Қарағұсова және қазақ тілі

Тәуелсіздік алып, егемен ел болғанымызға 30 жылға жуық уақыт өтсе де, шеше алмай келе жатқан бір мәселеміз бар. Ол – тіл. Мемлекеттік жиындар мен іс-шаралардың ресми тілде өтетіне ет өлді. Шенділеріміз қазақша сөйлесе алақайлап қуанып, өз-өзімізді қоярға жер таппай қалатынымыз да содан болса керек. Бірақ ол шенділер бірде күлдіреді, бірде бүлдіреді…
Сөз жоқ, белсенді…
Сондай жанның бірі – Гүлжан Қарағұсова. Ұзақ жылдар мемлекеттің еңбек және әлеуметтік қорғау саласына тікелей жауапты болған Гүлжан Жанпейісқызы қазір – Мәжіліс депутаты. Алайда 1994 жылдан бері (Президенттің экономикалық реформа жөніндегі кеңесшісі) мемлекеттік қызмет мінберінде жүргеніне қарамастан бір ауыз қазақша үйренбеген. Осы тіл жағы кем-шін демесеңіз министр кезінде (22.11.2001-12.07.2007) біраз шаруаға білегін сыбанып араласудай-ақ араласты. Кейін ведомстводан кетіп, «Атамекен Одағы» Қазақстанның Ұлттық экономика палатасында да (президиум мүшесі), Сенатта да, Мәжілісте де депутат болды. Парламенттің осы екі палатасында да оған қаржы мен бюджет комитетінің басшылығы сеніп тапсырылған. Сол өкілетін пайдалана отырып, талай шендіге ұрсып та алатын. Кейде сипай қамшылап жеткізеді. Мәселен, Тамара Дүйсеноваға айт-қаны бар.
2014 жыл. 21 сәуір. Қарағұсова Мәжілістегі Үкімет сағатына келген сол кездегі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсеноваға әбден тиісті.
«Тәуелсіздік алғанымызға 23 жыл болды. Министрлерге деген көзқарас өзгеру керек. Мысалы, Батыс елдерінде әлеуметтік министрдің мәртебесі қаржы министрінен де жоғары тұрады. Әрине, әлеуметтік министр бар мәселені бір өзі шеше алмайды. Сол себепті, өзі де ұйықтамайтын, өзгелерді де ұйықтатпайтын адам болуы керек. Бір жағынан бұл жұмыстың ауыр екенін түсіне отырып, Тамара Қасымқызына алғыс айтып, құттықтаймын. Ал екінші жағынан мен оған «Тамара, өзіңді өзгерт!» дегім келеді. Сен Премьер-министрден бастап бәріне ұйқы берме. Себебі, сіз зейнеткерлер мен мүгедектердің бүкіл ауыртпалығын ұстап отырсыз» деген сол жолы Қарағұсова «сен» мен «сізді» араластыра соғып.
2010 жыл. 20 мамыр. Осы күні Парламент депутаттары шағын несие беретін ұйымдардың ісін сынға алған.
«Дәл осы дағдарыс жылдарында банк секторының құлдырауы байқалады. Депозиттердің көп бөлігі шағын несие беру ұйымдарына қарай ауып кетті. Біріншіден, ондай ұйымдардың жұмысын қаржылық бақылау агенттігі реттей алмай отыр. Екіншіден, көлеңкелі ақшаға қатысты ешқандай мониторинг жүргізілмейді. Қалалық шағын несие беру ұйымдарындағы пайыздық мөлшерлеме екінші деңгейлі банктерге қарағанда тым жоғары. Несие рәсімдеудің тым қарапайымдылығы да клиент тарта түседі. Әрине, бүкіл микроұйымдарды жаман деуге болмайды, бірақ дәл осы саланың елді дүрліктіріп жатқаны рас» деген болатын Мәжілістегі Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы.
Бұл мәлімдемесімен депутат мәселені біржақты ете алған жоқ. Аталған проблема әлі күнге өзекті күйінде қалып отыр. Себебі, микронесиелеу нарығы қазір «онлайн-несиеге» айналып, өңін аударған. Дәл осы онлайн несиелеуге қатысты «Айқын» газетінде биылдың өзінде екі рет мақала жазылды: («Онлайн несие орға жықпай ма?». 16.03.2018. Абай Аймағамбет, Кәмила Дүйсен) және «Онлайн-несие оңдыра ма?». 21.04.2018. Гүлнар Жұмабайқызы.)
2017 жыл. 16 қаңтар. Бұл жолы Қарағұсова салық органдарына шабуылдады. Ол тексеру жүргізетін салық мекемесінің қызметкерлері заң тәртібін жиі бұзады деп есептейді.
«Мемлекеттік кірістер жүйесінде жұмыс істейтін қызметкерлердің біліктілігін арттыру, әрекет ету мен шешім қабылдау кезіндегі жауапкершілігін күшейту қажеттігін айтқым келеді. Солар жіберген қателіктен заңды жақсы білетін салық төлеушілер зардап шегуде. Салық мекемесінің қызметкері бірінші кезекте салық төлеушінің көмекшісі екенін түсінуі керек. Ал олар керісінше, өздерін көп жағдайда «айыптаушы» ретінде ұстайды» деп сөкті ол.
2018 жыл. 5 ақпан. Бұл жолы Гүлжан Қарағұсова Ұлттық банкке үндеу тастап, шындыққа тіке қарауға шақырды. Әңгіме ауаны – криптовалюта жайында.
«Біз криптовалютаны қабылдаймыз» деп жатқан ұйымдар, инфрақұрылымдар, сауда мекемелері бар. Сондықтан шындыққа тіке қарау қажет. Қазір тіпті көптеген мейрамханалардың өзі электронды ақша арқылы сауда жүргізуде. Қаласақ та, қаламасақ та криптовалюта бүгінгі таңда екі функцияны атқаруда – төлем және жинақтау» деді.
2018 жыл. 8 ақпан. Мәжілістегі пленарлық отырыста депутат Қарағұсова Премьер-министр-дің атына тікелей сауал жолдап, әлеуметтік сала жұмысшыларының жалақысын көтеруге қатысты шара қолдануды сұрады.
«Біздің сауал әлеуметтік саладағы азаматтар жалақысының төмендігіне байланысты. 2008-2010 жылдардағы әлемдік қаржы дағдарысы Қазақстанның экономикасына теріс ықпалын тигізді. Сондықтан 2009 жылы бюджет мүмкіндігінен тыс негізсіз экономикалық мөлшер – базалық лауазымдық қызметақы енгізілді. 2011 жылы енгізілген сол мөлшер 7 жыл бойы еш өзгеріссіз қалып келе жатыр. Бұл орайда базалық лауазымдық қызметақыны заңмен бекіген айлық жалақының минималды мөлшерімен ауыстыруды ұсынамын. Ондай жағдайда адамның еңбегі барынша объектив бағаланып, анық факторлар арқылы реттеледі. Осы сауалымызға орай мәселенің шешімін тауып, жауапты жазбаша түрде қайтаруларыңызды сұраймыз» деді ол.
Бұдан бөлек, депутат зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алу туралы;
Теңгенің рубльге қатынасы туралы;
Салық кодексінің талқылануына байланысты;
Дәрігерлер мен мұғалімдердің төмен жалақы алатынына қатысты;
Бір жылдық бюджетке ауысу жайлы өзекті мәселелер көтеріп, көзге түскен. Бірақ ол бұл мәлімдемелердің барлығын орыс тілінде айтты. Оған қарағанда Мәжіліс депутаттары Наринэ Микаелян, Ирина Унжакова, Геннадий Шиповских біраз тіл сындырып қалған. Гүлжан Қарағұсова атақты «тіл дауына» ұрынбас бұрын да бір-екі мәрте шудың ортасында қалған. Соның бірі – депутаттардың баспанасына қатысты мәселе-тұғын.
«Біздің Кеңес одағында…»
2016 жылы жаңа сайланған депутаттар Астанаға қоныс аударып, олар түгелге жуық «Пекин Палас» қонақүйіне орналастырылған еді. Елордадағы қымбат қонақүйдің депутаттар меншігіне берілуі қоғамда шу тудырды. Осыған орай біздің кейіпкеріміз де мәлімдеме жасады.
«Бұл жерде заң бұзылған жоқ. Олар (депутаттар) сонда тұрады, өйткені Конституция бойынша оларға пәтер ұсынылуы керек. Әзірге пәтер берілген жоқ, себебі барлық депутат келіп үлгермеді. Адам ол жерде дұрыстап өмір сүру үшін пәтерлерді тазалау керек» деген еді «су жаңа» депутат. Ал журналистің «Неге «Пекин Палас»? Оған қарағанда сәл арзаны болмай ма?» деген сауалына Қарағұсова қатты ашуланды. «Құпия мәліметтерді білетін лауазымды тұлға бірнеше сағатқа қана жалдайтын арзан пәтерде тұруы керек пе сонда? Пәтер жалдау үшін бюджетте қаржы қарастырылған. Қай елде болмасын жоғары деңгейлі адамдардың өмір сүру қалпын белгі-леп беретін талаптар бар. Кімнің тұрмысы жақсы болса, жұмысты да солай істейді» деген ол. Әсіресе, соңғы сөзі іле-шала ел арасында хитке айналып кетті. Бірақ кейін осы сөзі үшін қайта жауап беріп, ақталуына да тура келді. Алайда өз дегенінен қайта қойған жоқ.
2016 жылдың мамыр айында тағы бір даулы мәлімдеме жасап, сын жебесінің астында қалды. Журналистердің өзінің сөзін өзгертіп жіберетініне налыған депутат, біраз БАҚ өкілін шаласауатты деген еді. «Қазір өкініш-ке қарай көптеген елдердегідей контекстен кесіп алып, оны сараптамайтын (анық-қанығына жетпей) үрдіс қалыптасты. Жалпы, сіздер, журналистер ең мықты сараптамашы болуларыңыз керек қой. Мен осыны әрдайым айтып келемін. «Поэтому у нас
в Советском союзе профессия журналиста пять лет, а вообще сначала получает базовую профессию. Он международник или экономист, или юрист и потом только становится образователем» деген еді депутат. Келмеске кеткен Кеңес одағын «біздің ел» деп сипаттаған Қарағұсованың бұл сөзі сол күйі түсініксіз қалды.
Бәрін айт та бірін айт, Гүлжан ханымның ең хитке айналған сөзі биылғы жылдың еншісінде екен. Мектеп бағдарламасына бірінші сыныптан ағылшын тілін енгі-зуге қатысты қазақша пікір білдіремін деп, көптің күлкісіне қалды.
«Мен көзқарас тіл керек. Бірақ бірінші кластан кашан ол әлі жақсырақ тексеру керек. Ар кішкен-тай бала бир бала жаксы. Сол тілі жақсырады. Ал бир бала окинши орай» деген депутат сөзін ешкім түсіне алған жоқ. Танымал әзілкеш Қайрат Әділгерейдің депутатқа жасаған пародиясын әлеуметтік желіден көріп, езуге күлкі де үйірілді. Бірақ бұл сірә, күлетін де жағдай емес… Қарағұсова бұған дейін де осылай қазақша шала-шарпы сөйлеп жүріпті. Соның бірі – 2015 жылдың тамыз айында болған. Халық қалаулысы елімізде жеңіл өнеркәсіптің дамуына қатысты ойын жеткізуге тырысып баққан.
«Мынау біздікі өзінікі өндірісті ол сапасы… қымбат та емес та, он алуы керек. Сол мәселені біз қазір шешелеміз. Хатты жазамыз. Бір мақаланы жазамыз. Егер ешкім білмесе мына жерге келсін, қарасын. Бәрі автоматизированный сіз көрдіңіз ба. Производительность труда Президент айтып атыр неше рет, мынау қалай производительност жоғары» деп салды.
Желіде депутатты айыптаған да, жақтаған да жазбалар жарияланды. Әрине, алғашқысының саны да, салмағы да басым. Бірақ депутат өз атына айтылған сынның ешбірін қабылдамайды екен. «Мен әлеуметтік желідегі әңгімелерге назар аудармаймын. Өйткені менің уақытым жоқ. Көп жұмыс істейтіндер желіні аз пайдаланады» дейді. Жұмысқа көп көңіл бөлгені, елдің мұңын ойлағаны абзал іс, әрине. Бірақ ана тілін қолдануына қатысты айтылған сындарға көңіл бөл-меуі, одан нәтиже шығаруға асықпауы – ұлттық мүдде тұрғысынан жауапкершілігінің аздығын аңғартатындай.
Абай Аймағамбет