БОЛАШАҚ БІЛІМДЕ МЕ, ТІЛІҢДЕ МЕ?

1086
0
Бөлісу:

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елімізге «қазіргі заманғы экономикалық және қоғамдық модернизацияның сұраныстарына сай келетін білім беру жүйесі қажет» екенін атап көрсеткен болатын. Ел жаңарды. 8 миллионнан астам адам, бұл халықтың шамамен 50 пайызы тәуелсіз Қазақстанда дүниеге келді. Білім беру саласында қол жеткізген нәтижелерге көңіліміз тола ма?
Елбасы елдегі білім беру жүйесіне ұдайы назар аударып келеді. Мектептердегі ұстаздардың күнделікті бейнетті еңбегінің арқасында білім беру жүйесі аман тұр. Соның арқасында жыл сайын жүздеген оқушы халықаралық пән олим­пиадалары мен конкурстарда алтын медальдар жеңіп алып жатыр. Ең талантты 12 мыңнан астам студент Президенттің «Болашақ» бағдарламасы бойынша әлемнің үздік университеттерінде білім алды. Тәуелсіздік тұсында 140 мың азамат шетелдік ЖОО-да жоғары білімін жетілдірді. TIMSS-2015 зерттеуінде біздің оқушыларымыз халықаралық орташа көрсеткіштен және АҚШ, Англия, Германия, Канада, Австралия, Израиль, Швеция, Дания, Нидерланды, Польша, Чехия, Литва, Малайзия, Түркия және басқа мемле­кеттердегі қатарластарының көрсеткіштерінен жоғары нәтиже көрсетті. Мемлекеттің тұрақты экономикалық дамуы «Балапан» мектепке дейінгі дамыту бағдарламасын және «100 мектеп, 100 аурухана», Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған ұзақмерзімді мемлекеттік бағдарламасын қабылдауға мүмкіндік берді. Содан кейін 2011-2020 жылдарға арналған БДМБ Білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған қолданыстағы жаңа мемлекеттік бағдарламасымен біріктірілді.
Қазақстанның таяу 10 жылдағы стратегиялық міндеті – елімізді мейлінше бәсекелестікке бейім 50 елдің қатарына қосу. Бәсекелестікке бейім 50 елдің қатарына енуді жаһандық бәсекелестікке бейімділік индексінің негізінде бүкіл эконо­микалық форумның (ИТК) рейтингі бойынша анықтайды екен. Индекстің 10 көрсеткішінің екі көрсеткіші елдегі білім берудің дамуы мен сапасына қатысты. Еліміз күрделі экономикалық жағдайда ұлттық білім беру жүйесін құру мә­селесін жүйелеп алды. Білім берудің даму индексі (БДИ), адами даму индексі (АДИ), адами капитал индексі (АКИ), АКТ даму индексі (АКТДИ), жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі (ЖБИ) және IMD алты жетекші халық­аралық рейтингтердегі ілгерілеушілігі бар екенін көрсетіп отыр. Қазақстан 10 жыл қатарынан ЮНЕСКО-ның БДИ бойынша әлемдегі үздік 8 елдің қатарына енді.
Бұл – дәтке қуат. Алайда ұстаздардың жалақысы төмен. ЭЫДҰ елдерінде мұғалімдердің еңбекақысы Қазақстан­мен салыстырғанда, шамамен 10-12 есе артық. TIMSS және PISA халықаралық зерттеулердің көшбасшы мемлекеттері – Финляндия, Оңтүстік Корея, Жапония және Сингапурда – мұғалімнің беделі өте жоғары. Ең алдымен, бұл жоғары еңбекақыдан байқалады. Мәселен, фин мұғалімдері білім беру саласындағы қазақстандық қызметкерлерден 9-14 есе артық еңбекақы алады.
Барша адамзат баласы білімге ұмтылады. Кез келген елдің білім беру деңгейі – экономикалық және ғылыми-техникалық прогрестің ең негізгі көрсеткіші. Бұл мемлекет пен қоғамның қарыш­ты дамуының негізгі кепілі саналады. Білім беруде олқылық кетсе, салдары ұзаққа созылады. Созылмалы ауру секілді зардабын бүкіл ұлт тартады. Мемлекеттің бәсекелестік қабілеті мен ұлттың болашағына салқыны тиеді. Сондықтан білім берудің дамуы – қазақ үшін ұлттық мәні мен маңызы бар міндет.
Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы: «Әлемнің ең мықты 30 елінің бастауыш кластарында қанша тіл оқылатынын зерттеп қарасақ, екі тіл 1-класта –
4 елде, 2-класта – 5 елде, 4-класта 12 елде ғана оқыты­лады. Ал әлемнің бірде-бір елінде үш тіл мүлдем оқытылмайды екен. Бастауыш кластарда барлық пәндер тек ана тілінде оқытылу керек екенін министрлікке үнемі айтып келеміз. «Өзің білме, білгеннің тілін алма» деген қағидатты министрлік берік ұстанған сияқты. Таусыл­майтын, аяғына дейін жетілмеген реформалардың жетегінде кетіп бара жатырмыз. Осының салдарын он, он бес жыл өткеннен кейін тартпасақ жарар еді», – деп үлкен мәселе көтерді.
Осыдан «болашақ білімде ме, тіліңде ме?» деп ойланып қаласың!..

 

Нұртөре ЖҮСІП

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*