мара­пат биыл Луканың қолында жарқы­рауы әбден мүмкін. Егер Хорватия чем­пион болғанда, Модрич биыл Чемпион­дар лигасын да, Әлем чемпионатын да жең­ген бірегей ойыншы болар еді. Бірақ он­дай атақ – клубтасы Рафаэль Варанға бұйыр­ды. Биыл «Реалмен» өзінің төр­тін­ші Чемпиондар лигасын ұтқан Варан, Фран­циямен әлемнің үздігі атанып отыр. Жал­пы, 23 жастағы ойыншы ұлттық құра­маның да, мадридтік «Реалдың» да тас қамал қорғаушысына айналып келе жа­тыр. Сондай-ақ чемпионаттың ең үз­дік жас ойыншысы Килиан Мбаппе атан­ды. Былтыр жарқ етіп көрініп, содан бері әлем назарында келе жатқан Мбаппе 20 жыл бұрын Зидан бастаған жігіттер Әлем чемпионы атанған кезде әлі өмірге кел­меген де екен. 19 жастағы футболшы өз елінің мундиальдағы сәтті дәстүрін лайық­ты жалғастыруға себепкер болды. Ол Пеледен кейін финалда гол соққан жас ойыншы ретінде де тарихқа енді. 7 матч­та 4 гол соғып, 1 нәтижелі пас асы­рып­ты. Ал «Алтын қолғап» Бельгия құра­масының қақпашысы Тибо Куртуаға бе­ріл­ді. 7 ойында 6 гол жіберген Куртуа осы мундиальдағы ең көп сейв жасаған қақ­пашы. 6 гол соққан Англия құрама­сы­ның капитаны Харри Кейн турнирдің үздік бомбардирі атанды.


Қақпаға соққы жасау бойынша үздік ойыншы – бразилиялық Неймар (27). Жүгіру бойынша үздік ойыншы – хорватиялық Иван Перишич (72 шақырым). Пас асыру бойынша үздік қорғаушы – Испания құрамасының капитаны Серхио Рамос (485). Сейв жасау бойынша үздік қақпашы – бельгиялық Тибо Куртуа (27).



Дешам жаққан шам

Футбол әлемінде биыл жарқырай кө­рініп, қарсылас біткенді сенімді түрде тық­сырып тастаған Франция құрамасы шы­нында да әлемге шуақ шашты. Енді ке­лесі Әлем чемпионатына дейін Де­шам­ның командасы әлем құрамалары үшін басты нысана һәм бағыт сілтер шырақ іспетті болмақ. Бұл маман алғаш рет 2012 жыл­дың 8 шілдесінде құрама тізгінін ұста­ды. Оған дейін «Монако», «Ювентус» және «Марсель» секілді орта деңгейлі клуб­тарды жаттықтырған маман Фран­ция құрамасымен 2014 жылғы Әлем чем­пио­натында сәтсіз ойнады. Одан соң 2016 жылы Еуропа чемпионатының фи­налында Португалиядан жеңілді. Со­ған қарамастан құрамадағы жұмысын жал­ғастыра берген маман, ақыры күллі әлем таңдай қағарлық жетістікке жетті. Құр жетіп қана қоймай кішігірім рекорд та тіркеді. 46 жастағы Дидье Дешам Әлем чем­пионатын футболшы ретінде де, бап­кер ретінде де жеңіп алған тарихтағы үшін­ші адам атанды. 1998 жылы Франция әлем кубогын жеңіп алған кезде Дешам ұлттық құраманы капитан ретінде бастап шық­қан еді. Бұған дейін мұндай жетіс­тік­ке бразилиялық Марио Загалло мен гер­маниялық Франц Беккенбауэр жеткен бо­латын.
– Дәл мұндай Әлем чемпионатын ешқашан көрмеппін. Жұрт менсінбеген ұжым­дар суперқорғанысымен тәнті қыл­ды. Футбол өзі сондай нәрсе: егер сен жақ­сы қорғана алсаң, қарымта шабуыл ар­қылы кемі 2-3 гол соға аласың. Бұл чем­­пионатта күшті гол да, тас қамал қор­ғаныс та, бәрі болды. Бірақ үлкен ко­ман­далар мен кіші командалар арасында айыр­­машылық болған жоқ, – депті Де­шам ойыннан кейінгі баспасөз мәсли­ха­тында.

Турнирдегі ең нәтижелі команда – Бельгия. Олар қарсыластар қақпасына 16 гол соқты. Шабуылдағы үздік команда – Хорватия. Олар жалпы саны 352 шабуылды жүзеге асырыпты. Сондай-ақ хорваттар – қорғаныстағы үздік команда атағын да жеңіп алып отыр. Сейвтер, допқа талас, допты айып алаңынан шығарып жіберу кезіндегі тартыстардың бәрін есептегенде 301 цифрын көрсеткен ФИФА-ның ресми сайты. Пас асыру бойынша Англия ешкімді шендестірмепті. Гарет Саутгейт командасының еншісінде 3336 сәтті пас бар.

VAR талай пенальтиді сыйға тартты
Бұл жолғы Әлем чемпионаты – VAR жүйесінің енгізілуімен ерекшеленді. Бұл сөзді тарқатып жіберетін болсақ – төре­шінің бейнеқайталау көмекшісі (Video assistant referees) деген мағынаны береді. Осы жүйенің арқасында биыл белгіленген пенальти саны бұған дейінгі доп дода­ларынан бірнеше есеге асып түсті. ФИФА президенті Джанни Инфантиноның ай­туынша, бұл жүйе осы мундиальда сәтті көмектескен.
– Шынымды айтар болсам, мен осы қыз­метке тағайындалған соң көп өтпей осы жүйе туралы талқылау жасадық. Мен бас­тапқыда бұған қатты сенім артқан жоқ­пын. Алайда Әлем чемпионатында ен­гі­зіп көрейін деген шешімге келдік. Қа­зір менің нәтижелерге көңілім толады. 62 матчта күмәнді эпизодтар 19 рет қайта қа­ралып, 16 жағдайда төреші өзінің ал­ғашқы шешімін өзгертті, – дейді ол. Ал бұған қатысты Испания құрамасының бұрынғы қақпашысы Икер Касильяс «Бұл жүйені онша түсінбедім. Шын мә­нін­де Гризманнға қарсы тәртіп бұзыл­маған. Бі­рақ арбитр бейнеқайталауды көріп ал­ды да пенальти белгіледі. Бұл таң­ға­лар­лық жағдай» деп пікір білдіріпті.


Франция құрамасы сапындағы үшінші қақпашы Альфонс Ареола мен қорғаушы Адил Рами бірде бір кездесуге қатыспай-ақ Әлем чемпионы атанып отыр. Бірақ Рамидің Ареоладан артықшылығы сол, ол ұлттық құрама сапында 35 ойынға қатысқан. Ал Ареола болса әлі ел намысын қорғап көрген жоқ.



Катарда кездескенше

Қола медаль үшін тартысқан Бельгия да, Англия да – чемпион болуға лайықты ко­мандалар. Азардың өз еліне жеткен соң «Чемпионаттың үздік ойыншысы кім десе, өзімді атар едім» дегені де өзім­шіл­дік­тен емес, өз бағасын білгендіктен бол­са керек. Азар расында керемет ойнады. Бельгия құрамасының ойынын жу­сатып-өргізіп, жасыл алаңда нағыз қо­жайынға айнала алатынын дәлелдеді. 6 голдың үшеуін пенальтиден соқты де­ме­сеңіз, Харри Кейннің де футбол әле­мін­де әлі айтары бар. Бұл чемпионатта біз Панама, Тунис, Исландия сияқты ел­дердің де тамаша футболына куә бол­дық. Жапонияның алаңдағы жанкешті ойы­ны, матчтан кейін киіну бөлмесін «қыз­дың жиған жүгіндей» тап-таза етіп қоюы күллі планета тұрғындарын тамсантты. Жабылу салтанатындағы Аида Гарифуллинаның топпен бірге «Калинка» әнін шырқауы, ырғағы көңілді әрі жылдам әуенге бүкіл стадионның үн қосуы, бір уақытта кадрда әйгілі бразилиялық футболшы Роналдиньоның пайда болып, барабан соғып, билеуі – футболға деген махаббатпен қатар қимастықты да арттыра түскендей. Әлемнің әр түкпірінен келген жанкүйер құшақтаса билеген кезде, барлығы бір үйдің баласындай ұранға басқан кезде, әлгінде ғана бір-біріне тіс қайрап футбол ойнаған қаһармандардың матчтан соң бір-бірінің арқасынан қағып, риясыз күлуі – футболдың тек спорт қана емес, әлемдегі бейбітшілік пен мейірімді сақтаушы бірден-бір құрал екенін де аңғартатындай. Енді төрт жылдан соң Катарда өтетін Әлем чемпионатын асыға күтеміз. Бір қызығы келесі мундиальды төрт жылдан да көбірек күтетін түріміз бар. Себебі, ол елдегі жоғары ыстық температурасына байланысты доп додасы қараша, желтоқ­сан айларында жалауын желбірет­пек. Сол жолғы турнирде соңғы рет мундиаль­да 32 команда ойнайды. Одан кейінгі, яғни, 2026 жылғы Әлем чемпионатынан бастап қатысушы командалар саны – 46-ға дейін ұлғайтылып отыр. Тиісінше, Катардағы әлемдік футбол мерекесі тарихтағы ең қымбат чемпионат болмақшы. Оған ел билігі 200 миллиард доллар жұмсауға дайын отыр. Не болса да, Әлем чемпионаты­ның қызығы мен шыжығы енді бүкіл жанкүйер біткенге 4 жыл бойы азық. Ал 4 жылдан соң біз бәлкім жаңа чемпион мен жаңа есімдер туралы жазып отыратын болармыз…

 

Абай АЙМАҒАМБЕТ

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*