«Бізге керегі – тарихи жеңіс»

1011
0
Бөлісу:

Халқының саны 4 миллионнан сәл-ақ асатын, жер көлемі жөнінен алғашқы жүз елдің қатарына да кірмейтін Хорватия футболдан Әлем чемпионатының финалына өтті. Бейсенбіге қараған түні ала­қандай ғана елдің жанкүйерлері таңды көзбен атырып, тар көше­лерде сайран салды. Олардың қуа­нышына әлем қызыға да, қызғана да қараған болатын. Иван Пери­шич, Лука Модрич, Марио Ман­джу­кич бастаған жігіттер ағыл­шындардың елу жылдан бергі арманын тағы төрт жылға ығыс­тыр­ған. Мұндай ерлікті Хорватия ойыншыларынан ешкім күтпесе керек…

Хорваттарға қызыға қара­ғандар қатарында мен де болдым. Еміс-еміс есімде қалған 1998 жыл­ғы Әлем чемпионатынан бері мундиальді тамашалап ке­лем. Доп додасында әлі чемпион болмаған, құрамында «жұлдыз­дары» аз бола тұра, азулы коман­даларды тықсыртатын ойыншы­ларға бүйрегім бұрып тұратын. Бұл жолы да фаворит қатарына енбеген Хорватияның алысқа шапқанын қаладым. Англия құ­ра­масымен өткен жартылай фи­налдық матчта Златко Далич жігіттері ұтылып қалады-ау деген қауіп зор болса да, хорваттар бірін­ші таймда гол соғу тұрмақ, пас беруден жаңылыса берсе де, сенімім алдамады. Өйткені бала кезі соғысқа тап болған жігіттерге әлемдік сынның жартылай фина­­лына жету бақыты қайта-қайта бұйыра бермейді. Сол үшін олардың тырысатыны анық еді.
Екінші таймда есепті теңес­тірген Иван Перишич: «Біз сияқты кішкентай ғана ел үшін Әлем чемпионатының жартылай финалына жетудің өзі ерлік. Қақ­­памызға гол жіберіп алған соң, тез жиналу керектігін тү­сіндік. Мен нағыз керек кезінде гол соқ­тым. Ал голға айналған пасыма келер болсақ, бұл жерде кімнің соққаны маңызды емес. Бізге керегі – тарихи жеңіс», – деді. 2016 жылғы Еуропа чемпио­на­тында жарқырап, тіпті шаш үлгісіне өз елінің картасын салып алған Перишич шешуші сәтте жігіттерін рухтандырып жіберді. Тап осы Иванның голынан соң Хорватия шабуылына қан жүгі­ріп, Пикфорд қақпасына қауіп көбейген болатын.
Ұлттық құрамалар адам айтса сенгісіз ойын көрсетіп, елінің рухын көтеріп жатқанда, олар­дың жанкүйерлеріне қызығатын әдетім бар. Бұл жолы да біз қашан осы биікке жетеміз деп ой­ладым. Мен де трибунада қа­зақы көйлек пен төбетей киіп отыр­сам деген тәтті қиялым көрі­ніс берді. Кенет… Қазынадан бөлінген қыруар ақшаға Брази­лияда оқып келген жас ойыншы­лардың бірі есіме түсті. Ұмыт­пасам, ол еліміздің оңтүстігіндегі қалалардың бірінде туған. Отбасылық жағдайы да жақсы көрінеді. Шетелде оқып жүрге­нінде оның футболдан гөрі, жылтырақ өмірге көп әуестігін әлеуметтік желі арқылы бай­қағам. Оның жасыл алаңнан гөрі, күн астында қыздырынып, мұхит жағалай демалатын кезі көптей көрінетін. Үш жыл өткен соң кезекті топ Бразилиядан оралды. Бірақ Премьер-лига деңгейі мен ұлттық құрама түгілі, бірінші лигада доп теуіп жүргендерін естімедім. Бірде әлгі ойыншыны күтпеген жерден кездестіріп, хал-жағдай сұрастық. Бразилияда оқып келген баламыз футболды қойып, бизнеске кеткен екен. Өзімен бірге Пеленің елінде бол­ғандардың біразы күйбең тірші­ліктің қамын күйттеп, жасыл алаңды ұмытқан көрінеді. Ұмыт­пасам, Бразилияда 2009 жылдан бастап Қазақстан футболшыла­рының үш толқыны оқыды. Олар­ға қазынадан 84 миллион теңге бөлінгені де жарыса жазыл­ған. Бірақ қаржы да, ойыншылар да өз-өзін ақтаған жоқ. Кейін министр Арыстанбек Мұхамеди­ұлы­ның өзі Бразилияға оқыту идеясының жеміс берме­генін мо­­йындады. Министрдің ай­туын­­­ша, әрбір баланы оқытуға 78 мың доллар кеткен екен. Енді ары қарай ойлай беріңіз… Осы қаржыға футбол алаңқайларын салса, жыртылған доптарды жамаса, спорт мектептерін кө­бейт­кенде қалай болар еді? Бәл­кім, аздаған алға басушылық байқалар ма еді?!
«Біздегі жігіттерден бір ойын­шы ғана «Мақтааралда» ойнап жүр» деді ол. Ақшаны қойшы, оның жүзінен халықтың еңбегіне оқып келдім, енді еліме боры­шымды қайтарам деген нышанды да көрмедім…
Ал кеше Ракитич не істеді? Матч алдында дене температу­расы 39 градусқа дейін көтеріліп кеткен ол ауырғанына қарамас­тан, 120 минут бойы алаңда жү­гірді. «Керек болса, аяғым сы­нып қалса да ойнаймын» дейді. Осы­ған қарап, біздің футболға бейім ел еместігімізді, қанша қар­жы бөлсек те, қанда жоқ нәр­сені тез арада үйренбейтінімізді ұқтым.
Шахмат жейделі ойыншылар тарихты жаңартуға бір қадам жақын. Ал оның құрамындағы ойыншылар жартылай финалдан соң құдды чемпион атанғандай қуанды. Кеше оларға бәрі жа­расатын еді…
Ақырыс Сейітқазы

Бөлісу:

Пікір жазу


*