Үй шаруасындағы әйелдің де мұңы бар…

1217
0
Бөлісу:

2018 жыл халықты әлеуметтік қорғау саласында көптеген жаңалықтарымен келді. Жыл басында жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек жүйесі енгізілсе, шілденің бірінен зейнетақыны есептеу мен төлеу жүйесі өзгерді.

Биік мінберлерден мұның бар­лығы «халықтың әлеуметтік жағдайын арттырып, кедейлік шегінен шығару үшін жасалып жатқан қадамдар» деп қанша айтылса да, іс жүзінде қара­­­па­йым халықтың әл-ауқатын жақсартып тұрғаны шамалы. Осы уақытқа дейін табысы аз, тұр­мы­сы төмен отбасыларға берілетін атаулы кө­мек, ең төменгі күнкөріс ше­гін­дегі отбасылардың бала­ларына берілетін жәрдемақы мен көп­балалы отбасылар алатын ар­нау­лы мемлекеттік жәр­дем­ақының басын бір «атаулы әлеу­меттік кө­мекке» біріктіргені бел­гілі. Осы жүйені енгізгелі бері, көп­балалы отбасыларға төле­нетін 9900 тең­ге тоқтатылды. Әйтеуір, көпбалалы отбасы ретінде 2018 жылға дейін құжат рәсімдегендерге тиіскен жоқ.
Әрине, бұл халық арасында масылдықты жою, еңбекке қабі­летті азаматтарды жұмыспен қам­ту бағытында жасалған қа­дам екені айқын. Алайда көп­ба­лалы отбасыларға (4 баладан бас­тап елімізде көпбалалы отбасы болып есептеледі) берілетін арнайы жәрдемақының алынып таста­-луы халықтың, әсіресе көпба­-лалы аналардың көңілінен шық­пай тұр. Себебі, бұл бала саны­-ның артқаны үшін берілетін аз да болса көмек еді. Өйткені көп­балалы отбасы отанасының жұ­мысқа шығуға ешбір мүмкіндігі жоқ. Бала-шағаның күнделікті күтімі, тамағы, олардың сабаққа дайындығы, үй шаруашылығы бар­лығы – әйелдің мойнында. Үй шаруасында отырған әйел «жұ­мыссыз» саналса да, оның атқа­ратын шаруасы бастан асады.
Осыдан 9 жыл бұрын сол кез­дегі Мәжіліс депутаты Бақыт Сыз­дықова үй шаруасындағы әйелдерге арнайы жалақы төлеу туралы ұсыныс тастаған бола­-тын. Жүзеге асыру механизмдері бұлыңғыр, жоғары жақтан ешбір қолдау таппаса да, бұл бастама­ның жаны бар еді. Өйткені ұзақ жылдар үй шаруасында отырған әйел әлеуметтік сақтандыру мен зейнетақы жүйесінен де шет қалады. Жұмыс істейтін қыз-келіншектердің жалақысының 10 пайызы зейнетақы қорына, 5 пайызы әлеуметтік сақтандыру қорына аударылып отыратыны белгілі. Ауырып-сырқап қалса да, уақытша жұмысынан айырылса да, дүниеге перзент әкелем деп декретке шықса да, әлеуметтік сақтандыру қорынан азын-аулақ қаржыға үміттене алады. Бала күтімімен декреттік демалыста отырған шағында да еңбек өтілі есептеліп тұрады. Зейнет жасына жеткен кезде, базалық зей­нетақы­дан бөлек, міндетті зейнетақы жинағынан төлем төленеді.
Ал өмірін бала мен үй ша­руа­сына арнаған әйелдердің мұндай мүмкіндігі жоқ. Өйткені ешбір жарна, төлем жасамайтындық­тан, әлеуметтік қамсыздандыру жүйесінен тыс қалып отыр. Егер 5 бала туып, соны аман-есен өсірсе, 53 жасында бала санымен зей­неткерлікке шыға алады. «Күміс алқа», «Алтын алқа» иесі болса, әрине салық жеңілдіктері, алқа­ның арнайы ақшасы бар. Бірақ үй шаруасындағы әйелдің барлығы алтыдан бала тауып жатқан жоқ.
Қазақстандағы зейнетақы жүйесіне енгізілген соңғы өзге­рістерге сәйкес, алдағы уақытта ел тұрғындары зейнетақысын міндетті зейнетақы жарнасын қанша көлемде, қанша уақыт төлегеніне байланысты алатын болады. Яғни, ай сайын аударған жарнасы мен еңбек жылдары есепке алынады. Зейнет жасына жеткенде жақсы зейнетақы алу үшін жақсы қызмет істеп, тұрақты жарна аударып отыруға тиіссің. Ешбір жарна жасамасаң, ең тө­мен­гі күнкөріс деңгейінің 50 па­йызына риза болуға тура келеді.
Бала тауып, үй шаруасында отырған әйелдердің міндетті жарна аудармақ тұрмақ, жолда­сының тапқан айлығы шайлы­ғына жетпей жатады. Ендігі жерде әлеуметтік камсыздандыру жү­йесінен шет қалған азаматтарды есепке алып, бір жүйеге енгізу үшін арнайы бірыңғай төлем енгізу мәселесі қаралып жатқаны белгілі. Қазақстандағы 2,5 мил­лионға жуық өзін-өзі жұмыспен қамтушы халықты жүйеге енгізу үшін жасап жатқан қадам бо­йын­ша, олардың қалада тұратындары ай сайын – 2500, ауылдық жерде тұратындары 1200 теңге көлемінде жарна төлеп тұруы тиіс. Әзірге талқылаудан өтіп жатқан бұл ұсыныс жыл соңына дейін заңды түрде бекітілмек.

Атаулы әлеуметтік көмектің әңгімесі көп
Атаулы әлеуметтік көмек жүйесін енгізгелі бері, оны алу­дың да жыры көбейіп кеткен. Бұл көмектің шартты және шартсыз боп бөлінетіні тағы бар. Шарт­сызы – жұмыс істеуге еш мүм­кіндігі жоқ, зейнеткерлік жасқа жеткен, 1 немесе 2 топтағы мү­гедектігі бар, жұмыс істеуге ден­саулығы мүлдем жарамайтын отбасыларға тағайындалса, шарт­тысы еңбекке жарамды жаны бар отбасыларға беріледі. Бұл жәр­демақыны алу үшін мың сан құ­жат жинап, бүкіл отбасы мүше­лерінің кірісі туралы қағаз өт­кі­зесің. Әке-шешенің зей­­нетақысы, оқудағы баланың шә­кіртақысы, 1 жасқа дейінгі сәби­дің жәр­демақы­сы– барлығы от­басылық табысқа кіреді. Мәселен, әке-шешесімен бірге тұратын от­басы үшін қарттардың алатын зей­нетақысын қалайша отба­сы­лық кіріс деп есептеуге болады? Жасы келген жандардың дәрі-дәрмегі, жүріс-тұрысы бар емес пе? «Қар­тайғанда бейнетімнің зейнетін көрем» деген кісілердің зей­нетақысын балаларының от­басылық табысы ретінде қарас­тыру қисынға келмейді. Немесе бір үйде тіркелген ағайынды­лардың табысын ортақ деп тауып, екі үйлі жанның бәріне бөліп тас­тау қаншалықты заңды? Олар басқа үйі болмаған соң бір жерге тіркеуге тұратыны анық. Қанша жерден ағайынды болса да, екі бөлек отбасының табысы да, шы­ғыны да ортақ болмақ емес.
Атаулы әлеуметтік көмекті алу үшін отбасылық бүкіл кірісті жан басына шаққанда әрқай­сысына келетін сома күнкөріс шегінің 50 пайызынан аспауы тиіс. Бұл шамамен қазіргі кезде 15 мың теңгені құрайды. Егер отбасының жан басына шақ­қан­дағы табысы 13 мың теңге болса, қалған 2 мың теңгені мемлекет төлейді. Шартты деп аты айтып тұрғандай, бұл көмекті алған соң, мемлекеттің ұсынған жұмыспен қамту бағытындағы ұсыныс­-тарын қабыл алу керек. Бірақ та анасы жұмысқа шығып кетсе, үйдегі бала-шағаға кім ие бо­-лады? Сондықтан бала күтімі­мен үйде отырған аналарды қол­даудың басқа да механизмдерін қарастырған жөн. Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау ми­нистрлігінің мәліметі бойынша, жыл басынан бері ел бойынша атаулы әлеуметтік көмекті 72 мың­дай отбасы алыпты. Бұл от­басылардағы жан саны 368 мың­нан асады.

Жөргекпұлды өсіруге не кедергі?
Жыл басынан бала туғанда берілетін бір реттік жөргекпұл көбейіп, 1-3 балалар үшін – 91330 теңгені құраса, 4 баладан ары қарай – 151 515 теңге төленеді. Әрине, бір реттік жөргекпұлдың көлеміне айтар дауымыз жоқ. Алайда жұмыс істемейтін әйел­дердің бала күтіміне байланысты 1 жасқа дейін алатын жәр­дем­ақысының көлемі езуге күлкі үйіреді. Бүкіл халыққа «жәр­демақы өсті» деп жар салғанда, оның бар көбейгені – мың-ақ теңге. Мәселен, 2017 жылы жұ­мыс істемейтін әйелдер бірінші балада 13070 теңге алса, 2018 жылдың басынан бері – 13 853 теңге, екінші бала үшін өткен жылы 15 452 теңге төленсе, биыл 16 839 теңгені құрады. Ал үшінші бала үшін берілетін жәрдемақы 17 812 теңгеден – 18 880 теңгеге көбейді. Төртінші баласын дү­ниеге әкелген аналарға бақан­дай 21405 теңге беріледі.
Балалы отбасыларды қолдау мақсатында бір реттік жөргекпұл 2003 жылдан бері төленіп келеді. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі ке­зеңде, 2003 жылға дейін босанған аналар мемлекеттен ешқандай көмек көрмеген. Ал 1 жасқа де­йінгі жәрдемақыны төлеу 2006 жылдан бері қолға алынған. Әрине, жоқтан жақсы дегені­мізбен, қазіргі қымбатшылық заманында ана мен балаға деген қаржылай қолдаудың көлемі 3 қап ұнның құнына жетпей тұр­ғаны көңіл қынжылтады.
Осы орайда жас аналардың арасында шағын сауалнама жүр­гізген едік. Көпшілігі қазіргі кезде 1 жасқа дейін берілетін жәрдемақы мөлшері 30-40 мың теңгеге дейін көтерілсе деген ойын айтады. Оған қоса, жұмыс істейтін қыз-келіншектер бала 3 жасқа тол­ғанша алаңсыз үйде отыру үшін жәрдемақы берілетін уақытты да созу керек деген пікірде. Өйткені қазір көптеген жас отбасылардың басында ипотекасы, болмаса несиесі бар.
Әр бала өз несібесімен туады десек те, балаға берілетін жәр­демақының көлемі ең төменгі күн­көріс деңгейінің жартысын­дай болуы – Қазақстан сынды әлеуметтік бағыт алған, әлемнің дамыған 30 еліне кіруді мақсат тұтып отырған ел үшін үлкен сын. Жақында Фридрих Эберт қоры ұйымдастырған «Еуропа, Қытай, Қазақстандағы әлеуметтік мем­лекет: тренд және сын-қатер» деген жиынға қатысушы са­рап­шылар Қазақстандағы қазіргі әлеуметтік саясатпен еліміз ал­дағы 20-30 жылда дамыған отыз­дықтың қатарына іліне де ал­май­ды деп тұжырымдады. Өйткені Бүкіләлемдік экономикалық форумның бәсекеге қабілеттілік жөніндегі әлемдік индексі БҰҰ-ның адами даму индексімен бі­ріктіріліп, елдің бәсекеге қабі­лет­тілігі тек адам капитал деңгейі­-мен өлшенетін болған. Бұған дейін бәсекеге қабілеттілік дең­гейі ЖІӨ-нің жан басына шақ­қандағы көрсеткішімен айқын­далатын еді. Өйткені әлемдік фо­рум сарапшылары бүкіл мә­се­ле­нің шешімі адамға келіп ті­реледі деп тұжырымдайды. Ал Қазақ­стандағы халықтың тұрмыс дең­гейі, адам капитал көр­сеткіші дамыған отыздықтың айна­ласына да жуымайды.
Түйін
Әрине, баланы әркім өзі үшін туып, бағып-қағады. Дегенмен мемлекет те елі­міздің демографиялық жағ­дайын жақсарту үшін, әр отбасында бала санының көбеюіне мүдделі болуы шарт. Саннан сапа шыға­тыны айқын. Бала туу көр­сеткішінің өсуі – адам ка­питалының дамуына ықпал етеді. Анасы жұмыс деп шабылмай, жолдасының бір жағына шығысам деп жү­гірмей, ең құрығанда 3 жыл үйде бала тәрбиесімен айналысып, отбасының ұйыт­қысы боп отырса, бала үшін одан артық ештеңе керек емес. Қазіргі қазақ әйелінің қасіреті – өзі үйде отырып, алаңсыз бала тәр­биесімен айналысуына мүм­кіндігі жоқ. Көпке топырақ шашпайық, қалада тұра­-тын, жұмыс істейтін әйел­дердің басым бөлігі 1 жасқа толар-толмастан баланы енеге, күтушіге, ақыр аяғы бала-бақшаға табыстап, жұмысқа шығып кетеді. Ал сәби 1 жасқа дейін күні-түні анасының қасында болып, аялы алақанының жылуын сезініп, ана сүтін еміп, мейі­рімге қанып өсуі керек. Әдет­те көп айтылатын «Адам капиталы – мемлекеттің бас­ты байлығы» деген сөз айтылған жерде қалмас үшін, расында әлеуметтік бағыт алған мемлекет бол­ғымыз келсе, ана мен балаға деген қамқорлықты аямау қажет. Өйткені мемлекеттің бұл салаға бүгін салған ин­вестициясының ертең әке­летін дивиденті мол болмақ.

 

Үмітжан ЖАПАР

Бөлісу:

Пікір жазу


*