Қытай – әлемдегі белсенді инвестор

1483
0
Бөлісу:

Былтыр Қазақстан мен Қытай ара­сында дипломатиялық қатынастардың орнағанына 25 жыл толды. Осы жылдар ішінде Қытай Қазақстан экономикасына 42,8 млрд доллар инвестиция салып, несие есебінде 50 млрд доллар қаржы құйған. Қос тараптың тауар айналымы артып, сауда саласындағы әріптестігінің нығайғаны туралы Қытай басшысы Си Цзинпинь EXPO – 2017 халықаралық көрмесіне келген сапарында: «Қазақ­станнан Қытайға экспортталатын тауар­лар көлемі жылдан жылға өсіп келеді. Қарапайым қытай отбасыларының үстелінде Қазақстанда жасалған ұн, өсімдік майы, ет өнімдері мен бал пайда бола бастады», – деген болатын. Қытай басшысының сөзін өткен жылы Қазақ­станның Аспан асты еліне бағытталған экспорты (5,8 млрд доллар) импорттан (4,7 млрд доллар) 1,1 млрд долларға артық болғанын көрсететін сандық деректер де дәлелдейді.

Жалпы, қос тарап 2017 жылды 10,5 млрд долларға бағаланған екіжақты тауар айналымымен қорытындылады. Өткен жылы Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 77,7 млрд доллар болса, оның ішін­де Қытайдың үлесі – 13,5%. Қытай – Қазақстан экономика­сына инвестиция құятын мемлекет­тердің ішінде алтыншы орында. Қытай капиталының негізгі бөлігін (60,6%) тікелей шетелдік инвес­тиция құрайды. Бүкіл әлемде тікелей шетелдік инвести­циялардың көлемі 16 пайызға қысқарған 2017 жылдың өзінде Қытайдан Қа­зақстанға келетін қаржы 36,8 млн дол­ларға артқан. Бұл – өңірлік қауіп­сіздіктен бастап, көлік-логистика, тауар тасымалы, экономикалық әріп­тестік пен мәдени байланыстарға дейін бірнеше салада бірлескен жобаларды жүзеге асырып отырған көршілес мем­лекеттердің қарым-қатынасы көз ілеспес қарқынмен дамып келе жатқанын көрсетеді. Жыл өткен сайын Қазақстан­ның ішкі нарығындағы үлесі мен салмағы артып келе жатқан Қытай инвесторлары туралы пікірімен бөліс­кен Тұңғыш Президент қоры жанын­дағы Халықара­лық экономика және саясат инсти­тутының сарапшысы Сергей Домнин көрші мемлекеттің инвестициялық белсенділігіне жоғары баға береді.
– Қытай – әлемдегі ең белсенді ин­весторлардың бірі. 2017 жылы UNCTAD Қытайға тиесілі тікелей шетелдік инвестиция ағымын 124 млрд доллар көлемінде бағалады. Бұл – әлем бойынша ең үздік көрсеткіштердің бірі. Соңғы он жылда Қытай инвестициясы орташа есеппен 8 есе өскен. Қазақстан ашық экономика саясатын ұстанатын мемлекет ретінде шет елден инвестиция тарту ісіне басымдық береді. Бұл тұр­ғыда эконо­микадағы ірі сауда әріп­тестерінің бірі Қытай қаржысы да Қа­зақ­стан үшін қызығушылық тудыра­тыны белгілі. Қос тараптың қарым-қатынасына көз жү­гіртсек, Қытайдың еліміздің эконо­ми­касына белсенді қаржы құюшы мемлекет екенін бай­қаймыз. Мәселен, өткен жылы Қытайдың даму институттары, ком­мерциялық банктер мен компаниялары Қазақстанға 1 млрд долларға жуық инвестиция салған.
Кейінгі кездері экономикасын әртараптандыруды басым бағыт көретін Қазақстан үшін шетелдік инвестор­лардың назарын өңдеу өнеркәсібіне аудару үлкен маңызға ие. Бұл бағытта жылда өтетін қазақ-қытай іскерлік кеңесінде де ұсыныстар жасалып, жаңа келісімдерге қол жеткізіледі. Сарап­шының сөзінен дайын өнім шығару саласына капитал салатын қытай кәсіпкерлері табылғанымен, негізгі басымдық әлі де болса, мұнай-газ секторына тиесілі екенін байқадық.
– Қытай инвесторлары бірінші кезекте, мұнай-газ саласына, оның ішін­де көмірсутек тасымалына қызығу­шылық танытып отыр. Онан кейінгі орында қаржы секторы, агроөндірістік кешен, өңдеу өнеркәсібі тұр. Қытаймен байланыс қарқынды дамып келеді. Сондықтан тараптар арасындағы қарым-қатынастардың тереңдігі мен сапасына мән беру аса маңызды. Мәселен, өндірістік компаниялар ара­сында коопе­рациялық байланыс­тарды қалыптас­тыруға болады. Оған сәйкес, қазақ­стандық компаниялар қытайлық се­ріктестеріне шикізат немесе төмен дең­гейлі өнімдер тасымалын қамтама­сыз етушіден жоғары технологиялық та­уарлар – машина, құрылғылар, заманауи материалдар дайындайтын компания дәрежесіне дейін өссе деген тілек бар.
Қытайдың инвестициялық белсен­ділігі жыл санап артып келе жатқанын дәлелдейтін дерек көп екенін жоғарыда айттық. «Сенімге құрылған әріптестік­тің жаңа деңгейі» деп бағаланатын бұл процестің қандай «нәзік» тұстары бар екенін тағы да сарапшымыздан сұра­дық.
– Қазақстанда жұмыс істейтін қытай инвесторларына қатысты ше­шімін таппаған бірнеше мәселе бар. Біріншіден, қытай тарапы қаржыны өздерінің даму институттары мен банктерінен несие түрінде алады. Оның шарттары бойынша кәсіпкерге қаржы бермес бұрын, ірі өндірістік жобаны жүзеге асыруға қажетті құрылғыларды қытай компаниялары­­-нан сатып алу талабы қойылады. Екіншіден, Қазақ­стандағы ірі қытай кәсіпорындары – импортталған жұмыс күшінің жарқын мысалы бола алады. Мұндағы мәселе қытай кәсіпкерлерінің жергілікті еңбек нарығынан да табы­латын, болмаса Қазақстанда дайындап шығаруға болатын қызметкерлерді Қытайдан әкеліп жатқандығына байланысты туындап отыр. Үшіншіден, қытай ком­панияларына тауар не қызмет түрлерін жеткізуге ынта білдірген барлық қазақ­стандық кәсіпкерлер олармен келісім­шарт жасасудың қандай қиын екенін біледі. Олар аталған қызмет түр­лерін, өнім мен жұмыс күшін өз елі­нен әкелуге мүдделі. Бұл тұста кінәнің бір ұшы бәсекеге қабілеттілігі төмен отандық кәсіпкерліктің өзінде де шығар, бірақ Қытай елінен келген акционерлерге қатысты сауалдар тағы көп.
Инвестиция кез келген мемлекеттің экономикасын көтеруде жетекші рөл атқаратыны белгілі. Қазақстан – елдің тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін болашағынан үміт күттіретін салаларға сырттан келетін қаржыны ұтымды үйлестіруден өз тәжірибесі бар мемле­кеттердің бірі. Қытай – Қазақстан ара­сындағы достық байланыстардың ал­ғашқы 26 жылында елге ағылған қытай қаржысы қандай мәселені шешіп, нендей пайда әкелгенін Сергей Домнин түсіндірді.
– Қытай инвестициясы Қазақ­стандағы Құмкөл, Қаламқас, Жаңажол, Кеңқияқ, Қаражанбас сияқты бірқатар ірі мұнай өндірісі бойынша жобаларды жүзеге асыруға көмектесті. 2013 жылы Қы­тайдың CNPC ұлттық мұнай ком­паниясы Солтүстік-Каспий консор­циу­мының (Қашаған, Ақтоты, Қайран кен орындары) құрамына кірді. Қытайлық инвесторлардың қатысуы­мен ірі мұнай және газ құбырлары салынып, Қазақ­станның мұнай-газ транспорттық жүйесі жаңа деңгейге көтерілді. Одан бөлек, Қазақстан қар­жы нарығындағы аса маңызды жобаның бірі – Астана ха­лықаралық биржасы ак­ционерлерінің қатарында Шанхай қор биржасы да бар.

Қытай мен Қазақстан қарым-қа­тынасының стратегиялық маңызды­лығын түсіндіру артық екенін білеміз. Сондықтан Қазақстан мен Қытай бірлескен 51 индустриялық жобаны қолға алғанын, оның алтауының тұсауы осы жылдан қалмай кесілетінін еске салғымыз келеді. Көлемі арта түскен инвестиция туралы көңілге қонымды статистика – Қазақстанның Қытай үшін қолжетім жердегі пайдалы әрі маңызды нарықтардың бірі екендігінің тағы бір дәлелі. Бұл сандық деректер Қазақстан экономикасының өскенін, халықтың өмір сүру сапасының артқанын, болмаса отандық кәсіптің тасы өрге домалағанын білдіретін жаңа мағынаға мемлекет жоғарыда шеті қозғалған біраз мәселені шешуді қолға алған кезде ғана ие болады. Ал қазірше олар біздің Қытай мүддесіне кіретін ел екенімізді ғана білдіріп тұр…

Динара Тілеубек

Бөлісу:

Пікір жазу


*