Индустрияның игілігі

844
0
Бөлісу:

Павлодар облысына жұмыс сапарымен келген  Парламент Мәжілісінің депутаттары ірі өндіріс орны – «Қазақстан алюминийі» акционерлік қоғамының жұмыс барысымен танысты. Халық қалаулылары кәсіпорында индустрия 4.0 бағдарламасын енгізудің тиімділігін атап өтті.

Мәжіліс депутаттары Альберт Рау, Александр Суслов, Айгүл Нұркина,  жəне Анар Жайылғанова  «Қазақстан алюминийі» АҚ атқарылып жатқан істермен және алдағы уақытқа белгіленген міндет-мақсаттармен танысты. Әсіресе, цифрландыру тетіктерін тиімді пайдаланып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында атап өткен индустрия 4.0 бағытының жүзеге асу барысына тоқталды. Осы орайда халық қалаулылары ERG компаниясының нақты бағдарламасы оң бағалауға тұрарлық екенін атап өтті.

– Президент Нұрсұлтан Назарбаев машина жасау, азық-түлік дайындау, өндіріс және тағы басқа бірқатар салада өңдеуді дамытуды тапсырған болатын. Бұл ретте «Қазақстан алюминий» зауытында айқын бағдарламаның бары қуантады. Яғни, өндіріс басшылығы өнімділікті арттыру үшін цифрландырудың механизмдердін ұтымды пайдаланбақ. Біріншіден, бұл адам күшінің азайып, автоматтандырылған жүйенің толыққанды жұмыс істеуіне әсер етеді. Оған қоса, миллиондаған, миллиардтаған қаржыны үнемдеп, шығын көлемін айтарлықтай азайтады. Екіншіден, қауіпсіздік мәселесі басты назарға алынады. Адам ауысым соңында шаршауы, қандай да бір істі атқаруды ұмытуы ықтимал. Ал индустрия 4.0 бұған мүмкіндік бермейді. Нәтижесінде өндіріс орындарында жарақат алу мен жазатайым оқиға салдарынан мерт болу саны едәуір азаяды, – деді Альберт Суслов.

Мәжіліс депутаты Мейрам Пішембаев «Қазақстан алюминийі» АҚ әлеуеті жоғары екенін атап өтті. Сондықтан оның жанынан шағын және орта бизнесті дамытуды да мықтап қолға алған жөн.

– «Қазақстан алюминийі» зауыты «Қазақстан электролизі» зауытын глиноземмен қамтып қана қоймай, өнімді шетелге экспорттап отыр. Оның отандық экономиканың дамуына қосып отырған үлесі орасан зор. Жаңа өндірістік шешімдер мен технологиялардың енгізілуі кәсіпорынның әлеуетін тағы да еселей түсті. Осы орайда өндіріс орны әрі қарай дамуы үшін оның жанынан шағын және орта бизнес нысандарын ашқан жөн деген ойдамын. Сол арқылы тауарларды жеткізу, қажетті материалдармен қамту мәселесі едәуір жеңілдей түсер еді. Сонымен қатар, бұл тұтас экономиканың дамуына тың серпін берері анық, – деді М.Пішембаев.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА,

Павлодар.

Бөлісу:

Пікір жазу


*