ДҮБІРЛЕП ӨТТІ ДОП ДОДАСЫ

820
0
Бөлісу:

Сонымен, Ресейдегі футболдан Әлем біріншілігі де бітті. Франция мен Хорватия арасындағы ойын француздардың Әлем чемпионы атағын алуымен аяқталды. Бүкіл дүниежүзі төрт жылда бір келетін доп додасын тағы да асыға күтеді. Келесі чемпионат Катар мемлекетінде өтеді. Ресейдегі кезекті чемпионат іргемізде болды. Не көрдік? Не түйдік?
Әлеуметтік желіде футбол салтанаты туралы әрқилы пікір өрістеп жатыр. Біреулер «Тәуелсіздік алғандарына ары кетсе жиырма жыл ғана болған, 4 миллион халқы бар хорваттар Әлем чемпионатында финалда жүр. Рухы мықты ел! Төрт-ақ миллион болсада алыптармен тіресіп ойнады» деп хорваттар ойынына сүйсінсе, енді біреулер «Хорваттардың «карлик синдромына» ушы­ғатынынан қорқып едім. Хорватия құрамасы «Францияны жеңіп чемпион боламыз ба?» деген ойдан өздері шошып кеткендей әсер қалдырды. Егер сіз топтық кезеңдегі «Арген­тина – Хорватия» ойнын көрген болсаңыз, нақты сол Хорватия бүгін Францияны шайнап тастаушы еді. Бірақ бүгінгі Хорватия «карлик синдромына» шалдыққан науқас ұжым болды» деп жазып жатыр.
Ғабит Сапарбеков: «4 миллион халқы бар Хорватия финалға шықты. Біз болсақ құры жүрміз деген жазбалар көбейді. Спорт халық санына қарамайды. Әйтпесе, Қытай мен Үндістан чемпион болатын еді ғой. Айтпағым, бұрынғы Югославия құрамынан шыққан елдер спортқа өте бейім. Футбол және теннис мектебі мықты. Командалық спорт түрлерін керемет меңгерген. Сол маң­да­ғы ұлт өкілдері бойшаң әрі физикалық тұр­ғыда мығым. Солардың мектептерін зерт­теу керек. Бапкерлерін шақырған жөн. Әзір­ге, Франция – жұмыр жер мықтысы», – деп төтесінен кетті.
Мықтыбек Оразтайұлы болса:
«14 шілде – «Марсельеза» Францияның ресми Гимні болып бекітілген күн екен (1795 жылы осындай шешім қабылданған). Осы жайттың әсері ме, бүгін француздардың айы оңынан туды. Дидье Дешамның бұл ко­мандасы 2016 жы­лы-ақ жасақталып қойған. Олардың ба­қытына орай, алыптардың бәрі өз-өзде­рі­мен жүнжіп құрыды, солайша Франция судан құрғақ шықты. Бензема мен Риберисіз де биік шыңға шыға алатынын дәлелдеді. Биыл маған екі команда қатты ұнады: Бельгия мен Хорватия. Бірақ екеуі де Фран­цияның алдында дәрменсіздік таныт­ты. Тәжірибе жетіспеді, бәлкім», – депті.
Белгілі тележурналист Бейсен Құранбек «Бір айға созылған футбол тойы аяқталды! Доданы дүрілдетіп көрсеткен Ұлттық арнаға мың алғыс! Қазақ жанкүйері раxаттанып көр­­ген чемпионат осы болды» деп Қа­зақстан Ұлттық арнасына алғысын білдіріп жатты.
Жаңабек Нар деген әлеуметтік желіні тұтынушы «Келесі жолы Ұлттық арна қазақ тілінде жүргізетін кәсіби спорт коментатор­ларын дайындап, осындай үлкен додаларды тек қана қазақ тілінде жүргізсе, «Қазақстан» телеарнасы атына лайық болайын деп тұр. Көпшілік көрермен Ұлттық арнадан «Қазспорт» арнасына ауысып кетті» деген тілегін жеткізіпті.Әлем чемпионатындағы басты жаңалық – VAR бейнеқайталау жүйесінің енгізілуі. Болашақта осындай жаңалықтар көбейе беретін секілді.
Қазақстан футболына жан бітіру үшін ұлт­тық намыс пен жігер керек. Осы тұрғыдан ал­ғанда, қаншама қаржы құйғанымызбен бел­гілі бір нәтижеге жете алмай жатқанымыз мем­ле­кетті ойландыруы қажет.
Әлемдік доп додасының тағы бір пайда­сы – осы кезеңде жер бетіндегі соғыс, бүлін­ші­лік, террористік әрекеттер азайды.
«Спорт – бейбітшілік жаршысы» деген сөз тегін айтылмаса керек. Осындайда әлем жұрт­­шылығы тек спорт арқылы сайысатын заман туса екен деп қиялдаудың да реті келгендей!

 

Нұртөре ЖҮСІП

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*