ЖАСАНДЫ МЕН ТАСТАНДЫ

882
0
Бөлісу:

Аллаға шүкір! Жылына 1,5 пайызға көбейіп келеміз.
2017 жылдың қараша айында Денсаулық сақтау министрлігі «әр жылы жаңа үйленген отбасылардың жиырма мыңы бедеуліктен зардап шегеді» деген деректі растады.
Онсыз да санымыз аз еді. Әйтсе де, Қазақстанда жасанды жолмен ұрықтандыру арқылы соңғы 22 жылда 14 мың бала дүниеге келген көрінеді. Мына түрімізбен ел ертеңі не болмақ?
2010 жылғы статистикалық деректерге назар салсақ, елде бір перзентке зар болып жүрген 150 мыңға жуық ерлі-зайыптының 6,5 мыңға жуығы жатырдан тыс ұрық­тандыруды (ЭКО) қажет ететіндер екен. Соңғы сегіз жылда олардың қатары артпаса, кеміген жоқ.
«ЭКО арқылы бірден бала болады дегенге кепілдік бермейді. Эмбрионның бірден дамып, жетіліп кететініне де кепілдік жоқ. Алланың жазуы, табиғатың беруі солай шығар. Мысалы, жерге 3-4 дән сепсеңіз, одан бір-екеуі ғана өніп шығады немесе тіптен шықпай қалуы мүмкін ғой. Жердің құнарлылығы секілді барлығы да адам табиғатына байланысты. Әйелдің де, еркектің де ұрығының бәрі бірдей жарамды бола бермейді. Ешқандай нәтиже шықпайтын сәттер де болады. Енді біреулердің айы оңынан туып жатады, бірден үшем, төртемдер туады» дейді осы саладағы тұңғыш маман, биология ғылымдарының докторы, репродук­толог-эмбриолог Салтанат Байқошқарова.
АҚШ және Еуропа елдерінде ЭКО әдісімен ұрықтандыру дәрі-дәрмегін есептемегенде, 10 мың АҚШ долларына жасалады екен. Англиядағы құны – 12 мың фунт стерлинг.
Жұрттың жалғыз жұбанышы – ЭКО. Жасанды жолмен ұрықтандыру арқылы 22 жылда 14 мың бала дүниеге келіпті, оның 1532-і мемлекеттің қолдауымен туған. Мемлекет осы бағытқа соңғы 7 жылда 4 миллиард теңге жұмсапты.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы «Бедеулік – Қазақстанның мемлекеттік проблемасы» деген байламға келген. Жас отбасылардың 15 пайызы бедеулікке тап болса, демографиялық өсім болмайды. Табиғи өсім 6,5 пайызға кеміген екен. Бұл мемлекетті ойландыруы тиіс.
Ұрпақ өрбіту проблемасының туындауына не себеп? Экология ма? Тұрмыстық жағдай ма? Дамыған елдердің алдыңғы сапындағы Жапонияда бес жүзден аса медициналық мекеме жасанды ұрықтандырумен ай­налысатын көрінеді. Былтыр жарты миллион адам ЭКО-ға жүгінген. Ұрпақ көргендер 10 пайызға әзер жетеді. Сонда қалай?
Ресей медициналық ғылымдар акаде­миясының вице-президенті Александр Баранов: «Біз ЭКО-ға ақша құйып, үлкен қателік жасап отырмыз. Бұл балалардың көбі ертең ұрпақ сүйе алмайды» дегенді алға тартады. Ресейдегі әр жетінші отбасы перзент сүйе алмай отыр екен. Жасанды баламен қатар тастандылар проблемасы да қанат жайды. Елімізде тастанды балалардың қатары да арта түскен. Олардың паналайтын жері – жетімдер үйі. Қазақтың жетімдерін шетінен таңдап алып, шетке әкететін 40-тан астам агенттік бар екен. Әр баланы шетелге асырудан 30-35 мың доллар табыс табады. 6014 жетім шетелге сатылыпты, соның
5308-і АҚШ-та. Бельгияға – 163, Ирландияға – 126, Испанияға – 152, Германияға – 59, Францияға 45 бала жөнелтілген.
Демография – мемлекеттің діңгегі. Сол діңгекке балта шауып жатқан жоқпыз ба? Жауға сілтер балтаны өз болашағымызға бағыттағанымызға жол болсын?!.

 

Нұртөре ЖҮСІП

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*